ҚазҰУ ғалымдары күкірттің мөлшерін азайтатын брикетті көмір дайындады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары төменгі сортты көмірге бактерияларды қосып, брикетті көмір дайындап шығарды.
Бұл инновациялық жоба көмірден шығатын зиянды күкірттің мөлшерін төмендетуге септігін тигізеді.
Көшбасшы университет ғалымдары дайындаған өнім экологиялық мәселелерді шешіп қана қоймайды, сондай-ақ Қазақстан өндірісі үшін де тиімді болмақ. Себебі, Қазақстанда сапалы брикетті көмір шығарылмайды. Ғалымдардың айтуынша, брикетті көмір елімізге Қытай мен Ресейден келетін көрінеді.
«Қазақстанда өндірілетін 100 пайыз көмірдің 70 пайызына жуығы төменгі сұрыпты көмір болып табылады. Бұл төменгі сортты көмірдің сапасы нашар болады. Олардан қандай да бір өнім алу қиын. Зерттеу жұмыстарын жүргізгенде көмір құрамында зиянды күкірттің мөлшері көп болатыны анықталды. Кейін осы төменгі сортты көмірге күкірт мөлшерін азайтатын бактерияларды қосу арқылы брикетті көмір дайындап жасаудамыз» ҚазҰУ-дағы Қазақ-Неміс-Қытай халықаралық қолданбалы микробиология ғылыми зертханасының ғылыми қызметкері Дамир Асанұлы
Брикетті көмірді адамдар тамақ өнеркәсібінде, жылу электр орталығында, табиғатқа демалысқа шыққан уақытта және т.б. мақсатта қолдана алады.
«Қазір көп елді мекендерде тұрғындар табиғи газбен толық қамтылмаған. Осыған байланысты адамдар қыс мезгілінде үйді жылыту мақсатында төменгі сортты көмірді пайдаланады. Көмірден шыққан түтінге кейбір отбасылар уланып, қайтыс болып жатады. Сондықтан, біздің жобамыздың мақсаты – төменгі сұрыпты көмірдің сапасын жақсарту, көмірдің жану барысында бөлінетін түтіннің мөлшерін азайту» Дамир Асанұлы
Қазіргі таңда, университет зерттеушілері ғылыми жобаға патент алған. Енді аталған өнімді нарыққа шығаруды көздеп отыр.