Өнімдерді талдаудағы "жасыл" технологиялар: ҚазҰУ-дың зерттеулері

5060
Фотосурет: freepik

ҚазҰУ ғалымдары азық-түлік сапасын жаңаша анықтауда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары азық-түлік өнімдерін талдау және тиімді «жасыл» әдістеме жасау үшін миниатюризацияланған қатты фазалы микроэкстракцияны (мини-ТФМЭ) қолдану бойынша зерттеулер жүргізуде.

Жоба жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты, PhD, қауымдастырылған профессор Мереке Әлімжанованың айтуынша, мұндай зерттеулер әсіресе қазіргі әлемде өзекті.

«Жаһандану дәуірінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне қызығушылық артып, ғалымдар Қазақстанда да, шетелде де азық-түлік сапасын реттеу жүйесін жетілдіру бойынша ғылыми жобалар жүргізуде. Жоба аяқталғаннан кейін ҚазҰУ ғалымдары қоғамға азық-түлік қауіпсіздігін бағалайтын заманауи жасыл әдістемелерді ұсынады»  Мереке Әлімжанова

Жобаның мақсаты – газ хроматографиясын масс-спектрометриялық детектрлеумен ұштастыра отырып, миниатюризацияланған қатты фазалы микроэкстракцияны қоса алғанда, «жасыл» әдістерді қолданып, күнделікті тамақ өнімдерін талдаудың заманауи экспресс әдістемелерін әзірлеу және стандарттау.

Жобаны іске асырушы ғалымдардың айтуынша, негізгі идея «жасыл» әдістерді, соның ішінде миниатюризацияланған қатты фазалы микроэкстракцияны қолдана отырып, тамақ өнімдеріндегі басым ластаушы заттарды анықтайтын заманауи әдістерін әзірлеу.

Бүгінгі таңда ғалымдар ауыз судағы эндокриндік деструкторларды сандық талдаудың әртүрлі әдістерін әзірлеуде, алкогольдік және алкогольсіз сусындардағы консерванттарға талдау әдістемесі жасалып, өнімнің сапасын бағалау мақсатында қара және жасыл шайдың құрамына зерттеулер жүргізілуде. Барлық әзірлемелерде өнімнің химиялық құрамының ерекшелігіне байланысты миниатюризацияланған қатты фазалы микроэкстракция және газды хромато-масс-спектрометрия қолданылады.

Жоба аясында Web of Science және Scopus дерекқорларында келтірілген жоғары рейтингті журналдарында (Food Analytical Methods - Q1, Food Chemistry: X - Q2) ғылыми мақалалар жарияланды. Сонымен қатар, жобаның практикалық міндеттерін орындау мақсатында ғылыми зерттеулер Вальядолид университетінің (Испания) профессоры Сильвия Боладомен халықаралық ынтымақтастық аясында жүрді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -