РХБҚ әскерлерінің мамандары кәсіби мерекесін атап өтуде

2629
Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

ҚР Қарулы күштері құрамындағы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері 1992 жылғы 2 шілдеде құрылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Олар радиоактивті, химиялық және биологиялық ластану жағдайында әрекет ету кезінде жауынгерлік міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге, әскерлерді жоғары дәлдіктегі қарудан қорғауға және жауды от жағатын қарумен жоюға бағытталған неғұрлым күрделі іс-шаралар кешенін жүргізуге арналған.

Қазіргі кезеңде РХБ қорғаныс әскерлері жеке құрамның жауынгерлік және кәсіби шеберлігін арттыруға, қару-жарақ пен қорғаныс құралдарын мақсатына сай қолдануға үнемі дайындықта ұстауға бағытталған жоспарлы жауынгерлік оқумен айналысады.

Қос мақсаттағы әскерлер ретінде олар жауынгерлік жағдайда да, бейбіт уақытта да мәселелерді шеше алады. Биыл олар су тасқыны салдарын жоюға жұмылдырылды. Жұқпалы аурулардың өршуіне жол бермеу мақсатында РХБ қорғаныс әскерлері бөлімшелерінің әскери қызметшілері Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында 80-нен астам ықтимал қолайсыз объектілерге дезинфекция жүргізді. Өңдеу алаңы 750 гектардан асты. Бірінші кезекте су басқан мал қорымдары, сібір жарасын көму, малдың жаппай қырылу орындары, зираттардың периметрлері мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары дезинфекцияланды.

Қойылған міндеттерді орындау үшін әскерлерді заманауи техникамен қайта жарақтандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Әскерлердің қызметінде отандық РАСТ-KZ, РАСТ-2KZ есептеу-талдау кешендері, МБР биологиялық барлау машиналары, АРС-14KZ автоқұю станциялары, КСО санитарлық өңдеу кешендері бар. Жуырда қазіргі заманғы РХБ барлау машиналары, TДA-3 аэрозольді бүркемесі және КРПП-KZ бақылау-тарату бекеттері келіп түсті.

Шеберлікті жетілдіру шеңберінде өткен жылы ғана РХБ қорғаныс бөлімшелері ҚР Қарулы күштері жауынгерлік даярлығының ондаған іс-шараларына қатысты. Оның ішіндегі ең ауқымды «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық оқу-жаттығуы және ҚР ТЖМ «Қазқұтқару-2023» кешенді тактикалық оқу-жаттығуы бар. Биылғы жылы «Бірлестік-2024», «Айбалта-2024», «Мызғымас бауырластық-2024» және басқа да көптеген халықаралық оқу-жаттығуларға қатысу жоспарланған.

РХБ қорғаныс әскерлері үшін офицер кадрлар Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында дайындалады. Запастағы офицерлерді Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды мемлекеттік университеттерінде дайындайды. РХБ қорғаныс әскерлері кәсіби сержанттарын даярлау Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігінің астаналық әскери колледжінде жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта әскерлерді РХБ қорғау саласында 20 жылдан астам қызмет өтілі бар маман полковник Ержан Құлмағамбетов басқарады. РХБ қорғаныс әскерлерінің дамуына бұрын полковниктер Владислав Якубян, Марат Байсақов, Ержан Құмарбеков, Танаш Битебаев, Талғат Қасымбаев, Манарбек Мурсалимов және Тәттібек Самаевтар өз үлестерін қосқан.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -