Ұлтым бөлек болса да, ұлымын азат ұлы елдің!

4389
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

1 Наурыз елімізде жалпы халықтық мереке – Алғыс айту күні. 2016 жылдан бері тойланып келе жатқан бұл мереке көп ұлтты еліміздің бірлігі мен достығының жарқын бейнесі. Бұл - өткен тарихи кезеңдерде ұланғайыр даламызға еріксіз қоныс аударған түрлі ұлтқа қамқорлық танытып, құшағын ашқан даладай дархан, кең пейілді қазақ халқына шексіз ризашылықтың үлгісі.

Бүгінде еліміздің ішкі тыныштығының кепілі – Ұлттық ұланның қатарында жауынгерлік қызмет атқарып жүрген қаншама өзге ұлт өкілдері бар. Бастысы олардың түрі мен тілі бөлек болғанмен, жаны мен рухы бір, еліміздің кең байтақ жерінде  татулық пен бірліктің туын көтеріп, туған Отанды қорғауда бір үйдің баласындай қызмет етіп келеді.

2 атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Ардафилов Рашат Рамильевич:

«Мен 2023 жылдың желтоқсан айында Ұлттық ұлан қатарына мерзімдік әскери қызметке шақырылдым. Ұлтым – азербайжан. Қазіргі таңда 6698 әскери бөлімінің 2 атқыштар ротасында жауынгерлік қызмет атқарып жүрмін. Мектепті орыс сыныбында аяқтадым, алайда бала кезден өскен ортам, достарым әртүрлі ұлты өкілдері болды, бірақ бәріміз қазақ тілінде сөйлейтінбіз, мен өз ана тілімде де, қазақ тілінде де еркін сөйлеймін. Бір ауданда, бір көшеде қаншама ұлт өкілдері тұрамыз: өзбек, түрік, ұйғыр, орыс. Мерекелерді бірге тойлаймыз. Әсіресе Наурыз бәріміз үшін ортақ мереке еді, өте қызықты болатын. Әр ұлт өзінің дәстүрімен ерекше тойлап жататын.

Біз демалыстарда Отанымыз Азербайжан еліне барып тұрамыз, алайда туған жеріміз Қазақстаннан көшіп кетпейтінімізді атам санамызға құйып қойған.

Атам отставкадағы полковник, ол менің де әскери жолды таңдауымды қалады, болашақта арманым - білікті офицер болу.

Алғыс айту - бұл мейірімнің белгісі, ризашылық білдіру, жақсылық жасау ол ұлт пен тілді таңдамайды деп білемін. Кез-келген адам баласының асыл парызы – алғыс айту. Күнделікті қызмет пен тірлікте, жаныңа жақын адамға жасаған жақсылығы үшін рахметімізді айтуды ұмытып жатамыз.

Бір ротаға жан-жақтан келіп, жиналсақ та бір үйдің баласындай татумыз. Қай жерде жүрсем де Отанымның тілін құрметтеймін.  Әскери қызметте түрің, тілің бөлек демей, қамқорлығын, қолдауын, көмегін аямайтын қарулас достарыма алғысым шексіз!»

1 атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Авакриев Равиль Ринатович:

«Мен 2005 жылы Алматы облысына қарасты Чунджа ауданында дүниеге келдім. Ұлтым - ұйғыр. Ата-анам қарапайым шаруашылық адамдары. 9 сыныпты аяқтаған соң орта арнайы білім алу мақсатында колледжге оқуға түстім. Мектепте ұйғыр тілінде білім алдым, ал колледжде қазақ группасында оқыдым. Біз үшін түрік, өзбек, қазақ, азербайжан сияқты түркі тілдес елдердің тілінде сөйлеу таңсық емес. Сөз иірімдері ұқсас болғандықтан оңай әрі тез үйрендік. 2023 жылдың жаз айында әскер қатарына келдім. Көзді ашып жұмғанша 8 айдан аса уақыт өтті. Үлгілі сарбаздардың қатарында жауынгерлік қызмет атқарып келемін. Бүгінгі таңда елің үшін қызмет етсең, барлық жағдай жасалған. Соның бірі – әскерден кейін тегін білім гранттарының сертификаттарын алу. Осы сертификаттың біріне ие болу үшін барымды салып қызмет атқарып келемін. Туған жерімнің тыныштығын күзету мен үшін абыройлы іс.  Қасиетті қызметтің арқасында жоғары білімнің кілтін қолымызға ұстататын Ұлттық ұланға үлкен ризашылығымды білдіремін!»

2 атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Каримов Имран Каримович:

«Менің атамның әңгімесінен естігенім бойынша олар 1945 жылдары соғыстан кейінгі кезеңде Кавказ елдерімен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы қаласындағы Есік қаласына жайғасқан екен. Олардың естен кетпес естеліктерінің бірі - сол бір қиын кезеңдерде қазақ халқының «өзге елден келген» деп өзектен теппей, бауырына басып, барымен бөліскендігі. Даладай дархан жомарт қазақ елінің шексіз мейірімі мен қайырымдылығы арқасында  бір қауым ел болып өркен жайдық дейді, сол кездегі бала, бүгін сексеннің сеңбіріндегі қариялар қазақ халқына әлі күнге алғыстарын жаудырып келеді.

Өзім 2000 жылы еліміз жаңа ғасырға аяқ басқан тұста дүниеге келгенмін. Ұлтым – түрік. Мамандығым тіс дәрігері. Әскер қатарына жақында ғана келдім. Мерзімдік қызметімді жақсы аяқтап, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыру ойымда бар. Ұлтым өзге болса да, ұлымын азат ұлы елдің деп, менің ата-бабаларымнан бастап бәрімізге жұмақ мекен болған тәуелсіз Қазақстанның қорғаны болу мен үшін үлкен бақыт. Ардақтыларыңа алғысыңды айтар осы күні бейбіт заман, жарқын болашақ сыйлаған батыр бабаларыма шексіз алғыс айтамын!»

1 атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Сырымбетов Алмас Мырзабекович:

«Мен 2005 жылы киелі Тараз қаласының Шу өңірінде дүниеге келгенмін. Ұлтым – татар. Мамандығым аспазшы. Анам да кондитерлікпен айналысады. Анамның қасында аспаздықтың қыр-сырын үйреніп жүріп, осы мамандықтың иесі боламын деп шештім. Әскер қатарына өткен жылдың желтоқсан айында келдім. Менің әскерге дейін де, қазақ достарым көп болды. Әкем ерте қайтыс болғандықтан, анамның қасында ер жігіт ретінде үйдің бар ауыр тірлігін қолыма алуға тырыстым. Менің әкемнің жоқтығын білдіртпей үйдің болсын, түздің болсын ауыр жұмысын атқаруға үнемі қол ұшын созатын достарым еді. Ал анам болса бізді тәтті тамақтарымен тойдыратын. Әскерге кетіп бара жатып, анамның жалғыз қалғанын уайымдап қалғаным рас, алайда  достарымның орнымды білдірмей, үйімнің тіршілігіне, анама қарайласатыны көңілге медеу. Әскерге келіп те, жарқын мінез, жанашыр достар таптым.  

Өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі болатын - достық деген ұлы сезімді қадірлей білген, жаныма жақын жандарға, адал достарыма айтар алғысым көп!»

Сұхбаттасқан аға лейтенант Малика Шынжігітова 6698 әскери бөлімі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -