Болмысы қазақ өзге ұлт өкілдері

7205
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қазақстан-көпұлтты мемлекет. Елімізде қазіргі уақытта 130 дан астам ұлт өкілдері бар екені бәрімізге аян.

Сонымен қатар бүгінде жерімізде қалыптасқан халықтар достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, ұлғайып келеді. Елімізде шоғырланған өзге ұлт өкілдері қазақ жерін тек қоныс орны ғана көрмей, өз отанындай жақсы көруде. Бүгінгі мақаламызда да, ұлттары өзге болғанымен жүректері қазақ деп соғатын кейіпкерлерімізбен тілдесетін боламыз.

«Отансыз адам - ормансыз бұлбұл» демекші әрбір адамның өз отаны болады. Ал Қазақстанда шоғырланған өзге ұлт өкілдерінің бір ғана отаны бар  ол Қазақстан. Иә, әрине бұл ең алдымен жергілікті қазақ халқының бойында қалыптасқан санғасырлық тарихы бар қонақжайлықтың арқасында. Ата-бабамыздан келе жатқан бұл қасиетті істің арқасында  бүгінгі күні елімізде көптеген ұлт-өкілдері тату тәтті өмір сүруде.

Ынтымақтастық пен бірлікті кепіл ретінде алып жүретін ұлтымыздың әлем мемлекеттері арасында алатын орны да ерекше. Ал, басқа ұлт өкілдері қазақ халқының қонақжайлылығын әлі күнге дейін естерінде сақтауда. Себебі, көптеген жылдар бойы қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріне күштеп жер аударылған өзге ұлт өкілдері әлі күнге дейін, қазақ халқының қонақжайлылығы туралы әңгімелерін немерелері мен балаларына айтып отырады.  Әрине, барлығымыз білетіндей көптеген ұлт өкілдері бір жерде шоғырланған жағдайда, бір емес бірнеше мәдениеттер бірігеді. Алайда, қазақ халқы көптеген ұлттарды жинап ғана қоймай, өзінің мәдениетінің абыройын асқақтатып жатыр десекте артық айтқандық емес. Елімізде қазіргі уақытта ұлтаралық қақтығыстарға жол бермей, өзге ұлттарды кемсітпей, керісінше оларға өз мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, халықтар бірлігін арттыру үшін арнайы мереке 1-мамыр Қазақстан халықтар бірлігі күні болып бекітілген. Көптеген іс-әрекеттердің арқасында Қазақстан Республикасында барлық ұлт өкілдеріне жағдайлар жасалып, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алып, ел тыныштығын сақтау басты назардағы мәселеге айналды.

Барлығымыз білетіндей осы ел тыныштығын сақтауда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан сарбаздары алдарына жан салмауда. Ұландықтардың арқасында қазіргі таңда еліміз тыныш, жұртымыз аман. Жоғарыда атап өткендей, көпұлтты мемлекеттің қарулы күштерінің қатарындада өзге ұлт өкілдері болатыны бәрімізге аян. Қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарын тек қазақ халық азаматтары ғана емес, басқада ұлт өкілдері өздерінің отан алдындағы борыштарын өтеуде. Атап өтер болсам бүгінде қарулы күштер қатарында қазақтар, орыстар, украиндер, татарлар, ұйғырлар, өзбектер, немістер, түріктер, кәрістер және т.б ұлт өкілдері бар. Сонымен қатар қазіргі уақытта, Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүргендерге арнайы қазақ тілі сабақтары жүргізілуде. Сондықтанда әскерге келген борышын өтеушілер тек әскери борышын өтеп ғана қоймай қазақ тілінде меңгере алады. Қазіргі уақытта осындай өзге ұлт өкілдері Орал қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде ел алдындағы міндетін атқаруда. Солардың бірі Маңғыстау облысының тумасы, 5517 әскери бөлім сарбазы Василсов Анатолий Василевич:

Бүгінгі мақаламыздында басты кейіпкерлерінің бірі осы жас сарбаз. Василсов Анатолий ұлты орыс болғанымен болмысыда, тілі де, тәрбиесіде қазақ десекте болады.

Василсов Анатолий Василевич 2001 жылы Маңғыстау облысында қарапайым отбасылардың бірінде дүниеге келген. Ең қызығы кейіпкеріміздің әкесі Ресей елінің азаматы, ал анасы Өзбексатан елінде дүниеге келген қазақ азаматшасы екен. Бала Анатолий жастайынан зерек, білімге құштар болып тәрбие алған. Мектеп қабырғасында оқыған шағында, көптеген ұлт өкілдерінің мәдениеттеріне қызыққан. Әрине, қазақ мектебінің оқушысы болғандықтан уақытының көп бөлігін қазақ тіліне бөлген екен.  Осы себептенде кейіпкеріміз бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлей алады.

Анатолий, сенің тілің де, тәрбиең де, қазаққа тән. Жалпы бойыңда қалыптасқан бұл болмыстың сыры неде?

Менің бойымда қалыптасқан бұл болмыстың жалпы сыры да, қызығы да көп десемде болады. Жалпы алғанда менің әкем орыс болғанымен анам қазақ. Әкем 2006 жылы өмірден озғаннан соң, өмірімнің көп уақытын анаммен өткізгендіктен мен анама еліктеп қазақ тіліне үлкен қызығушылық таныттым. Қызығушылығымды көре білген анашым мені 2008 жылы Жаңаөзен қаласында орналасқан қазақ орта мектебіне берді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде қазақ тілін меңгеру мақсатында көптеген қазақ тілді ақын, жазушылардың кітаптарын атап айтар болсам, Мұхтар Шахановтың «Таңакөз» атты поэмасын, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Мұқтар Әуезовтың «Абай жолы» романын оқыдым. Осылайша мектепте сыныптастарымның және анамның арқасында қазақ тілін толық меңгеріп алдым. Менің ұлтым өзге болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады. Біз барлығымыз білеміз адамды бірінші өзі,  екінші қоршаған ортасы қалыптастыратынын.

Өте қызық, біз барлығымыз білетіндей өзің секілді өзге ұлт өкілдерінің сөйлеген сөздерін көбінесе тек орыс тілінде естиміз. Қазақ тіліне көбі шынымен шорқақ келеді. Бұл мәселеге деген сіздің көзқарасыңыз қандай?

Бұл мәселеге келер болсақ, еліміздің азаматтары үшін қазақ тілін үйренуге мүмкіндік көп. Мен өзге ұлт өкілі болсамда, қазақ тілі мен үшін ерекше маңызға ие.  Мен үшін қазақ тілі тек мен тұрып жатқан елдің тілі емес, мені өзінің ерекшелігімен баурап алған тіл десемде артық айтқаным емес. Жалпы алғанда біздің өңірімізде көптеген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жетік меңгерген. Себебі, біздің өңірдің қазақ тіліне деген сыйластығы өте  жоғары. Ал сіз айтып отырған мәселеге келер болсақ, бәлкім еліміздің басқа өңірлеріндегі өзге ұлт өкілдері қазақ тілге шорқақ келер.  Алайда, біз өзге ұлт өкілдеріне барлық кінәні арта алмаймыз. Себебі, олардың отбасында қазақ мәдениеті мен қазақ тілі емес өз ұлттарының салт-дәстүрлері, наным-сенімдері сақталған. Қоршаған ортасы қазақ болғанымен, отбасындағы сақталатын қағидалар мүлдем басқаша.

Қазақ тіліне деген сый құрметіңіздің өте жоғары екеніне көзіміз жетті. Алайда, өзіңіздің ана тіліңіз орыс тілін дәл осы деңгейде меңгергенсіз бе?

Негізі мен жоғарыда атап өткендей, отбасымда, ортамда қазақ ортасы болғандықтан көбінесе қазақ тіліне жақын болдым. Бірақ өзімнің ана тілім орыс тілін шетке ысырып қоймағанмын. Қазіргі уақытта орыс тілін, қазақ тілі секілді жетік меңгермесемде біршама білемін. Көптеген уақытымды қазақ тілін үйренуге қойғандықтан мендегі орыс тілі жоғары деңгейде емес. Алайда мен орыс тілін өзімнің туған тілім деп білемін. Ең  бастысы менің осы екі тілге деген сый-құрметім бірдей дейді кейіпкеріміз.

Ұлттық ұлан әскер қатарында  Анатолий секілді сарбаздар өте көп. Бала кезінде қазақ тіліне қызықпаған кей сарбаздар әскер қатарына шақырылған сәттен бастап қазақ тіліне деген қызығушылықтары ашылады. Себебі әскерде пәрмендердің барлығы мемлекеттік тілде беріледі.

Мемлекеттік тілді өз ана тіліндей меңгерген сарбаздардың бірі Алматы облысының тумасы, түрік ұлтынан құралған отбасыдан шыққан Туртуров Ализар Муборисович. Ализар ағымдағы жылдың қараша айында әскерге өз еркімен келген.  Әскерге дейін қазақ тілін түсінетін алайда оны ары қарай дамытпағанын айтады. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскер қатарына келіп сарбаздарға арналған қазақ тілі сабақтарының арқасында тілге деген қызығушылығы ашылып, қазақ тілін меңгере бастаған.

Ализар, сенің қазақ тіліне деген қызығушылығын Отан алдындағы борышынды өтеуге келгенде ашылғаны рас па?

Иә, әрине рас! Мен 2023 жылдың қараша айында Ұлттық ұлан әскер қатарында шақыртылдым. Әскерге келген сәттен бастап менің қазақ тіліне деген қызығушылығым ашылды. Себебі, әскерде барлық сабақтар, берілетін пәрмендер тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен қатар мында түрлі ұлт өкілдері қызмет атқарады. Олардың ішінде мемлекеттік тілді меңгерген сарбаздар көп. Солар мен ауыз-екі сөйлесу арқылы қазақ тілін үйреніп жүрмін дейді, жас жауынгер.

Қазіргі кезде, елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін меңгеруде қандай кеңестер берер едіңіз?

Қазақстан бұл біздің барлығымыздың ортақ отанымыз. Қазақ ұлтының жерінде тұрып жатқандықтан біз бұл ұлттың тілін, дәстүрін сақтау керекпіз. Тілге деген құрмет әрдайым бірінші орында тұруы тиіс. Қазақстан Республикасында тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Тілді меңгеру қиын емес тек қызығушылық танытса жеткілікті дейді кейіпкеріміз.

Міне, бүгінде қазақ халқы «Тіл ең асыл құндылық» деп бекер айтпаған. Себебі қазақ тілі әлемдегі мағынасы көп, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Айта кетер жайт, қазақ тілінің құдіретінің арқасында Абай атамызға дейінгі жыраулар мен батырлар осы ана тіліміз арқылы соғыстың бетін қайтарған.  Ал бүгінде бұл тілді меңгеріп қолданатын халықтың саны артуда. Себебі, қазіргі таңда тек мемлекеттік оқу орындарында ғана емес, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарындада қазақ тілі сабақтары өткізілуде. Осылайша, әскерге келген әрбір борышын өтеуші азамат қазақ тілінде еркін меңгеру мүмкіндігіне ие. Бүгінде Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандағы қуантады. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынуы қуантатын жағдай.

Лейтенант Бақдәулет Манарбек

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -