Қазақстанда банктер несие өтінімдерін сирек мақұлдай бастады

448
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: коллаж DKNews.kz/AI-generated

Қазақстанда несие алу қиындай түсті. Бірқатар несие түрлері бойынша өтінімдер саны артқанымен, банктердің оларды мақұлдау көрсеткіші барлық дерлік сегментте төмендеген.

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Көбенбаев 2026 жылдың III тоқсанындағы банктер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ипотекалық өтінімдердің тек 29%-ы мақұлданған

Үшінші тоқсанда ипотекалық несиеге берілген өтінімдер саны 19%-ға артып, 271 мыңға жетті. Қазақстандықтар сұраған несиенің орташа сомасы 6%-ға өсіп, 22,7 млн теңгені құрады.

Алайда мақұлданған өтінімдердің үлесі бірден 4 пайыздық тармаққа төмендеп, 29% болды.

Банктер ипотекаға сұраныстың төмендеуін ірі банктердің бірінде мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырудың уақытша тоқтатылуымен және нарықтағы қалыптасқан жағдаймен байланыстырады.

Ал өтінімдер санының артуына жинақтау бағдарламасының іске қосылуы және бірқатар орта банктің ипотекалық несиелеуді қайта бастауы ықпал еткен.

Автонесие алу одан да қиын

Үшінші тоқсанда қазақстандықтар автонесие алуға 1,6 млн өтінім берген. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 10%-ға көп. Сұралған несиенің орташа сомасы 7,2 млн теңгеге жетті.

Алайда банктер өтінімдердің тек 18%-ын мақұлдаған. Бұл – сауалнамада қамтылған барлық несие түрлері арасындағы ең төмен көрсеткіш.

Кейбір банктер несиелеу көлемін шектеп, серіктестерінің бір бөлігі арқылы өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқан. Ірі банктердің бірі клиенттердің төлем қабілеті мен нарықтағы бәсекенің күшеюі де сұранысқа әсер еткенін атап өткен.

Қазақстандықтар кепілсіз несиеге 16,4 млн өтінім берген

Кепілсіз тұтынушылық несие өтінімдер саны бойынша көш бастап тұр. Үш айда олардың саны 3%-ға артып, 16,4 млн-ға жеткен.

Сұралған несиенің орташа сомасы 1 млн 55 мың теңгені құрады. Ал мақұлданған өтінімдердің үлесі 33%-дан 31%-ға дейін төмендеді.

Кепілмен берілетін тұтынушылық несиелерде жағдай өзгеше. Өтінімдер саны 11%-ға азайып, 76 мыңды құраса, олардың орташа сомасы 18%-ға өсіп, 14,4 млн теңгеге жетті.

Банктер мұндай өтінімдердің 27%-ын ғана мақұлдаған. Алдыңғы тоқсанда бұл көрсеткіш 31% болған.

Ірі бизнес сұраған несие сомасы екі есеге жуық өсті

Халыққа берілетін несиелер бойынша мақұлдау көрсеткіші төмендеген тұста ірі бизнестің қаржыландыруға деген сұранысы айтарлықтай артқан.

Ірі кәсіпорындардың несие өтінімдерінің орташа сомасы 82%-ға өсіп, 20,9 млрд теңгеге жетті. Бұған негізінен стратегиялық және инфрақұрылымдық жобалар, соның ішінде энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жобалары ықпал еткен.

Орта бизнес сұраған несиенің орташа сомасы 23%-ға артып, 1,1 млрд теңгені құрады. Бұл сегменттегі сұранысты «Өрлеу», «Өндіріс», «Іскер аймақ» мемлекеттік бағдарламалары қолдап отыр.

Ал шағын бизнес тарапынан берілген өтінімдер саны 5%-ға азайған. Кейбір банктер мұны салық заңнамасындағы өзгерістермен және тұтынушылық сұраныстың төмендеуімен байланыстырады.

Ірі бизнестің несие өтінімдерінің 64%-ы мақұлданса, орта бизнесте бұл көрсеткіш 37%, шағын бизнесте 32% болды.

Жыл соңына дейін ипотекаға сұраныс артады

Банктер 2026 жылдың IV тоқсанында ипотекалық несиеге сұраныстың айтарлықтай артуын болжап отыр. Кепілсіз тұтынушылық несиеге деген қызығушылық та біршама өсуі мүмкін.

Алайда қаржы ұйымдары ипотекалық және тұтынушылық несие беру талаптарында елеулі өзгеріс болады деп күтпейді. Тек автонесие беру талаптары біршама жеңілдеуі ықтимал.

Демек, жыл соңына қарай баспана алу үшін банкке жүгінетіндер көбеюі мүмкін, бірақ ипотека рәсімдеу талаптарының айтарлықтай жеңілдеуі күтілмейді.

Қазақстан Ұлттық банкінің тоқсан сайынғы сауалнамасына 21 екінші деңгейлі банк қатысты.

Бұған дейін біз банктердің несие берер алдында қазақстандықтарды қалай тексеретіні және қарыз алушылардың табысын бағалау талаптары қалай өзгергені туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -