Бүгінде ел тыныштығын қорғау жолында қолына қару алып, құқықтық тәртіп әскері сапына қосылып жатқан аруларымыз көбейіп келеді.
Солардың бірі – Ұлттық ұлан қатарында он төрт жылдай қызмет етіп жүрген Шынар Отарбаевамен мереке қарсаңында әңгімелескен едік.
– Шынар ханым, ең алдымен өзіңіздің балалық шағыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– Мен 1987 жылы 25 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Екі ағам бар. Ал мен – үйдің кенже қызымын. Әкем Қайырболды жиһаз жасайтын цехте жұмыс істейтін қарапайым жұмысшыдан сол өндіріс орнының директоры лауазымына дейін өсіп, сол жерден зейнетке шыққан адам. Ал анам Ералия Орал қаласындағы орта мектептердің бірінде ұстаздық етіп, қызмет атқарған. Ең қызығы, балалық шағымда менің тәрбиеме әкем көбірек көңіл бөлді. Себебі, анам мұғалім болғандықтан жұмысынан келген соң, үй шаруасына кірісіп кететін. Сондықтанда менің тәрбиемді әкем өз қолына алса керек. Күн сайын жұмысынан шаршап шалдығып келсе де, маған көңіл бөліп, мені еркелетіп, менімен жас балаша ойнайтын. Сонымен қатар, қыс мезгілінің әр демалыс күндері әкем екеуіміз қала сыртына шығып жүрдік. Жерге бөтелкелер қойып, қолыма аңшылыққа шығатын қару ұстататын. Сосын бөтелкелерге оқ атып, дәл тигізуді үйрететін. Әр атқан кезімде мылтықтың серпілісінен жерге құлап түсетінмін. Сол сәтте әкем маған аяққа қайта тұрып дайындалу керегін айтатын. «Қазіргі алған білімің саған болашақта керек болады» деп отыратын. Сонымен қатар, қысты күні әкем шаңғы, коньки тебуді үйрететін. Ал жаз мезгілінде біз қала сыртындағы ауылымызға барып балық аулап, ауылдағы атам мен әжеме көмектесіп келетінбіз. Жалпы мен өзім қаланың қызы болғандықтан ауылдың тыныс-тіршілігі туралы аса көп ақпарат біле бермейтінмін. Әкем мені апта сайын қала сыртында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге апарып үй жануарларымен таныстыратын. Осылайша, әкем мені ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып болашақта керек болып қалады-ау деп өз білгенінің бәрін үйретті. Жалпы айтқанда үйдің кенжесі және жалғыз қызы болсам да әкем мені ер мінезді етіп тәрбиелеген.
– Мектеп қабырғасында қандай оқушы болдыңыз?
– Мектепте оқыған шағымда әкемнің маған үйреткен әрбір сабағы пайдалы болды десем артық айтқаным емес. Жалпы мен өзім Орал қаласындағы №41 гимназияда білім алған болатынмын. Мен оқыған гимназияның бір ерекшелігі бізде қарапайым сыныптар да болатын. Алайда мен гимназия сыныбында білім алдым. Мектеп қабырғасына аяқ басқан сәттен бастап өнер атты керемет әлемге тартыла бастадым. Өзім сыныптастарымның арасында үлгілі және үздік оқушы болатынмын. Мектеп қабырғасында өткізілетін көптеген іс-шараларда жүргізуші, әнші қызметін атқаратынмын. Жалпы алғанда жан-жақты оқушы болатынмын. Мектепте жүрген шағымда ән айту мен қатар домбыра шертумен де айналысатынмын. Өзімнің өнерге деген құлшынысымның арқасында қалалық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық деңгейдегі конкурстарға барып жүлделі орындар алғанмын. Бір қызығы мен армандауды аса қатты ұнатпайтынмын. Себебі, мектепте оқып жүрген шағымда өзімді үлкен сахна жұлдызы ретінде көре алмайтынмын. Өнерді қатты жақсы көрсем де өзімді сахна әншісі ретінде мүлдем елестетіп көрмеппін. Дегенмен, 9 сыныпты бітірген соң, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде білім алдым.
– Өзіңіз өнерді қатты жақсы көрсеңіз де, әнші боламын деп тіпті ойламадым дегеніңіз қызық екен. Мектеп қабырғасын бітірген соң, Құрманғазы саз колледжіне де түсіпсіз. Сонда сіздің еңбек жолыңыз қай жерден басталды? Әскери салаға қалай келдіңіз?
– Жалпы алғанда өнер колледжінде оқып жүрген шағымды мен өзімнің өмірімнің ең бір қызықты кезі деп білемін. Себебі, өнер колледжіне түскен сәттен бастап мен өзімді жақсы жағынан көрсетіп, белсенді болғанмын. Тіпті бірінші курсқа келген сәттен бастап, өз тобымның басшысы болып сайланып, ұстаздарымның көзіне түстім. Өнер колледжінде өз бойымдағы өнерімді бар қырынан танытып, Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінде жартылай жалақыға жұмысқа орналастым. Сол сәтте мен өз өмірімнің шарықтау шағына жеткендей болатынмын. Себебі, көптеген конкурстарда жеңімпаз атанып, өнер саласында еңбек жолымды сәтті жалғап жатқан кез еді. Орал қаласындағы көптеген іс-шаралар тек менің қатысуыммен өтетін. Тіпті Батыс Қазақстан облысының әкімі қатысатын іс-шараларда сахнаға көтеріліп, әсем әуен шырқайтынмын. Көптеген телеарналарда сұхбаттар беріп, радиоларда менің дауысыммен айтылған әндер шырқалатын. Колледждегі оқуымды бітірген соң мен өнер жолынан алыстамай, жастар мәдениет үйінде вокалды интсрументалды топтың әншісі болып жұмысымды жалғастыра бердім. Жоғарғы оқу орнын оқуда өзімнің алға қойған мақсаттарым да болды. Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түспек болған едім. Үйдің кенжесі болғандықтан әкем мені үлкен қалаға жібергісі келмеді. Сондықтан жұмысымды жалғастыра бердім. Алайда жұмыс істеп жүріп, Махамбет Өтемісұлы атындағы өнер академиясында сырттай оқып, жоғарғы білім алдым. Колледжді аяқтап жұмысқа орналасқан кезімде өзімнің өмірлік жарымды кезіктірген болатынмын. Жолдасым әскери адам болғандықтан өміріме ықпал етті деуге болады. Бір мезетте жастар мәдениет үйіндегі жұмысымнан шығып, әскери салаға бет бұрдым. Әскери оркестр құрамына қосылдым. Әскери салаға осылай қосылдым деп айта аламын. Бастапқы кезде қарапайым қызметкер болып жұмыс істедім. Уақыт өте келе әскери қызметкер болып орналасып алдым. Міне, биыл әскери салаға келгеніме он төрт жылдың жүзі болады. Осы аралық ішінде көптеген қызметтерде жұмыс істедім. Қазір Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде клуб басшысы қызметін атқарамын.
– Өнер атты әлемнен әскери салаға келуіңіздің өзі бір батылдық десек, артық айтқанымыз емес. Әскери салға ауысу сіз үшін қиынға соққан жоқ па?
– Барлық жұмыстың өз қиыншылықтары болады. Әрине, өнер саласынан әскери салаға ауысқанда біршама қиындықтарға тап болдым. Бастапқы кездерде, қарапайым сапта ұзақ уақыт тұрудың өзі мен үшін алынбайтын асудай көрінді. Себебі, әйел адам болған соң бір орында қимылсыз тұру қиынға соқты. Алайда бұл қиыншылықты мен оңай жеңе алдым. Сонымен қатар, қару асынып полигонға шыққан шағымызда қаруды иыққа асып апарудың өзі ауыр жұмыс болатын. Қарумен оқ атып болған соң, ол қаруды тазалау мен үшін қиындық тудырды. Иә, әрине, бастапқы кезде туындаған бұл қиындықтар қазір мен үшін ұсақ-түйек болғанына көзім жетті. Жалпы әскери сала деген темірдей тәртіпті талап ететін салалардың бірі. Әскери салаға келген сәтімнен бастап мен өзімді тұлғалық тұрғыдан тәрбиелей бастадым. Әскери өмірдің ережелеріне үйренісе бастадым. Жалпы, менің ойымша, әрбір адамның өмірінде өмір мектебі болады. Ешқашан бір орында тұрып қалмай әрдайым әр адам алға жылжу керек. Яғни, бір саладан екінші салаға ауысу қаншалықты қиын болса да адам сол бағытты меңгере білу керек. Адам баласы дүниеге келген соң, өмірін босқа өткізбей, әр уақытта өз-өзін тәрбиелеп тұлғалық дамуды тоқтатпауы керек. Адам баласының жасы ұлғайған сайын, сана сезімі, ойлау қабілеттері де бірге даму керек. Ол үшін әрбір адам тыңғылықты жаттығу жасап өз-өздерін тәрбиелей алуы міндетті. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші мен де өзімді тәрбиелеу арқылы әскери саладағы қиындықтарды жеңіп, бұл салаға тез бейімделіп кеттім.
– Әскери салада қызмет етіп жүрген кезіңізде уақыт жетіспеушілігі сынды қиындықтар туындаған жоқ па?
– Уақыт тапшылығы сынды мәселелерге кезікпеппін. Әрдайым өзімнің жұмысымнан соң ұл-қызыма көңіл бөліп, уақытымды арнай аламын. Отбасыммен бірге демалып, оларға дәмді тағамдар пісіріп уақыт өткізе аламыз. Шындығына келгенде уақыт жоқ деген сөз қай кезде болсын сылтау болады. Сондықтан да жұмыстан шаршап келсем де өз отбасыма көңіл бөлгенді қатты ұнатамын. Әкемнің маған берген тәрбиесінің арқасында мен де өз балаларыма әкемнің тәрбиесіндей тәрбие беруге тырысамын. Ол үшін әр демалыс күндері балаларымды қыс мезгілінде шаңғы тебуге немесе шанамен сырғанауға апарсам, жаз мезгілінде міндетті түрде өзен, көлдерге шомылуға апарамын. Сонымен қатар, бос уақытымда кітап оқығанды ұнатамын. Жалпы алғанда бос уақыт жоқ деген сөз еріншек адамның сөзі деп ойлаймын. Сондықтан да, әскери саладағы қызмет менің жеке өміріме еш зиянын тигізген жоқ.
Әңгімелескен
лейтенант Бақдәулет Манарбек