Ажалдан төрт мәрте аман қалдым

398
Фотосурет: Ұлттық ұлан

«Біз Жеңістің мұрагеріміз!» акциясы аясында Ұлы Отан  соғысына қатысқан ақсақал-ардагерлеріміз туралы сөз етпекшіміз. Олай болса, осы тақырыптағы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

«Бір мезет тынығып алсаңшы»  деген қаруластар сөзіне  құлақ аспаған  Ысақ ротасынан қашықтау  тұрған  қарауыл  жаққа  беттейді. Күнұзақ жауынгерлермен  күрделі  тапсырмалар  орындаған ол  арқасын ауыр  жүк басқандай шаршаңқы күйде еді.  Дегенмен,  қызметке  деген  адалдық  оның бойынан еш  уақытта  арылған емес.  Табиғатынан  төзімді  һәм қайратты,  тепсе  темір  үзетін  азамат  үшін  Отан  алдындағы  борышын  адал өткеру  - межелі мақсаттарының бірі болатын.  Қарауыл  нысанына адымдап  жеткені тура қазір еді, әп-сәтте  түнгі аспанды   жарқ етіп, от шарпыды.  Жарқылдаған от емес, зеңбірек оғы екен.  Жау зеңбірегінен атылған снаряд Ысаққа манарақта ғана тынығып ал деп жанашырлық танытқан  қаруластары  тұрақтаған үй жайды  әп-сәтте жайратып салды.  Міне, осылайша  қызметке деген адалдықтың арқасында қапелімде бір  ажалдан аман қалған  жауынгер  мұқым  әлемді жауламақ болған  фашистерді  Берлинге  дейін  тұқырта қуыпты.  Қан майданның қақ ортасында қаһармандық танытқан   ардагердің немересі  қазіргі таңда Ұлттық ұлан   қатарында қызмет етіп жүр.  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің клуб бастығы  капитан  Мейіржан  Ысақов  Ұлы Отан соғысының ардагері  жайында  азды-көп сұхбат берді.

Ысақ Аюпов  1924 жылы 12 наурызда  Түркістан  облысы Сарыағаш ауданы Қабланбек ауылдық округі Ташқұлақ ауылында өмірге келген. Майдангер аталмыш ауданға қарасты «Красный Восток» колхозындағы орта мектептен  жеті жылдық білім алған. Кейін  колхоз жұмысына білек сыбана кіріседі. Балаң шағынан  еңбекке  ерте араласқан  Ысақ  шымыр әрі елгезек  болып, ер жетеді. Ол 1942 жылы тамыз айында аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанады. 1944  жылдың  қараша айына дейін  соғыс майданында  274  атқыштар   полкінде  қызмет етеді. Сұрапыл  соғыс жылдарында Берлинге  дейін аяқ басып, Рейхстагқа  жеңіс туын  тігуге  өлшеусіз  ерлік қосады. Қан шайқаста төрт рет оқ тиіп жараланады.

Алайда, жүрегінің түгі бар жан артқа шегініп көрген емес. Арқа еті арша, борбай еті борша болса да босаңсымады. Ысақ Айыпұлы маршал Малиновскийдің дивизиясында жауынгер болған. Маршал Малиновскийдің құрметіне ауыл азаматтары Ысақ атаны маршал Малиновский деп атап кеткен екен. Ұлы Отан соғысының ардагері   ІІІ Беларусь бағытының әскерлері қатарында елеулі ерлігімен көзге түскен. 1944 жылы қараша айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін 185 атқыштар полкінде қызмет атқарған.  1944  жылдың мамыр айынан 1945 жылдың желтоқсан айына дейін бөлім командирі атанады. 1945 жылдың желтоқсан айынан 1947 жылдың ақпан айына дейін 597 атқыштар полкінің командирі болса, 1947 жылы 3 наурыз айында туған жеріне оралады. Елдімекеніне оралған Ысақ  «Красный Восток» колхозының Ворошилов ауылында жүргізуші болып жұмыс атқарады. Майдангер соғысқа аттанбай тұрып, жерлесі Фатимамен шаңырақ құрып үлгерген. Қан майданда қар жастанып, мұз жамылған азаматта қандай күтім болсын дейсің.

Күздің қара суығында өзен-су кешіп жүрген ардагердің денсаулығы сыр берді ме әлде маңдайға жазған жазмышы солай ма екен зарыға күткен жұбайының арасында ұзаққа дейін бала болмайды. Мұны аңғарған Фатиманың туыстары  «ана махаббатын сезінбей өтесің» деп,  оны Ысақтан ажыратпақ болады. Алайда ана махаббатын тәрк етіп, қанша жыл азаматының майданнан аман келуін Тәңірден тілеген жұбайы  құдай қосқан қосағын ешкімге алмастырмайды. Осылайша, тарғыл тағдырдың тауқыметін бірге тартқан ерлі-зайыпты күндердің бір күні аудандағы ауруханаға тастап кеткен  бір баланы асырап алады. Осылайша,   шырылдаған шарананы  бауырына басады.  Іңгәләған бала дауысына зарыққан екеу балаға «Бақыт» деп ат қояды. Ысақ  Бақытқа бағамды бағдар беріп, саналы ғұмырын перзентке деген тәлім-тәрбиеге арнайды. Мейіржанның әкесі Бақыт  кез келген отырыста  «мен алған  тәрбиені  елдің туған әкелері де балаларына  бере алмайды. Әке орынына әке атанып, бағып-қағып,  үкілеп өсірген көкеме мәңгілік қарыздармын» деп айтатын көрінеді.

Жетімін  жылатпай,  жесірін  қаңғыртпаған қазақы құндылықты санасына сіңірген майдангер Бақыттан өзге үш балаға да  пана бола білген. Соғыс ардагері   ардақ тұтар әке  ғана болып қалмай, немереге қазыналы да қамқор ата бола білген. Әсіресе,  немересі  Мейіржанның  әскери саланы таңдауына  Ысақ Айыпұлы себепкер болыпты. 

"Мен атаммен бірге тұрдым.  Өрістен  қозы-бұзауды айдап келіп, үйге қолғабыс танытамын. Сол уақытта атамнан соғыстағы оқиғаларын сұрайтынмын. Атам да тәптіштеп құдды сол оқиғалар күні кеше болғандай баяндап беретін.  рбір оқиғаны естіп алған мен жалғыз қалғанда қиял әлеміме шомып кететінмін.  Артынша ағаштан мылтық жасап, ауыл балаларымен атыспақ ойнайтынмын. Осылайша, мен әскери салаға қара домалақ шағымнан әуес болдым. Бір жолы көнекөз  бір ажалдан қалай аман қалғандығын айтып берді. Жауынгер сол уақытта  қаруластарымен бірге қалса, жағдай басқалай болар ма еді. Атам жарықтық,  «егер арқаны кеңге салып, тыныққан болсам жаным жаһаннамға аттанар еді» деп талай айтатын" 5518 әскери бөлімінің клуб бастығы  капитан  Мейіржан Ысақов       

«Бір мезет тынығып алсаңшы» деген қаруластар сөзіне  құлақ аспаған  Ысқақ ротасынан қашықтау жердегі қарауыл  жаққа беттейді. Жауынгерлермен  күрделі тапсырмалар орындаған ол  арқасын ауыр  жүк басқандай шаршаңқы күйде еді. Дегенмен, қызметке деген адалдық оның бойынан еш  уақытта  арылған емес. Табиғатынан  төзімді  һәм қайратты тепсе темір  үзетін азамат үшін  Отан  алдындағы борышын  адал өткеру - межелі мақсаттарының бірі еді. Қарауыл нысанына адымдап жеткені тура қазір еді, әп сәтте  түнгі аспанды  жарқ етіп, от шықты. Сайып келгенде от емес, зеңбірек оғы еді. Жау зеңбірегінен атылған снаряд  Ысқақтың бағана  «өзіне демал деп жанашырлық  танытқан  қаруластары тұрақтаған үй жайын әп-сәтте жайратып салады. Қайсар қайтпас майдангер Мейіржанға  «Ажалдан төрт мәрте  аман қалдым» деп жиі айтып отырады екен. Бұл, бар болғаны  Ысақ Айыпұлы немересінің  есінде қалған бір ғана оқиғасы.

Ысақ Айыпұлы  ІІ дәрежелі «Қызыл Жұлдыз» орденімен сондай-ақ Кеңес Одағының маршалы «Г.К. Жуков медалімен» марапатталған. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарына ие болған.   Ардагер  1982 жылы зейнеткерлікке шығып, 2003 жылы 9 маусым күні дүниеден өтеді. Биыл майдангердің өмірге келгеніне 100 жыл толды. Атаулы датаны  Ысақ атаның отбасы ғана емес,  ауыл жұрты елеп, ескеріп, атап өтті. Өйткені,  талай қан шайқаста еш шегінбестен, жаралы жүрсе де, жанын шүберекке түйіп, қасқалдақтай қаны қалғанша арпалысқан азаматтың соқтықпалы соқпалы өмір жолы әркімге болсын өнеге- үлгі.  

Сержант  Рүстем Мұхамет-Рақым

Өскемен қаласы 

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -