14674
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қарауыл деп қорғау бойынша жауынгерлік міндеттерді орындау және жауынгерлік туды, әскери, мемлекеттік объектілерді, тәртіптік батальон мен гауптвахтадағыларды күзететін қаруланған бөлімшені айтады.

Жасақталған құрам қарауыл бастығына бағынады. Қарауыл бастығы қарауылға тапсырылған объектілерді күзетуге және қорғауға, қарауыл жеке құрамының жауынгерлік әзірлігіне, олардың қызметті дұрыс өткеруіне, бекеттердегі және қарауылдық үй-жайдағы техникалық күзет құралдарының, қорғаушылардың, байланыс және өрт сөндіру құралдарының, көліктердің сақталуына және оны дұрыс пайдалануға, тізімге сәйкес қарауылдық үй-жайда тұрған қаруға, оқ-дәрілер мен басқа да мүлікке жауап береді. Дәл осы ережеге сай еліміздің алқапты, астықты өлкесінде түзеу мекемесінің бақылушысынан қарауыл бастығына дейін қызмет атқарып келе жатқан аға сержант Рустам Хамитовтың қарауыл қызметін ұйымдастыруы жайлы баяндайтын боламыз.

Түзету мекемесінің қарауыл қызметі ауыртпашылығы мен жауапкершілігі жағынан басқа қызметтерден өзгеше. Әр қызмет уақыты кезінде сотталған азаматтардың сақшыларға ерсі қарауы, қыстың суығы мен жаздың ыстығында бекеттен кетпей, сарбаздарға бас болу көп адамның қолынан келе бермейді. Біз келгенде Жітіқара кентінде ауа райы -2 С болып тұрды. Қарауыл құрамын бастаған Рустам Тяуфикович 2 жеке атқыштар рота командирінен қызметке кірісу жайлы бұйрық алып, қалың қарды сықырлатып, таралымнан қарауылға жол тартты.

Қарауыл қызметін ұйымдастыру ережесіне сай құпия сөзді жеткізіп, жаңа ауысым мен қарауыл қалашығында жаңа құрам сап түзеді. Алғашқы ауысымға дайындалу үрдісін Рустам Тяуфикович жеке өзі өткізуге кірісіп кетті. Сақадай сай қаруланған қарауылшылар шапшаң қимылдап, қару оқтау орнына түзеле бастады, әрекеттері қатесіз, отыз оқты оқжатарды Калашников-74 автоматына бекітіп бекетті қабылдауға әзір екенін байқатты.

- Әрине сарбаздарды қарауылға таңдаған кезде психологиялық дайындықтары тексеріледі. Бұл жерде қателікке орын жоқ, құрамы жиырма адамнан жасақталған бөлініс барша аумақты (периметрді) қорғауға бөлінеді. Ондағы әр екі сағат сайынғы ауысым, берілген аумағына күні-түні мүлтіксіз бақылау жүргізу және үш ауысымда қайта бекетке тұру, әрине, психологиялық түрде өте ауыр. Сондықтан да белі бекем, мінез-құлқы шыдамды, оқиға орын алған жерде ережеге сай әрекет ете білетін адам ғана нағыз сақшы атана алады, - деп тәжірибесімен бөлісті аға сержант.

Қарауыл бастығынан кейін қатардағы Никита Фоменко, Константин Росс, Мадияр Тілеуов, Кирил Емелин, Дәулет Кеңесханов бір лек бойымен адымдап төртінші бекетке келіп тоқтады. Гарнизондық қарауылдық жарғыға сай ескі қарауыл бастығы орнында қалды, ал аға сержант Рустам Хамитов «5,6 бекеттің қарауылшылары бекеттің аймағын күзетке ал. Төртінші бекеттің қарауылшысы қатардағы Фоменко бекетті қабылда!» - деп командирге тән дауысымен кезекті пәрменін сарбаздарға жеткізді. Бекет аймағының тазалығын, түзеу мекемесінен сотталушылардың қашу әрекеттерінің болған-болмағанын, бөгде заттардың болмауын тексерген Никита Фоменко бірден қарауыл бастығына баяндап, қарауыл бастығымен 4 бекетке көтеріліп, жарғыға сай қорғаныс, байланыс, дабыл құралдарының жұмыс күйін тексеруге кірісті.

Қыс мезгілі кешкі сағат 18:20 шамалары, күннің жарығы көкжиектен төмен түсіп қараңғылық түсіп келеді, ал сарбаздың алдында тек көптеген ғимарат, айналасы оралған сым, тігінен жыртылған қара жер тым суық-ақ көрінеді. Осының барлығын он сегіз жастағы ұл өз қорғауына алып қырағылық танытады, мұның өзі - батырлық.

Бекеттерге сақшыларды қойып болған аға сержант Рустам Тяуфикович ескі қарауыл құрамымен қарауыл үйжайына да жетіп үлгерді, қалған құрам қарауыл бастығының бірінші көмекшісі сержант Азамат Иржанов бірінші (ИТҚ) екінші бекетті (БӨП) ауыстырып жатса,  жаңа қарауыл құрамымен бірлесіп  ішкі аумақтың тазалығы мен тізімге сай мүліктердің түгел екенін растап, қарауыл бастығының екінші көмекшісі сержант Сәлімгерей Атамбеков жанталаса  қабылдап жатыр, әр әскери қызметші өз міндетіне берік, ешқайсысы қателеспей нұсқаулыққа сәйкес әрекет етуде.

- Тіпті қарауыл үй-жайын қабылдауды да сарбаздар ең алдымен аға шақырылымнан үйренеді, бекетке түсер алдын да бірге сағаттап түсіп аумағын жаттайды. Әр сақшы бекетте қырағы болуы тиіс, бұл тек қашу әрекетін алдын-алу ғана емес, ғимараттарда жұмыс істеп жүрген сотталғандар санын бақылап, бөгде заттардың болмауын да қамтамасыз етуі тиіс. Бұл да адами фактор деп ескерсе болады. Ал біздің міндет ең алдымен қауіпсіздікті сақтау. Мұны біз сержант құрамы болғандықтан емес, қасиетті міндет деп білуіміз керек, - дейді Сәлімгерей Атамбеков.

Атап айтсақ, қарауыл үй-жайында жеке құрамның қызметті сапалы орындауы үшін барлық жағдайлар жасалған. Киім кептіретін бөлме, жаңа газет, журнал басылымдары, теледидар бәрінің қолданысына, оқуға қол жетімді жерде.

Жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі де басты назарда, әр ауысымнан кейін қарауыл бастығы жеке құрамды сапқа түзеп, әр түрлі жағдайдағы әрекеттер бойынша сұрақ қойып жедел әзірліктерін тексеріп отырады.Бұл да күнделікті қызметке түсуден дағдыда айналып кеткен.

2011 жылдан қарауыл бастығы міндетін атқарып келген Рустам Тяуфиковичтің айтуынша, қарауыл құрамының дайындығы кезінде жауынгерлік дайындық офицерлерімен қатар рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасарларының рөлі өте зор. Себебі дайындық кезінде қызметке түсер әрбір жауынгермен алдын-ала сұхбаттасуға мүмкіндік болады. Отбасының жағдайын сұрап, бөтен ойлардың болмауын бағамдайды. Жалпы хал-жағдайы зерттеледі. Себебі бекетте сарбаз жалғыз өз ойымен ғана тұрады. Осы орайда тәрбиелік шаралардың маңызы зор.

Әр екі сағат сайын ауысып келген қарауылшылардың барлығы да бірден «бекетте бауырым тұр, ауыстыру керек» дегендей атып тұрып сергек кейпіне келеді де бекетке адымдай жөнеледі. Бұл әрекеттер олардың жауынгерлік міндетін адал орындап жатқанын байқатады.

Қызметтік тексеріс арасында қарауыл құрамындағы қарауыл бастығының кинология қызметі бойынша көмекшісі ефрейтор Мейірхан Сансызбай «Джитсу» атты қызметтік итімен бекеттік ведомостьқа сай уақытылы шығып айналаны тексереді.

- Көп жерде адамға байқалмайтын дүниені дағдыланған қызметтік ит бірден сезеді. Бұл жерде тек сотталушылардың заттары емес бөгде даладан келген тыйым салынған заттардың да тығылып жатқан жерін табуға «Джитсу» икемді. Мұндай иттердің көмегімен қаншама заттар күн сайын тәркіленеді. Күтімін жасап, жақсылап бақсаң, шынымен де, төрт аяқты жануар қырағы досыңа айналады, - дейді Мейірхан Сансызбай.

Батырлар аманатын арқалаған қазақ елінің өр ұлдары бүгінде Ұлттық ұлан жауынгері атанып, өздерін биік тұғырдан көрсетіп келеді. Отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін күндіз-түні бекетте тұрып, көз ілмейтін оғландардың қатары әрдайым мықты да шыдамды, алғыр сарбаздармен толыса берсін.

Капитан Алияр Дүйсенбай, Қарағанды қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -