17-18 қазанда «Астана Балет» театрының сахнасында екі актілі «Қос кілем» балетінің премьерасы өтеді. Бұл ширван кілемі туралы ежелгі Әзірбайжан аңызының негізінде жасалған көркем туынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл оқиға көрермен қауымды кілем өрнегі өмір шежіресіне айналып, әр иірімі тағдыр мен сезім атаулыны қызғыштай қорыған әлемге жетелеп әкетеді. Оқиға өзегі – балалық шақта пайда болып, түрлі сынақ, соғыс мен айырылысуға қарамастан өшпеген махаббат сезімі. Уақыт пен екеуара көз жазу, мұң мен үміт астасқан сынақтарға мойымай, кейіпкерлер қайта табысып, ал осы қиын жолды өздерімен бірге өткен кілем олардың адалдығының символына айналады.
Спектакль әйел жанының тереңіне үңіліп, сипаттай білгенімен ерекше. Балет жақын адамы үшін қара басының бақыты мен жанын пида ету арасында таңдау жасауға мәжбүр болған кейіпкердің ішкі әлемін ашады. Бұл туынды бойыңдағы рух пен адалдық тағдырдың түрлі сынақтарын жеңуге күш дарытатыны жайлы баяндайды.
Либретто әрі жобаның идеясының авторы – Валерий Копейкин. Қоюшы-режиссер әрі хореограф Александр Могилев эпикалық баяндауды күрделі пластикалық тілде жеткізе білді. Осы балет үшін арнайы музыкалық партитураны композитор Арсений Смирнов шығарды. Спектакльдің көркем бейнесін жасаған Анастасия Капустина, костюм суретшісі Игорь Чапурин, ал сандық графика мен анимацияны Александра Артамонова жүзеге асырды.
Қойылым бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Оркестр әуенінің қуаты мен би пластикасының үйлесімі спектакльді шынайы өнер синтезіне айналдырды.
Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов: «Бұл жобаның айрықша құндылығы – екі мықты шығармашылық ұжымның – MOSAIC DEL ARTE халықаралық компаниясы мен «Астана Балет» театрының бірлескен жұмысының жемісі. Шығармашылық ынтымақтастығымыз жалғасын тапты. Өткен жылы Афина, Астана және Алматы сахналарында сәтті өткен «Кешірімді махаббат» (Blind Forgiveness) рок-балетін көрермен назарына тарту еткенімізді мақтан тұтамыз. Бүгінгі премьера – бірлескен шығармашылық жолымыздағы жаңа қадам іспетті».
«Қос кілем» балеті – жай ғана сахналық туынды емес, Шығыс пен Батысты, дәстүр мен қазіргі заманды, махаббаттың мәңгілік тақырыбын және адам жадының шексіз күшін байланыстыратын эпикалық баян.