5104
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Ұлттық ұланның тағы бір әскери қызметшісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды. Әскердің мәртебесін көтеріп, имиджін нығайтуға үлес қосқан жан  «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты қарасты 6697 әскери бөлімінің келісім шарт бойынша әскери қызметшісі бөлімше командирі қатардағы Андрей Пономаренко.

Ол 25 сәуірде Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXIII сессиясына қатысып, мемлекеттік тілді дамытуға сіңірген еңбегі үшін «Шапағат» медалімен марапатталды. 

Андрей Алексеевич естеріңізде болса, былтыр қазан айында Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасының тіл саясаты және қоғаммен жұмыс қызметінің ұйымдастыруымен өткізілген «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты жыл сайынғы республикалық байқауда жүлделі I орынды иеленген болатын.

Қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын еш қиындықсыз жеткізетін Андрей 2002 жылдың 5 мамырында Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. Аудан орталығындағы Б. Қолдасбаев атындағы мектепте білім алған. Андрей орыс сыныбында оқығанымен, достарының барлығы қазақ балалары болды. Украин баласының қазақ тіліне деген құштарлығын мектептегі қазақ тілі пәнінің оқытушысы Қызғалдақ Князова есімді мұғалімі оятқан. Оның әрбір сабағын асыға күтетінмін деп есіне алды кейіпкеріміз. Әр сабақты өте қызықты, тартымды және жаңа тақырыпты тың ізденіс пен шығармашылықпен өткізетін еді дейді. Он бір жылдық білімді тәмамдағаннан кейін Андрей облыс орталығындағы Қостанай гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мәне әдебиеті пәні мамандығы бойынша оқуға қабылданады. Мектеп қабырғасында, студент шағында Андрей үнемі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастырушылық қабілетін танытып жүрген.

Колледжді аяқтағаннан кейін Андрей 2021 жылдың 31 желтоқсанында Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне азаматтық міндетін орындау үшін мерзімді қызметке қабылданады. Жартыжылдық қызметтен кейін ол келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыруды жоспарлайды. Сөйтіп, Қостанай қаласындағы №38 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне маман-бақылаушы лауазымында бір жарым жыл қызмет етеді. Сөйтіп, сәуір айының басында материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының бөлімше командирі ретінде қызметін ауыстырған.

Анасы Ниеле Зейнолловна 1974 жылдың 9 наурызында Есіл қаласында дүниеге келген. Қостанай облысының Амангелді ауданына тұрмысқа шығып, сол аудан орталығындағы Ішкі істер департаментінде қызмет етіп, 2021 жылы зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі таңда анасы Ресейдің Мурманск қаласында тұрып жатыр. Ал әкесі 1971 жылдың 16 ақпанында дүниеге келген, бірақ 2018 жылы ақпанның 15-інде ауыр науқасқа ұшырап, бұл өмірмен қош айтысқан. Андрей отбасында үш әпкесінен кейінгі жалғыз ұл. Бауырларының барлығы тұрмыста, екі әпкесі қазақ отбасының келіндері.

- Мен Қазақстан азаматы болғандықтан, қазақ тілін білу – менің міндетім деп санаймын. Жылдан-жылға елімізде тілдің дамуы мен болашағына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл әрине қуантарлық жағдай деп ойлаймын. Менің түсінігімде «патриот» сөзі тілді құрметтеуден басталады. «Тілге деген құрмет әкенің қанымен, ананың сүтімен беріледі» дейтін болсақ, менің ұлтым өзге болғанмен, қазақы отбасында дүниеге келгенімді атап өткім келеді. Жанұя мүшелерінің барлығы қазақ тілін жетік меңгерген және тек қана қазақ тілінде араласамыз. Отбасылық шаралар өткізген кезде қазақтың салт-дәстүрлері, ырым-жоралғыларының барлығын сақтаймыз. Ал дастархан мәзірінде қазақтың басты ұлттық тағамы – ет, қазы-қарта міндетті түрде асылып, бауырсақ пісіріледі. Ал Наурыз мейрамында міндетті түрде жеті түрлі тағамнан наурыз көже пісіреміз. Сол себепті біздің отбасымыз қазақы ұстанымның барлығын сақтайды. Онымен қоса, бізге сол қазақы дәстүрлердің барлығы ұнайды.

Мен бір отбасының жалғыз ұлы болсам да, әскерге өз еркіммен келдім, себебі Отан алдындағы борышымды өтеу – міндетім деп санадым. Онымен қоса, анаммен кеңесе отырып келісім шарт бойынша қызметімді жалғастыруға шешім қабылдадым. Ұлттық ұланның сапында қызмет атқарып жатқаныма еш өкінбеймін, керісінше, әскерге келгелі бағым жанып, тіпті, Мемлекет басшысының атынан марапатталып жатырмын. Әрине, бұл – бақыт. Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан марапат аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Ол сәтті сөзбен жеткізе алмаймын, қуанышты сәтті ең алдымен анаңмен бөлісесің ғой. Мен де бүгін кездесуден шыққаннан кейін ең алдымен анама қоңырау шалдым. Аяулы анам мен үшін қатты қуанды.

Айта кеткенім жөн болар, осы орайда Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовке және Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановқа күнделікті қызметтік-жауынгерлік іс-әрекет пен кәсіби даярлық аясында мемлекеттік тілді үйренуге деген бастамаларды қолдап отыратыны үшін алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» конкурсын ұйымдастырып, қатысушылардың арасынан менің еңбегімді бағалаған тіл саясаты мен қоғаммен байланыс қызметінің бастығы полковник Әлішер Әбдірәсілге және барлық тіл мамандарына рахметімді жеткізгім келеді.

19 жасымда Ұлттық ұланның қатарына келіп, оң мен солымды танып келе жатырмын. Алда жоспар да, мақсат та, арман да көп. Жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, сүйіктіммен бас қосып, үлгілі отбасы атанып, анам бақытты сәттерімнің куәсі болса екен деп армандаймын. Ендігі мақсат – баспаналы болу және ол күнге де жететініме сенімдімін, – деді қатардағы Андрей Пономаренко.

Кирилл Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты туындыларды оқып шыққанын айтып өтті. Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында ол өзінің үш жылдық әскери қызметінде бірнеше рет шығармашылық конкурстарға қатысып, өзін жақсы қырынан таныта білген. Айта кетейік, «Мемлекеттік тіл – менің тілім»  республикалық байқауына ол Мағжан Жұмабаевтың шығармасын ұсынған және көрермен залында ешкімді бей-жай қалдырмай, жүлделі бірінші орынды иеленді.

Қазақ тілінің құрметін түсіндіріп, үйреткен ата-анасына біз де Ұлттық ұландықтардың қатарынан алғысымызды жеткіземіз. Кириллдей азаматтарымыз көп болса екен, қазақ тілінің мәртебесі асқақтай берсін!

Лейтенант Құралай ЖҰМАҚЫЗЫ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -