Сексеннің сеңгіріне шыққан Любик Чикинов бес жүзге жуық суреттің авторы атанды. Қолындағы қаруын, қылқаламға алмастырған жасамыс алғашқы туындысын сүйген жарына арнаған. Өнерпаздың бұл суретінде айдын көлде жүзген қос аққу бейнеленген. Зейнеткер аққуды салу арқылы махаббаттың мәңгілік екендігін көрермен қауымға баяндағысы келеді. Бұл мақалада Ұлттық ұланның ардагері отставкадағы подполковниктың шығармашылық қырын тарқатамыз.
Көнекөзге сұхбат алуға баратын күнімді алдын ала ескерткен мен уәделі күні межелі уақытта діттеген мекенжайға аяңдап келемін. Қосарлана бой түзеген бесқабатты тұрғын үйге таяған шақта терезеден елең еткен бейнені көзім шалды. Ол бейне алғашында маған балалар үйінің терезесінен телмірген жәудіркөзді жетімдей қараған болды. Шығыстың сарышұнақ аязы әйнекке ізін тастап кеткен соң, ар жағындағы қаймананы анық шырамыта алмадым да подъезге еніп кеттім.
Любик мырзаның баспанасына кірген сәтте-ақ бойыңды тылсым күш билейді. Құдды екі бөлмелі пәтерге емес, музей ішіне кіргендейсің. Қабырғасы Кеңестік заманда қаланып, бой көтерген тар дәлізді пәтердің іші толы сурет. Дәлізді былай қойып, төр бөлме, жатын бөлме, ас бөлме, тіпті дәретхана, жуыну бөлмесінің іші самсаған картина. Мүмкін, бұл сіз үшін тұрпайылау көрінер, алайда бұл көрініс жасамыстың үйінде жарасымдылық тапқандай. Әрбір туындыны тақырыптарына орай бөлек іліп қойыпты. Айналама қарап, аңтарылып тұрған сәтімді төргі бөлмеге жүр деп емеурін танытқан ақсақал бөліп жіберді. Шүңірейген көзінен мейірім есетін қария әңгіменің әлқиссасын туған ауылынан бастады.
- Мен Ресей Федерациясындағы Қазан қаласының аумағына қарайтын Нижнее Бишево ауылында 1939 жылы 10 ақпанда өмірге келдім. Көпұлттың басын қосқан біздің ауыл мамыражай тату-тәтті күн кешетін. Ауызбірлігі жарасқан өңірде әр ұлттың мерекесі тойланатын. Балаң шағымызда бір күні боялған жұмыртқадан дәм татсақ, келесі күні шелпек жейтінбіз. Мен алдағы шығармаларыма балалық шағымды арқау еткім келеді. Дегенмен, әлі де он жылдан астам уақыт өтсе де, қара жердің қойынына тапсырған асыл жарыма арналар туындыларым таусылар емес.
– Яғни, жұбайыңыздың жүректен алған орны айрықша болғаны ғой?
– Әрине, әйел адам ол сенің жұбайың ғана емес, өмірлік досың екен ғой. Отыз жылдағы әскери ғұмырымда қаруластарымның қатарынан біраз жора-жолдас таптым. Арқа да жарқа болып жүрген жаймашуақ күндер қазіргі таңда қол бұлғап артта қалды. Ал, асыл жарың өмір бойы жаның да болады екен. Әрине, бәрі бір жаратқанның қалауы бойынша ғой. Дегенмен түптің түбінде сенің сыралғы досың сүйген жарың болады. Менің жұбайыма деген сағыныш сурет қана салдырып қоймады. Сондай-ақ, өлең де жаздыртты, ән де шырқатты. Бойымдағы алапат сағыныш тасқыны соңында суретке келіп тоқталды. Жұбайыма арнаған алғашқы туындымда мен айдын көлдің бетіндегі қос аққудың сүгіретін салдым. Әмбе, байқасаң, бұл сурет пәтерімнің төрінде ілініп тұр.
– Төрден орын алған өмірлік құндылығы жоғары бұл туындыдан өзге тағы қандай тақырыпқа түрен салдыңыз?
– Табиғат тақырыбы деп ауыз толтырып айта аламын. Шіркін, жаратылыс әлемінің қойнауына бәрі де кіреді ғой. Он жылдан бері қолыма қылқалам алып, сан түрлі бояумен әртүрлі жанрда және формада сурет салып келсем де, мың түрлі бояуы бар табиғат, жан-жануар әлемін ақ бетке түсіруден еш жалыққан емеспін. Жалпы, мендегі сурет көңіл пернесіне байланысты. Ұйқым оянғанда жағымды жаңалық естісем, көңіл пернесін қуанышпен басамын. Яғни, ашық-жарқын түстерді, қанық бояуды қолданып, еркін кеңістікке қарай ұмтыламын. Жеке көрмеге айналған пәтерімде неліктен жануарлар суреті көп десеңіз, өйткені олардың бейнесі шынайы. Олар адамдар сияқты жасанды жымиыс жасап, секең қағып тұрудан ада. Маған да осы тазалық ұнайды. Өткенге көз салсақ, қазіргі дейін бес жүзден астам сурет салыппын. Солардың тең жартысы табиғат әлемі екен. Әрбір шығармадан кейін өмірге деген жаңашыл көзқарас пайда болады.
– Ақпан айында сексен бес жасқа толасыз. Егде жасыңызға қарамай, әлі де тыңсыз. Өнердегі арыныңызға қарағанда тау қопарар күшіңіз тасып тұрғандай. Бүгінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен тығыз қарым-қатынастасыз. Әскери қызметшілер арасындағы сабақтастықты жалғастырып, тағылымдық дәрістер жүргізсеңіз құба-құп болар еді?
– Мен саналы ғұмырымның отыз жылын әскери салаға арнадым. Қатардағы сарбаздан полк командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Сондықтан жеке құрамды тәрбиелеу жұмысының жүйелі жоспарларымен бөлісуге әрдайым әзірмін. Осы орайда, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына айтар алғысым шексіз. Кез келген мерекеден мені қалыс қалдырмай, елеп-ескереді. Шақырған іс-шарасына сәті түспей, бара алмай қалсам, үйіме келіп барынша құрмет танытады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Зейнеткермен қоштасып, сыртқа шыққан менің есіме әу бастағы оқиға қылаң берді. Бағанағы терезеге назар аударып едім, қырауланған әйнектің ар жағынан маған қарай қол бұлғап тұрған Любик мырзаны көзім шалды. Бұл жолы оның көздері жалғаннан шынайылық іздегендей көрінді. Бір туындысына бір апта уақытын сарп ететін көнекөздің бел жазбастан келесі шығармаға ден қоятындығы әркімді болсын таңқалдырады. Иә, әскерге сіңірген еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен мадақталған Ұлттық ұлан ардагерінің бойында сурет салуға деген алабөтен ұмтылыс бар. Тіпті, сұхбат беріп отырып-ақ, алда салар суреті санасына сақ етіп түседі ме, әйтеуір жалмажан қойын дәптеріне туындысының шалажансар қаңқасын түртпектеп, сызбақтап қояды. Шынымен, жауынгерлік рухпен астасқан жасампаздықтың шырағданы ардагер қылқаламынан ешқашан өшкен емес. Иә, өміршең туындыны өрге сүйрейтін өнегелі орта барда өнердің оты лайым сөнбейді.
Сержант Рүстем Мұхамет-Рақым,
Өскемен қаласы