Жаңаарқада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының батыры Айбат Амановты еске алу шаралары өтті

7128
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

17 мамыр күні Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұланның батыры, республикалық жарыстардың чемпионы марқұм Айбат Амановтың құрметіне бокстан үш күндік турнир басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Турнирдің ашылу салтанатына марқұмның ата-анасы мен туыстары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшылығы, сондай-ақ Жаңаарқа ауданы әкімдігінің ардагерлері мен өкілдері қатысты.

Генерал Қайрат Үмбетов алдымен қаһарман сарбаздың ата-анасымен жүздесті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың ізгі тілектерін жеткізді.

— Қатардағы жауынгер Айбат Аманов қазақстандық патриотизм мен Отанға деген шексіз адалдықтың жарқын үлгісі. Мемлекет басшылығы, әскер қолбасшылығы қиын - қыстау сәтте мемлекеттігімізді қорғаған Отанымыздың арда ұлдарын жоғары бағалайды. Қос батырдың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Осындай ұлтжанды ұлдарды тәрбиелеп өсірген ата-ана, жақындарына мың алғыс! Тыныштық пен тұтастықты сақтау жолындағы Айбат пен Мадиярдың ерлігі — өскелең ұрпаққа зор үлгі,- деді Халық қаһарманы генерал Қайрат Үмбетов.

Содан кейін, батыр сарбаздың тұрған үйінде,  Ақселеу Сейдімбек орта мектебінде мемориалдық тақтаның ашылуы өтті.

Шараға арнайы келген Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Қайсаров сөз сөйлеп, Ұлттық ұлан басшылығы мен әкімдік қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.

— Айбат Аманов ел тәуелсіздігін қорғаған батыр. Осындай сый-құрмет көрсетіліп жатқанына ата-ана ретінде алғысымды білдіремін,- деді ержүрек сарбаздың әкесі. Генерал Қайрат Үмбетов ел алдында Айбат Амановтың әкесіне шапан жауып, әскердің Бас қолбасшысы атынан естелік сый табыс етті. Салтанатты түрде мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымының алдында Айбат Амановтың құрметіне естелік тақта ашылды. Жаңаарқа ауданының міндетін уақытша атқарушы Мұрат Ибраев атақты жерлесі Айбат Ерболұлын еске алды. Мектеп ұжымы көпшілікті қаһарман сарбаз оқыған сыныппен таныстырды. Нәтижесінде мектеп пен Ұлттық ұлан арасында өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойылды. Болашақта осы білім ұясында "Жас бүркіт" әскери-патриоттық сынып ашылатын болады.

Шара аясында спорт кешенінде жүздеген жасөспірімдер мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің алдында бокс турнирінің тұсауы кесілді. Бұл сайыс үш күнге созылмақ.

Аталмыш біріншілікте жүздеген жасөспірім бақ сынайтын болады.

Еске салайық, 2022 жылғы қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қызылордада орналасқан 5547 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мадияр Қайсаров, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Айбат Аманов қаруластарын құтқару мақсатында соққыны өздеріне қабылдап, ерлікпен қаза тапқан еді.

Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін әскери қызметшілер қайтыс болғаннан кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және әскер басшысының бұйрығымен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Батыр жауынгерлердің есімдері өздері қызмет еткен әскери бөлім жеке құрамының тізіміне мәңгіге жазылды.

Бүгінде Қарағанды қаласында және Жаңаарқа ауылында батырлардың құрметіне көшелерде билбордтар орнатылған. Сарбаздар оқыған мектептер мен колледждерде олардың ерліктерін сипаттайтын бұрыштар мен стендтер ашылды. С. Сейфуллин атындағы Жаңаарқа тарихи-өлкетану мұражайында Айбат Амановтың киімдері мен жеке заттары бар көрме ұйымдастырылды. Қызылорда және Талдықорған әскери бөлімдерінде әскери қызметшілерді еске алуға арналған бұрыштар бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -