Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті

12760
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі / фильмнен кадр

Халқымыздың тарихы ерекше атаулы күндерге бай.

Еліміз бой көтеріп, өркендеп даму жолында көптеген естен кетпес қуанышты да, қайғылы да сәттер аз болмады. Олардың қайсы бірі болмасын зор мәнге ие.  Сондай  - ақ мәңгілік ұмытылмас, жаныңа қанжардай қадалатын күндер де бар. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін ол 7 сәуір. Дәл осы күні 1995 жылы ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік – ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, 34 жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында бұл күн жыл сайын «Ерлікке тағзым күні» болып аталып өтеді. Еске алу шаралары, елді, өскелең жас ұрпақты елдікке, Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алу, жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру, елжандыққа, отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелеуге арналған тағылымдық шаралар жер-жерде, республика бойынша әр әскери бөлімде өткізіледі.

Осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз де осы сұрапыл соғыста көз жұмды...

Солардың бірі Жансүгіров Жақсылық Әмірханұлы, 1974 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келеді. 1981 жылы Арал қаласында орналасқан №23 мектеп табалдырығын аттап, 1992 жылы 11 сыныпты бітіреді. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі әскер қатарына шақырылып, Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімінде ант қабылдайды.

Екінші боздағымыз Ержан Серікұлы Абдиев 1975 жылы 1 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 1982 жылы Шиелі ауылындағы № 47 орта мектепке барып, 1992 жылы 11 сыныпты бітіреді. Ал 1993 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі әскер қатарына шақырылып, Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімінде ант қабылдайды.

1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауының Пшихавр шатқалында алты сағатқа созылған қанды шайқа қатысып, жолбарыс жүректі жауынгерлеріміз ерлікпен қаза табады.

Жерлестеріміз Жансүгіров Жақсылық пен  Абдиев Ержанның ерлігі  елеусіз қалмады. Елбасының «Жауынгерлік ерлігі үшін», Ресей Федерациясы президентінің «За отличие в воинской службе» І степени, «За особые заслуги», «За службу Таджико – Афганской границе» және «ҚР ІІМ ішкі әскерлеріне 20 жыл» медальдарымен марапатталды.

Ерлік –елдің туы. Ер қуаты – қару болса, ел – қуаты батырлары, сақадай сарбаздары мен сардарлары. Халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Отан үшін күрес, ерге тиген үлес. Халықтың осы даналығы қайда жүрсек те қашанда жүрек дәптерінде, сана сахнасында сақтаулы жүрсе, қазақ баласы азаматтық парызын адал ақтауды ұмытпас.

Қызылорда қаласы 5547 әскери бөлім Шәрін Тұрсынай Сабырқызы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -