Қарулы күштердің әскери қызметшілері парашют спорты чемпионатын жеңіспен аяқтады

3487
Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыда классикалық парашют спортынан Қазақстан Республикасы мен Қарулы күштердің 31-ші чемпионаты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Алматы облысындағы «Байсерке» оқу-жаттығу әуеайлағында өткен жарысқа 52 адамнан тұратын 15 ерлер командасы қатысты.

Жарысқа қатысушылар 900-1200 метр биіктіктен қону дәлдігіне секіруде және 2200-2500 метр биіктіктен акробатикалық секіруде шеберлік көрсетті. Апта бойы қонудың жеке дәлдігі бойынша 1-ші, 2-ші және 3-ші спорттық разрядтардың нормативтері орындалды. Спортшылар барлығы 560 рет парашютпен секірді.

ҚР Қарулы күштері Парашют дайындығы орталығы бастығының орынбасары подполковник Ербол Аманжолов чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Бұл жарыстар қазақстандық спортшылардың шеберлігін көрсетіп, командаларымыздың тамаша дайындығын дәлелдеді. Біз олардың жетістіктерін мақтан тұтамыз және олар еліміздің намысын халықаралық аренада лайықты қорғайтынына сенімдіміз, – деді ол.

Қарулы күштер чемпионатында бағдарламаның барлық түрінде ҚР Қарулы күштері Парашют дайындығы орталығының өкілдері сөзсіз жеңімпаз атанды. Ерлер арасында қону дәлдігіне жеке секірулерде спорт шебері сержант Денис Исламов алтын медаль иеленді. Парашют дайындығы орталығының командасы қону дәлдігіне топтық секірулерде және топтық әуе акробатикасы жарыстарында да сенімді түрде жеңіске жетті.

Бағдарламаның жекелеген түрлерінде Қазақстан және Қарулы күштер чемпионатында Парашют дайындығы орталығының қызметкері Вячеслав Ли және Қарулы күштердің қызметшісі Юрий Сабад жеңімпаз атанды. Жарыс чемпиондары мен жүлдегерлері медальдармен және дипломдармен марапатталды.

Нәтижесінде парашют спорты бойынша Қазақстан мен Қарулы күштердің құрама командалары құрылып, олар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғамақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -