Еліміздің оңтүстік астанасында ҚР Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің батылдығы мен жанқиярлығы баяндалған «Вurkit арнайы мақсаттағы жасақ» көркем фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілді. Оған дрим-каст тізіміндегі үздік қазақстандық актерлер жұмылдырылды. Ал монтаждау жұмыстарын Голливудтан келген монтаж режиссері жүргізді.
Фильмнің сценарийі нақты оқиғаларға негізделген. Онда арнайы күштерде қызмет ететін үш жауынгердің достығы көрсетіледі. Олардың күнделікті міндеті - қауіпті қылмыстық топпен күресу. Осындай жауынгерлік қызмет барысында олардың достығы сынға түседі.
Фильмді авторларының басты мақсаты - ар-намыс пен қадір-қасиеттің маңыздылығы мен құндылығы жайлы, достық пен патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, әскери ант пен қызметтік борышқа адалдық туралы айту.
Фильмнің түсіріліміне ҚР Ұлттық ұланының нақты арнайы жасағы, екі жүзден астам әскери қызметшісі, әскери және авиациялық техникасы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары бар картиналардың кейбір эпизодтары нақты оқиғаларға негізделген. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының көркем жерлерінде, Есік көлінің маңында және Іле өзенінде жүргізілді.
«Burkit» - Режиссер Данияр Ибрагимовтың дебюттік фильмі. Бұған дейін ол "Алтыншы пост" және "Қазбат" сияқты әскери жанрдағы түсірілген отандық картиналардың продюсері болған. Фильмнің қоюшы-операторы - Азамат Дулатов. Фильмнің продюсері және әскери кеңесшісі бұрынғы арнайы күштердің командирі, отставкадағы полковник Камал Жақсылықов болды.
Фильмнің тұсаукесері барысында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Жұмағали Құрманбектің, режиссер Данияр Ибрагимовтың және фильм актерлерінің қатысуымен фильм түсіріліміне қатысушылар мен басты кейіпкерлерді сомдаған актерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Бүгін біз Ұлттық ұланның бастамасымен түсірілген тағы бір әскери көркем фильмді прокатқа шығарып отырмыз. Мен осы фильмді түсіруге қатысқандардың барлығына алғысымды білдіремін. Осы кинокартинаның еліміздің кинотеатрларында көрсетілуі Отанын және елдің ішкі қауіпсіздігін қорғап жүрген әскери қызметшілердің қызметін насихаттап, халықтың әскерімізге деген мақтаныш сезімін арттырады деген сенімдімін. Халық қаҺарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов
Кинокартинаның кейіпкерлері арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті, достық пен патриотизмді, адалдықты дәріптеуді мақсат етеміз. Актерлік құрам түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік қимылдарды үйренді. Тіпті басты кейіпкерлерге бір мезетте 3 мың метр биіктіктен тікұшақтан парашютпен секіруге тура келді. Ал бұл кадрды түсіру үшін операторлардың өздері де парашютпен секірді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына белгілі қазақстандық актерлер Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлназ Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов қатысты.
Әскери тақырып мені әрқашан қызықтырады. Бұл фильм - физикалық тұрғыда менің тәжірибемдегі аса қиын әрі ауыр, бірақ ең қызықты жоба болды. Бізді алдын ала дайындады. Салаға қатысты мамандар бізге көмектесіп отырды. Түсірілім барысы қызықты өтті. «Күрең берет» үшін жылдап дайындалатын арнайы жасақ жігіттерінің қимыл-қозғалысын, қару-жарақ асынған қалыптағы іс-әрекеттерін бір айда меңгеріп, образдарына ену оңай болған жоқ. Оның үстіне жауынгерлер тапсыратын сынақтарды актер болсақ та шынайы орындап шығуға тырыстық. Басты рөлді сомдаған актердің бірі Дәурен Серғазин
Айта кетейік, «Burkit» көркем фильмі 2 қарашадан бастап қазақстандық кинотеатрлардың экранына көрсетіледі.