Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз сарбаздарды әскери қару-жарақ түрлерімен таныстырып, арнайы білім беретін мамандар. 6654 әскери бөлімінің 3 оқу ротасы 2 оқу взводының командирі лейтенант Әділ Тілеукенов артиллериялық оқ-дәрілерді жөндеу, залалсыздандыру, оқтау секілді инженерлік жұмыстардың маманы.
Сондай-ақ ол сарбаздарға автомат түрлерін қолдану және жөндеу бойынша сабақ береді. Ал дәл осы әскери бөлімнің аталған оқу ротасына қарасты 4 взводтың аға маман-аға нұсқаушысы аға сержант Ержан Бабажан үш жылдан бері БТР-80 көздеушілерін дайындап келеді. Тағы бір аға сержант Асылан Момоев Ұлттық ұланның РХБҚ бөлімшелерінің командирлерін қалай дайындайтынын айтса, ефрейтор Самал Қалиева әскери аспазшылардың өмірінен сыр шертеді. Байқап отырғандарыңыздай, бұл жолғы мақаламыз Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінің әскери маман дайындау қызметі жайлы болмақ.

Оқ-дәрі инженері білім береді
Лейтенант Әділ Талғатұлы Өскемен қаласының тумасы. Бірақ ол әкесінің әскери қызметіне байланысты еліміздің әртүрлі өңірінде білім алып, ер жеткен. Оның әкесі – Талғат Тілеукенов Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Байланыс басқармасы бастығы лауазымын атқарған. Бүгінде подполковник Талғат Тілеукенов Қорғаныс министрлігінің Байланыс департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарады. Әке жолын қуған Әділ Тілеукенов 2018 жылы Астанадағы №67 мектепті бітіріп, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясына оқуға түседі. Сол жерде Ресей Федерациясына барып, әскери білімін жетілдіргісі келетін тәлімгерлер қатарына қосылады. Барлық емтиханнан сәтті өткен жас өрен көрші елдің Пенза қаласында орналасқан әскери институтқа артиллериялық оқ-дәрілер инженері мамандығы бойынша оқуға түседі. Ол мұнда арнайы станоктармен жұмыс істеуді үйренді. Артиллерияда қолданылатын оқ-дәрілерді ашып-шашып, қайта құрап індете зерттеді. Ірі калибрлі оқтардың ішкі реакцияларына сараптама жасап, физикалық құрылымын зерделеді. Бүлінген, істен шыққан оқ-дәрілерді жөндеу де оның сабақ барысындағы «міндеті» болды. Оқ-дәрінің ішіндегі жарылғыш күкірттерді нығыздау, бөлшектерді құрастыра отырып, оқты зарядтау секілді қызық та қиын оқудан өтті. Әрине, ол мұның бәрін келе сала оңай меңгеріп кеткен жоқ. Бастапқы 2-3 жыл жалпыға ортақ пәндер бойынша білім алды. Атап айтқанда, күрделі математика мен физика секілді пәндерді негізге ала отырып, жалпы инженерлік салаға, бағдарламалау жүйелеріне көңіл бөлінген болатын. Содан кейін ғана әскери тематика қозғала бастады. Бес жылға созылған оқу бағдарламасын кейіпкеріміз 2023 жылы аяқтап, Астана қаласына оралды. Оның маңдайына Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөліміне взвод командирі болып бару жазылған екен. Сол сәттен бері жас маман аталған әскери бөлімде қызмет атқаруда. Өкінішке қарай, оның Ресей асып оқып-тоқып келген білімі қазіргі сәтте кәдеге аспай тұр. Соған қарамастан ол оқу взводында қару-жарақты жөндеу шеберлерін дайындауға атсалысып жүр. Оған бұл тақырыпты толық меңгеруге нұсқаушысы көмектескен. Соның арқасында ол жауынгерлік дайындық бағытында сарбаздарға сабақ беру бақыты бұйырды. Әскери қызметке енді-енді ғана араласып келе жатқандықтан бұл бағыттағы негізгі пәндерден сарбаздарға сабақты тәжірибелі нұсқаушы береді. Оқыту мен үйретуден Әділ Тілеукенов те құралақан емес. Ол қазіргі уақытта Ұлттық ұланның әртүрлі әскери бөлімдерінде әскер қатарына жақында қосылған сарбаздарға Калашников автоматының қыр-сырын таныстырып жүр. Бағдарлама бойынша оларға 270 сағат берілген. Осынша сабақтан өткен сарбаздар атыс қаруы жөніндегі шебер болып шығуы тиіс. Мұның барысында олар жартылай және толық бұзып-жинау сабақтарын және қару ақауларын жөндеу дәрістерін өтеді. Тәжірибе жинайды. Олар өздері келген әскери бөлімдегі жауынгерлік курста көп дүниені оқып-біліп үлгере алмайды. Сондықтан мұнда келген сарбаздар автоматтан бөлек, тапаншалар, снайперлік винтовкалар, автоматты және ірі калибрлі гранатометтер, пулеметтер секілді өзге де қару-жарақпен етене танысады. Кейін сарбаздар осы атыс қаруларын жөндей алатын әскери маман болып шығады. Мәселен, Калашников автоматында патронның іске қосылмай қалуы немесе атылып кетуі секілді қателіктер болуы ықтимал. Міне, осындай жайттарды да сарбаздар егжей-тегжейлі зерделейді.
– Бізге жылына екі рет мерзімді әскери қызметке тартылған жауынгерлер білім алу үшін келеді. Бір жылда 80-ге жуық сарбаз қару-жарақ жөндеуді кәсіби тұрғыда үйреніп шығады. Біздің оқу взводына жүктелген тапсырмаларды нәтижелі орындауға барымызды салып жүрміз. Сол арқылы өсіп-өркендеп, мансап жолымызды жалғай берсек дейміз, – деді жас офицер.

Білікті БТР-80 көздеушісі
6654 әскери бөлімі оқу батальонының 3 оқу ротасының 4 взвод аға маман-аға нұсқаушсы аға сержант Ержан Бабажанов Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол мектепті аяқтай салысымен, 2004 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусына оқуға түскен. 2010 жылы 6654 әскери бөлімінде әскери бөлімше командирі болып қызметке кіріскен. Алғашқы әскери қызметі барысында жеке құрамға қатысты мәселелермен шұғылданған. Атап айтқанда, таңғы дене жаттығуларын жасатып, солардың саптық дайындығын үйретіп, жүріс-тұрыстарын жауапкершілігіне алған. Уақыт өте келе взвод сержанты лауазымына тағайындалады. Мұнда да ол взводтың жаттығуларына, тәртібіне, тазалықтарына жауап берді. Ал 2021 жылы оқу батальонының 3 оқу ротасының 4 взводына аға маман-аға нұсқаушы болып тағайындалған. Қазір ол мұнда БТР-80 көздеушілеріне сабақ береді. Жалпақ тілмен айтқанда, сарбаздарға БТР-80 әскери көлігінің ірі калибрлі танкіге арналған Владимиров оқшашарын қалай қолдану керегін үйретеді. Оның көмегімен әскери қызметшілер пулеметтің қалай бөлшектенетінін, онымен қалай нысананы көздеу керегін үйренеді. Сонымен қатар, танкіге бейімделген Калашников оқшашарының да қыр-сырын ұқтырып, тиімді қолданудың әдіс-тәсілін көрсетеді. Оның айтуынша, тәлімгерлері пулеметтердің құрылысын, оқшашардан көздеуді және оқ атуды жылдам меңгеріп алады. Ал, бірақ, білім іздеп келген әскери қызметшіге ең алдымен қауіпсіздік ережесі оқытылады. Содан кейін ғана салалық білім беріледі. Бұл туралы бізге осында білім алып жүрген тәлімгерлер айтып берді.
- Владимиров оқшашары ірі калибрлі болып келеді. Ал Калашников пулеметі кіші калибрлі қару түріне жатады. Біріншісімен үлкен бронды техникаларға қарсы шығуға болады. Екіншісі жаяу әскерді және қорғанысы осал көліктерді талқандауға арналған. Қос қаруды қалай қолдануды ғана үйреніп жатқан жоқпыз, сонымен қатар істен шыққан жағдайда жөндеуге де машықтанып жатқан жайымыз бар, - деді әскер қатарына үш ай бұрын қосылған 6505 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ілияс Мүліков.
Көп жағдайда көздеуші маманның рөліне бойы қысқа, бірақ күш-қуаты мол әскери қызметшілер сай келеді. Себебі ұзын бойлы, ірі денелі адам үшін бронетранспортердің ішінде қозғалу қиынға соғады. Ал күшіне мән берілетін себебі – ауыр пулеметтерді көтеріп, жүгіруге де күш керек. Әрине, ең басты керек дүние – білім. Онсыз қара күштен қайран жоқ. Өзі қолданатын құралдың бөлшектері мен ерекшеліктерін білмейтін адамның пайдасынан зияны көп. Сосын аты айтып тұрғандай көздеушінің көзі өткір болғаны абзал. Өйткені, алыс-жақындағы нысандарды жою үшін мергендік керек болады. Ал мергендіктің басты кепілі – көз.
- Бізге Қазақстанның барлық жеріндегі Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінен жылына екі рет білім алушылар келеді. Бір жылда шамамен 120-130 тәлімгерді қабылдаймыз. Олар өздерінің әскери бөлімдерінде ерікті түрде іріктеледі. Денсаулығы, әсіресе, көзінің көру қабілеті басты назарға алынады. Бұдан бөлек сарбаздың өз ынтасы де ескеріледі, - деді аға сержант Ержан Бейбітұлы.
Мұнда өз қалауымен келген мерзімді әскери қызметшілер аз емес.
– Біз мұнда БТР-80 әскери көлігінен оқ атуды үйреніп жатырмыз. Аталған көлікте орналасқан пулемет түрлерін, олардың пайда болу тарихы секілді ақпараттарды да біліп алдық. Көздеушінің міндеттемелері көп екен. Соны жаттау ғана қиынға соғады, ал іс жүзінде бәрі көңілімнен шықты. Бұл – жаныма жақын мамандық түрі екен. Соған көзім жетті. Бір сөзбен айтқанда маған көздеуші болған ұнайды. Біз оқуға енді ғана келіп жатқандықтан БТР-80 қаруынан әлі оқ атып көрген жоқпыз. Бұйырса, тағы бір ай көлемінде теориялық білімімізді жетілдіріп алған соң өз қабілетімізді сынап көреміз, – деді 5571 әскери бөлімінен келген қатардағы сарбаз Болат Дияс.
Сарбаздардың пікіріне сүйенсек, мұндағы білім беру деңгейі жаман емес. Дегенмен біздерді аға сержант Ержан Бабажановтың білім беруге қалай бет бұрғаны қызықтырды.
– Мен бұған дейін 4 взвод сержанты болып жүрген кезде сарбаздармен үнемі бірге жүрдім. Оларды атыс алаңдарына апаратын едім. Сол кезде пулеметті оқыту және бөлшектеу жұмыстарына да атсалысып тұратынмын. Нұсқаушыларға көмектесе жүріп, өзімнің де қызығушылығым қалай оянғанын түсінбей қалсам керек. Нәтижесінде бір адамдай білім мен біліктілік жинап алдым. Кейін қазіргі лауазымым ашылғанын естіп, ауысуға өтініш білдірдім. Біздер екі айлық оқудың соңғы кезеңдерінде сарбаздарды атыс алаңына апарып, ату жаттығуларын жасатамыз. Бұл кезде өзіміз де БТР-ден оқ атып, үлгі көрсетеміз. Мұндағы мақсат – сарбаздарға әдіс-тәсілді көрсету. Мысалы, ауа райы жел болып тұрған сәтте немесе қараңғы уақытта қалай ату керек деген секілді сұрақтарға жауап береміз. Қысқасы, кез келген жағдайда көздеуді үйретеміз, – деді көздеушілерді көптеп әзірлеуге құлықты аға сержант.

РХБҚ-ға көңіл бөліне бастады
Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бойынша білім беру барысын баяндай отырып, 6654 әскери бөлімі оқу батальонының 2 оқу ротасының аға нұсқаушысы-аға маман аға сержант Асылан Момоевты таныстыра кеткеніміз жөн. Өйткені, ол осы бағытта тапжылмай 15 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылында 1987 жылы 9 наурызда дүниеге келген. 2004 жылы мектеп бітіріп, 2005 жылы қазіргі Абай облысына шекара қызметіне мерзімді қызмет атқару үшін барған. Екі жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Ал 2009 жылы маусым айында Ұлттық ұланның 6654 әскери бөліміне қызметке алынған. Содан бері тынбастан еңбек етіп келеді. Кейіпкеріміз радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау құралдарын жөндеу шеберлерін дайындайды. Келісімшарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметшілерді, взвод сержанттарын әзірлеу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау взводының сержанттарын жауынгерлік дайындықтан өткізу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің командирлерін даярлау және қайта дайындау, арнайы өңдеу бөлімшелерінің командирлерін, арнайы құралдарды және тұтандырғыш – от шашқыштарды дайындау және тағы басқа да мамандарды әзірлеумен шұғылданады.
– Пандемиядан кейін РХБҚ бөлімшелеріне назар аударыла бастады. Мысалы, ертеректе бізде РХБҚ бөлімшелері болған болса, 2021 жылдан бастап Ұлттық ұлан сапында РХБҚ взводтары жасақтала бастады. Взводқа үш бөлімше кіреді: барлау, арнайы өңдеу және от-шашқыштарды дайындау. Осыдан кейін штат саны артты. Оң өзгерістер бастау алды, – деді Асылан Момоев.
Біз келгенде ол РХБҚ бойынша білім алушыларға АРС-14 әскери көлігін таныстырып жатты. Бұл көлік әскери техникалар мен қару-жарақтарды және жолдарды залалсыздандыруға арналған сұйықтық шашуға арналған. Қызметі жағынан өрт сөндірушілердің көлігіне келіңкірейді. Аталған мамандық бойынша қайта даярлықтан өтетін әскери қызметшілер мұндай техникалармен егжей-тегжейлі танысады. Ал білім алатын сарбаздар РХБҚ құралдарын жөндеу бойынша оқиды.
Мұнда да жылына Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің сарбаздары екі рет екі ай оқуға келеді. 2018 жылдан бері жылына кемінде 60 сарбаз оқытылады. Бұдан бөлек келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер де қайта даярлаудан өтеді. Солардың бірі 5511 әскери бөлімінен келген қатардағы Мұхтар Үсенов. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде жеке құрамды сақтап қалғаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін иеленген азамат. Бүгінде ол Қаракемерге Арнайы құрал өңдеу бөлімшесінің командирі ретінде біліктілігін арттыруға келген.
– РХБҚ-ға қатысты құрал жабдықтарды қандай жағдайда және қалай қолдану керектігі жөнінде сабақ өтіп жатырмыз. АРС-14 техникаларынан бастап, ИДК-1, ДК-4, ДП-5В, РКС-01 секілді тағы да басқа аппараттарды қолдануды меңгердік. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері РХБҚ бойынша білімді жеке құрамды сақтау мақсатында игереді. Өйткені түрлі жарылыстар болғанда және ауада улы заттар таралған кезде берілген тапсырмаларды орындау үшін РХБҚ-дан білімің болғаны жөн. Бұл білім жалпы кез келген адамға артық болмас еді. Міне, сондықтан да сауатымызды арттырып жатырмыз. Білім көкжиегіміз кеңейген соң біздерге кіші сержант шені беріледі. Содан кейін жеке құрамдағы сарбаздарға осы тақырыпты үйретеміз, – деді Мұхтар Айқынұлы.

Аспаз болғысы келетін сарбаз көп
2 оқу ротасының 3 взводының аға маман-аға нұсқаушысы ефрейтор Самал Қалиева 6654 әскери бөлімінде он жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол мұнда әскери аспаздарды оқытумен айналысады.
Семей қаласының Үржар ауданында дүниеге келген Самал Кәдірханқызы әке-шешесінің қызмет бабымен Алматы қаласына көшіп келген. Сол қалада мектеп бітіреді. Алматы технологиялық университетінің биотехнология факультетінде оқиды. 2012-2015 жылдары «Рахат» фабрикасында лаборант болып жұмыс істеген. Кейін Қаракемердегі әскери бөлімде бос жұмыс орны барын естіп, осы жаққа ауысады. Бұл өзгеріс оның кәсібін ғана өзгерткен жоқ, өмірін де түрлендіріп жіберді. Бір жылдан кейін қаракемерлік азаматтың қолынан ұстап, отбасы құруға шешім қабылдады. Оның жолдасы – Асқар Рақымов та әскери қызметші. Лейтенант. Оқу бөлімі бастығының көмекшісі болып қызмет атқарады. Сыйластығы жарасқан әскери қызметшілер 6 жасар қыз тәрбиелеп отыр.
- Егер сіз мені қаладан ауылдық жердегі жұмысқа ақшасына бола келді деп ойлайтын болсаңыз, қателесесіз. Өйткені, сол кезде лаборант ретінде алып жүрген айлығым мен осы жерде маған ұсынған жалақыда ешқандай айырмашылық болмап еді. Құдай маңдайыма әскери қызметші болуды жазған шығар. Бәлкім, әкемнің бір кездері жиі айтатын арманы ойыма оралған болар. Балаларының бірін әскери салада көргісі келді. Осы қызметке орналасу жайлы ойласып жүргенде де шешім қабылдауыма сол кісі ықпал етті. Не керек, тағдырдың жетегімен осы жерге жеттім. Он жылдай болып қалды Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен ел қорғау мүддесінде бір сапта тұрып, қызмет атқарып келе жатырмын, - деді ефрейтор.
Бұл кәсіптің де өзіне тән ерекшеліктері жетіп артылады. Тіпті азаматтық ортада әзірленетін күнделікті тағамдарға қарағанда әскерилер асын пісіруде айырмашылық бар. Сондықтан өңірлердегі Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің аспазшыларына салалық кәсіпті үйрету маңызды саналады.
– Мысалы, бізде әр тағам ингредиенттерінің туралуында да, қазанға салынуында да өзгешелік болады. Байқасаңыз, көпшілік үйдегі тамақ пісіру кезінде жуаны қуырып алады, не болмаса қызып жатқан майға етті сала салады. Әскерде мұндайға мүлде жол берілмейді. Ас әзірлеу процесінің өзіндік ережелері болады. Мұнда біздер бірінші етті бұқтырып аламыз, суы тартылғанын күтеміз, содан соң үстіне кішкене майын қосамыз, кейін ғана жуасын саламыз дегендей... Сол сияқты кей тамақ түріне сәбізді төртбұрышты етіп турасақ, пиязды да дәл солай турауымыз керек болады, - деді Самал Қалиева.
Бұл ретте аспаздық өнерді үйренуге келген тәлімгерлерге 48 азық-түліктен тұратын норма үйретіледі. Әскерде әр әскери қызметшіге мөлшерленген норма болады. Аспаздар мұны қатаң сақтайды. Білім алуға келген әр сарбаз алғашқы бір аптада сол норманы жаттайды. Өйткені, ол кейін өз әскери бөліміне аспазшы болып барған кезде кімге және қанша азық-түлік алуы керектігін білуі тиіс.
– Аспазшыларға арнайы дайындық пәні оқытылады. Бірақ сол бір пән 4 дисциплинаға бөлінеді. Яғни, сарбаздар Әскери қызметшілерді тамақтандыруды ұйымдастыру, Пісіру технологиясы, Гигеналық тазалық, Тактикалық-саптық тәртіп бойынша білім алады. 2 ай ішінде барлығы 33 тақырып қамтылады. Менің ойымша, осылардың ішінде маңыздысы – алғашқы тағам әзірлеу жайлы тақырып. Бұған мен мысал ретінде сүйекті сорпа тағамдарын келтірер едім. Өйткені, әскерде бірінші тағам сүйекпен дайындалады. Екінші тағамға ет қосылады. Яғни, екінші тағамға еті алынған сүйек бірінші тағамды әзірлеуге пайдаланылады. Қайнаған сүйектің сорпасына азық-түлік өнімдерін саламыз, – дейді ас-ауқаттың маңызын ұғынған маман.
Бір қызығы Самал Қалиева бойжеткен шағында ас үйден аулақ болыпты. Қазір ол бұл іске сүйіспеншілікпен кірісіп, ыждағаттылықпен қарайды. Сондықтан қазіргі мен бұрынғы жайтты салыстыруға келмейді. Бүгінде ол өзі үйренген әдіс-тәсілді әскердің ас-ауқатына жауапты болашақ сарбаздарға үйретіп жүр.
– Сарбаздар стационарлық және далалық жағдайда ас әзірлеуге бейімделеді. Мәселен, далалық асханада сарбаздар отты өздері жағады. 6654 әскери бөлімінде далалық асхананың бірнеше түрі бар. Олар Ошақты асхана-70, Ошақты асхана-75, Алып жүретін жылжымалы пеш, Автомобильді асхана секілді атауларға бөлінеді. Олардың тұтану процесі әр түрлі болғанымен атқаратын қызметтері бір. Кей пешке ағаш-көмір жағылса, басқаларына сұйық отын қолданылады. Пеш атауларының соңында жазылған цифрлар адам санын білдіреді. Еліміздегі көп әскери бөлімде Далалық асхана-125 пештерімен тамақ әзірленеді. Өйткені, ол жерлерде тамақ бүтін батальонға арнап жасалады, - деді аспазшы.
Оның айтуынша, барлық взводтың арасында ең көп сарбаз келетін мамандық – аспазшы кәсібі. Жыл сайын келушілер саны 400-500 төңірегінде болады. Әрине, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төмендеп қалғаны жасырын емес. Бұған бір дәлел, биылғы қысқы лекте взводқа 160 тәлімгер ғана келген. Соған қарамастан мұның өзі – жақсы жетістік. 160 шәкірттің арасында бір-бірінен аумайтын егіз жігіттер тәлім алып жүр. Ағайынды Тілеповтар аспаздық өнерді меңгеру үшін барын салуда. Ислам және Исмайл есімді егіз сарбаз Алматы облысы Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімнен келген.
– Азаматтық ортада жүрген кезімізде бауырымыз екеуміз Алматыдағы колледждердің бірінде аспаз мамандығы бойынша білім алдық. Бәрі де балалық қызығушылықтан басталған еді. Бұл – біздің өз таңдауымыз. Сондықтан сол бағытта білім іздеуді жөн көрдік. Әскери өмірге қосылғаннан кейін де ежелгі кәсібімізден алыстай қоймадық. Көріп тұрғаныңыздай, әскери аспаз шебері болуға да тырысып жатқан жайымыз бар, – деді Исмайл Тілепов.

P.S. Міне, құрметті оқырман, тау бөктеріндегі 6654 әскери бөлімінің оқу батальоны атқарып жатқан орасан істер осындай. Ал ауқымды жұмыстардың атқарылуына біз сөз еткен әскери қызметшілер атсалысуда. Бүгінгі мақаламызда олардың жұмыстарын да, жеке өмірін де қатар қамтыдық. Олардың әңгімесінен Ұлттық ұланның ілкімді істерін, әскери қызметшілердің ой-өрісін бағамдай аласыздар. Сондай-ақ сарбаздардың пікірі де ескерусіз қалмады. Сауатты, білімді сарбаз ғана елдің сенімді қалқаны бола алады десек, сапалы әскери мамандар дайындауға мұқият көңіл бөлген жөн.
Қатардағы
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ