Қазақстанның әскери тарихының қаһармандық беттері

518
Фотосурет: Gov

ҚР Президенттік орталығында отандастарымыздың ерліктерін баяндайтын тақырыптық көрме ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күніне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне және Р.Қошқарбаев пен С.Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған «Атыс қаруы: тапанша тарихы» көрмесінің ашылуы өтті.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің құрмет қарауыл ротасының дефиле көрсетілімімен, сондай-ақ Президенттік оркестрдің шығармашылық ұжымының музыкалық композицияларымен басталды.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде атап өткендей, бүгінгі көрменің мақсаты – патриоттық тәрбие беру және еліміздің тарихына деген қызығушылықты ынталандыру. Ол үшін Президенттік орталықтың музей қорынан келушілердің назарына алғаш рет әскери тарих пен әскери өнердің ажырамас бөлігі болып табылатын тарихи және заманауи қарулардың бірегей үлгілері қойылды. Барлығы көрмеде әскери тақырыбы бойынша 80 экспонат көрсетілуде, оның ішінде 30-дан астамы атыс қаруы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланның айтуынша осындай халқымызға жігер беретін, әскери күштерді жаңа бір деңгейге көтеретін, біздің тарихымыздың тереңде жатқанын бір дәлелдейтін көрменің өткізілуі өсіп келе жатқан болашақ ұрпаққа бағыт берер асыл бір саясаттың көрінісі.

«Патриоттық сезімнің, патриоттық тәрбиенің бағыттары көп. Оның бірі – елдің, халықтың тарихын білу, мемлекеттің дамуына зор үлес қосқан ата-бабаларымыздың ерліктерін білу және қастерлеу. Ойлап көріңізші, бүгінгі көрменің кейіпкері Сағадат Нұрмағамбетов 20 жасында-ақ Кеңес Одағының Батыры атанған. Міне, бұндай көрнекті тұлғаларымызды жас сарбаздарымыз мақтан тұтып, олардан үлгі алу керек. Сонда ғана біздің Қарулы күштеріміздің болашағы зор болады» Мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Абай Тасболатов

ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, полковник Ермиян Бятовтың сөзінше, еліміздің Қарулы Күштері күрделі даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеттің тәуелсіздігін сенімді қорғайтын және соғыс жылдарында ата-бабаларымыз салған жауынгерлік дәстүрлерді жалғастыратын мықты және жауынгерлік қабілеті жоғары армияға ие.

Көрмеде Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізді қорғаған батырларының ерліктерін баяндайтын материалдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуы туралы материалдар ұсынылады. Көрменің негізін Президенттік орталықтың жинақтарындағы атыс қаруларының жинағы құрайды.

Көрме 3 бөлімнен тұрады:

І. «Ұлы Отан соғысының батырлары»

Бөлімде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің ерліктері туралы материалдар көрсетілген.

2024 жылы Рейхстагқа алғашқы болып қызыл туды тіккен Халық Қақарманы Рахымжан Қошқарбаевтың (19.10.1924-08.10.1988) туғанына 100 жыл және Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы» атағының тұңғыш иегері, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке (25.05.1924 – 24.09.2013) 100 жыл толады.

Қазақстандықтар шайқас алаңдарында ерлікпен шайқасты, олардың 500-ден астамы Кеңес Одағының батырлары атанды, ал төртеуі – Т.Бигелдинов, С. Луганский, Л. Беда және И. Павлов екі мәрте Батыр атанды.

Қазақ әйелдері Ә. Молдағұлова, М. Мәметова, Х. Доспанованың ерліктері Отанға деген адалдық пен батылдықтың жарқын үлгісі болып табылады. Олар елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы әйелдер ретінде халық жадында мәңгі қалады.

Сонымен қатар бөлімде гвардияшы-панфиловшы Аяпбергенов Сағынай Адамұлының жеке архивінен алынған материалдар ұсынылады.

ІІ. «ҚР ПІБ Президенттік орталығының қорынан тапаншалар топтамасы»

Бұл бөлімде Президенттік орталықтың қорынан алынған атыс қаруы топтамасының үлгісі негізінде, тапаншаның даму эволюциясы – револьверлерден қазіргі заманғы атыс қаруларына дейін көрсетіледі.

Адам еңбек құралдарын, содан кейін жүзді және лақтыратын қаруды игергергеннен кейін, олар өмір сүру және азық-түлік өндіру құралына айналды. Кейін қарабайыр қарулар қақтығыстар мен қайшылықтарды шешудің тәсіліне айналады. Инженерлік ойдың, ғылымның және техниканың дамуы қарудың жаңа түрлері – атыс қаруын жасауға ықпал етті.

Экспозиция Лефоше, Кольт, Браунинг, Федерле, Стечкин және басқалар сияқты көрнекті қару-жарақ құрастырушылардың туындыларымен танысуға мүмкіндік береді. Еуропа, АҚШ, Ресей және Түркиядағы жаһандық қару өндірушілердің тапаншалары мен револьверлері көрсетіледі. Экспонаттар арасында антикварлық үлгілер бар - бундель револьвері, Лефоше револьвері және дуэльдік тапаншалар.

ІІІ. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері»

Бөлім көрермендерді Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қалыптасу тарихымен таныстырады, оның бастапқы нүктесі 1992 жылғы 7 мамыр деп есептеледі. Бұл күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлықтарға қол қойылды. Қазақстан армиясы 30 жылдан астам уақыт ішінде өзінің даму тарихын іс жүзінде «таза парақтан» бастап, күрделі жолдан өтті.

Президенттік орталықтың жинағынан алынған материалдар әскери қауіпсіздік саласындағы тарихи мұраны, сондай-ақ қазіргі Қарулы Күштерді құру призмасы арқылы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын көрсетеді.

Көрме 2024 жылдың 30 мамырына дейін жалғасады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -