Қазақстан және АӨСШК: ынтымақтастық саласын кеңейту

6292
Фотосурет: Н.Байбулин / Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы Қайрат Сарыбаймен кездесті, передает DKNews.kz.

Мәулен Әшімбаев Бас хатшыға ілтипат білдіріп, бүгінде АӨСШК-нің рөлі артып келе жатқанын және өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ Палата Спикері Кеңестің Астанада өткен VI саммитінде айтылған бастамаларға назар аударып, оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруды көздейтін Жол картасын іске асыру тетіктеріне тоқталды.

«2022 жылы Астанада өткен Саммит кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның 2022-2024 жылдары Ұйымға төрағалығы кезеңіне арналған басымдықтарды айқындап берді. Олардың қатарында Еріктілер қозғалыстары көшбасшыларының слетін өткізу, Мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің әріптестік желісін құру, Экология мәселелері бойынша жоғары деңгейлі конференция ұйымдастыру, Орнықты өзара байланыс жөніндегі кеңес құру сияқты бастамалар бар. Сенат Кеңесті институционалды тұрғыдан дамытуға арналған міндеттерді іске асыруға заңнамалық қолдау көрсетуге дайын» Мәулен Әшімбаев 

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалығына қатысты мәселелерді талқылады. Одан бөлек, жылдан жылға Ұйымның географиясы мен қызмет аясының кеңейіп келе жатқаны айтылды. Нақты айтқанда, эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енгізілді.

Сонымен қатар кездесуде өркениеттер мен діндер арасындағы диалогты дамыту мәселесі кеңінен сөз болды. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін дамытудың 2033 жылға дейінгі Тұжырымдамасы жөнінде айтып, алдағы уақыттағы бірлескен жұмыстың бағыт-бағдарына назар аударды.

«Қазақстанның бастамасымен құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне өткен жылы 20 жыл толды. Былтырғы қазан айында Астанада Съезді дамытудың алдағы 10 жылға арналған тұжырымдамасын қабылдадық. Бұл ретте Съезд Хатшылығы дінаралық және өркениетаралық диалогты одан әрі нығайту үшін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Біз Ұйымның сенім шаралары каталогында өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогты дамытуға баса мән берілгенін білеміз. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге болады деп есептеймін» Мәулен Әшімбаев

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру аясында Палата атқарып отырған заңнамалық жұмыстар жөнінде айтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -