Алматыда ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті отандықкөлік-логистикалық бизнес өкілдерінің қатысуымен жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдау мәселелері бойынша екінші рет кеңейтілген кеңесөткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
2024 жылға министрлік отандық жүк тасымалдаушылар үшін 200 мыңға жуық қытайлық рұқсат бланкілерін алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы жиын барысында Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әли мәлім етті. Оның айтуынша, 2023 жылы көптеген тасымалдаушыларға бланкілер жетпей қалған.
«Алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін біз сіздермен бірлесе отырып екі тарапқа да ыңғайлы болатын әдістемені әзірлеуге тырысамыз. Көзделген басты мақсат – барлық қатысушылардың тең құқықтары мен бланкілерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету» Алтай Әли
Ол өткен жылы іске қосылған пилоттық жоба аясында қазақстандық тасымалдаушылар ҚХР бағытында жүктерді тасымалдауға рұқсат беретін 113 мың құжатты ала алғанын еске салды. Сондай-ақ тасымалдаушыларға халықаралық бағыттарда тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы да сөз болды.
Кездесу барысында форс-мажорлық мән-жайларды алдын алу және компаниялар ішіндегі автокөлік құралдары арасында рұқсат бланкілерін беру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс түсті.
Айта кетерлігі, жыл басындағы алғашқы кездесуден кейін отандық тасымалдаушылар шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігі тұжырымдамасы ұсынылған Көлік министрі бұйрығының дайындалған жобасын мұқият зерделеп, өз ұсыныстарын берулері керек болатын. Осылайша, алғашқы кездесуде кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстархаттамаға енгізіліп, Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінде талданған болатын.