Дәрігер дегенде көзіңе ақ халатты абзал жан елестейді. Ал, біз баяндайтын медбике қызметінен бөлек, қоян-қолтық ұрыс алаңдарында кеңінен танымал.
Таяуда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында қоян қолтық ұрыстан сайыс өтті. Жылда өтетін жарыстың биылғы ерекшелігі татамиге бұл жолы ерлер ғана емес, әйелдер қауымы да атойлап шықты. Алпыс екі келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын ойсырай ұтып, озық шыққан 3477 әскери бөлімінің санитарлық нұсқаушысы қатардағы Меруерт Дамиханова болды. Әскери қызметіне қылау түсірмей, Ұлттық ұлан қатарында медицина саланың дамуына қарқынды үлес қосып жүрген медбике қыз алдағы уақытта Петропавл қаласында өтетін сайыста «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ. Осы орайда дүбірлі додаға қос білегін сыбана кіріскен әскери қызметшіні сөзге тартып, сұхбат құрыстық.
- Қалың қалай Меруерт? Қоян-қолтық ұрыстан жеңімпаз атанғаның құтты болсын. Естуімше, бұл жеңіс жекпе-жектегі алғашқы жетістігің екен?
- Иә, бұл менің қоржыныма түскен алғашқы жеңіс. Дегенмен, жеңіске жеткенімді кездейсоқтыққа баламаймын. Бұл жеңістің артында қаншама төгілген маңдай тер мен толассыз жаттығулар жатыр. Жалпы, мен Абай облысы Қалбатау ауданы Шар қаласының тумасымын. Балғын шағымнан еркекшора болып өстім. Өйткені, біздің аула толы ұлдар еді. Ағаларым қара домалақ шағынан спортқа әуес болды. Далаға шыға салысымен гантель, штангі көтеріп, белтемірге тартылып, белтемірге шығудың түрлі әдіс-қимылдарын жасайтұғын. Одан қалса, футбол ойнайтын. Кешқұрым өрістен қайтқан малды қораға қамаған соң, күннің соңғы шапағы көкжиекке сіңгенше біраз шақырымды еңсеріп, жарыса жүгіретұғын. Олардан мен қаламын ба? Кілең ұлдармен бірге уақыт өткізетін өрімдей қыз үнемі аула маңындағы дене дайындықтардан қалыс қалмайтын. Мектепте оқыған шағымда волейбол, футбол ойындарына қатысып, аудандық, тіпті облыстық ауқымдағы сайыстарда топ жардым. Үйдегі бөлме қабырғасы түрлі медальдар мен кубоктарға толып тұратұғын. Жергілікті жастардың салауатты өмір салтын құрып, дене шынықтыруға ден қоюларына біздің ауданның ғана емес, мұқым елдің мақтанышына айналған спот қайраткері, кеңестік және қазақстандық грек-рим күресінің балуаны, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Дәулет Тұрлыхановтың ықпалы зор деп ойлаймын. Оқушы кезімізде танымал спортшымен кездесулер өтіп, спорт майталманы мен оқыған мектеп оқушыларына кеңсе тауарларын сыйлаған еді. Сондай-ақ болашақтың біздің қолымызда екендігін алға тартып, спорт әлеміндегі тырнақалды қадамдарымызға сәттілік тіледі. Атпал азаматпен кездесуден кейін өңірдегі өрендердің спортқа деген құлшынысы одан сайын арта түскендей көрінді.
- Яғни, өскен өңірің өрімтал шақтан спортпен шұғылдануыңа түрткі болған екен ғой?
- Иә, менің өмірімде жолыққан адамдардың біразы ширақ қимылды, жанына спортты серік еткендер болды. Оған дәлел, Шардағы Төлеу Көбдіков атындағы орта білім беретін мектепті тәмамдаған кейін Семей қаласындағы «Авиценна» жоғары медициналық колледжіне түстім. Бұндағы қыздар мен сияқты воллейбол, футбол ойнап жүрмесе де, таңғы уақытта жүгіріп тұруды әдетке айналдырған екен. Олармен бірге мен де таңғы уақытта таза ауада жүгіріп тұрдым.
- Әрине, жүгіру, волейбол ойнау бұның барлығы да салауатты өмір салтына жатады. Ал қоян-қолтық ұрысы спортшыдан тек қана жүгіруді ғана емес, жұдырықтасуды да талап етеді. Бұл тараптан келгенде қарсыласпен қолғап түйістіріп көрдің бе?
- Қоян-қолтық ұрыс бұл аралас жекпе-жек қой. Маған бұл сұраққа жауап беру қиындау. Өйткені, мен ешкімге қол көтеріп, аяқ сермеп көрмедім. Жалпы, табиғатымнан салмақтымын. Осы уақытқа дейін тышқан мұрнын қанатып көрмегенмін. Тек қана балаң шақта ағаларыммен алысып ойнап, жұдырықтасқаным болмаса. Одан қалса шытырман оқиғаларға киноларға қызығушылық танытамын. «Зена-жауынгерлер патшайымы» сияқты киносериалды сүйсіне көретінмін. Ол кинокартинада Амазонка әйелдерінен құралған қарулы топ болатұғын. Мен де сол бір ержүрек жасақ ішінде жүріп, шайқасқым келетұғын. Осындай бір албырт шақтағы қиял әлемі немесе ағаларыммен ойнап, қолғап түйістіргенім болмаса қоян-қолтық сайыстарға бұрындары қатыспаппын.
- Олай болса, бұл жарысқа қатысуға қалай бел шештің?
- Мен ақ халатты медбикемін. Әр түрлі спорттық шаралар болған шақта алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында мені жібереді. Сол уақытта жекпе-жекке шыққан қос спортшының күш сынасуы делебеңді қоздырмай қоймайды. Тіпті, кейбір сайысқа түсушінің әуселесін байқаған тұста, менің де боз кілемге шыққым келіп кетеді. Қиқулап, қолдау танытқан көрермендер қатарында отырып жұмыр білекті әскери қызметшілерге қызыға да қызғана қарайсың. Күндердің күні «неге маған да спорттың бұл түрінен өз бағымды сынап көрмеске» деген ой келді. Ютуб желісі арқылы жекпе-жек спорты туралы құнды ақпараттарды көріп, жыл басынан бері үй жағдайында дайындала бастадым. Осылайша, «тәуекел – түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деп өзіме рух беріп, білек түріп сайысқа кірістім де кеттім.
- Татамиге алғаш табаның тиген шақта толқыныс болған шығар?
- Толқыныс сайыс өтетін спорт мекемесінің табалдырығын аттағанда басталды. Яғни, жарыс басталмай тұрып, салмақ өлшеу сәтінде-ақ қарсыластарымның маған деген оғаш қылықтарын аңғардым. Біреуі жанымнан өте бергенде иығымен қағып өтсе, енді бірі мысымды баспақ болып, дөрекі сөздерге жол берді. Алайда, мұндай қитұрқы әрекеттерден менің меселім қайтқан емес.
- Жарыс барысына тоқталсаң? Қай қарсылас оң жамбасыңа келді? Қайсысы тегеурін танытты?
- Шыны керек, алғаш қатысқан мен үшін ешбірі оңай шағылатын жаңғақ болмады. Алғашқы қарсыласым Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінен келіпті. Татамиға шыға салысымен жойқын-жойқын шабуылдап, мені тұқырта бастады. Мен о басында қорғанып ғана жүрдім. Бір мезетте бетіме соққы өткізіп алдым. Міне, осыдан кейін мен шабуылдауға көштім. Әлгі бетіме тиген соққыдан кейін мен бірден ес жиып алдым. Менің солақай қолымның салмағы зіңгіттей. Қарсыластың ашық қалған тұсын аңдып тұрып, бетіне қарымта соққы жасадым. Осылайша, алғашқы қарсыласымды нокаутқа сеспей аттандырып жібердім.Екінші қарсыласым Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөліміне келіпті. Оның маған қарағанда физикалық тұрғыды күштірек екендігін ұстасқанда байқадым. Тіпті мені әп-сәтте жамбасқа алып ұрды. Одан кейін дереу құрышты білегінен сытылып шығуға тырысып, алыс қашықтықта жұдырықтасуды жөн санадым. Дегенмен, әлгі қарсыласым санымнан тепкенде оңдырмады. Аяқ тебісі де тастай қатты екен. Тіпті сайыс соңына таман сол аяғымды сылтып басуға мәжбүр болдым. Қарсыласымның осал тұсы тез шаршап қалады екен. Татамиге шыға салысымен мені қуалап жүрген ол біраз уақыттан кейін ентікті де қалды. Тіпті, мен дарытқан соққыларға қорғануға қауқарсыз жанға айналды. Өйткені, қолын көтеріп, бүркеніп, жанды жерлерін тұмшалауға да мұршасы жетпеді. Міне, сол уақытта ғана мен ашылдым. Барлық күшінен ада қалған қарсыластың жай-күйі мен жаттығатын жердегі бокс тұлыбынан еш айырмасы болмады. Алғашында, ұпай бойынша алда келе жатқан павлодардық әскери қызметшіні күш сынасу соңына таман басып оздым. Осылайша, екінші қарсыласымды ұпай бойынша ұтып кеттім Менің жеңіске жеткенімнің бір себебі қарсыластарымның мені бағаламағанынан деп ойлаймын. Мысалы, Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Португалия Грузиядан 0:2 есебімен ұтылады. Португалдардың бапкері ойыннан кейінгі баспасөзге берген сұхбатында Грузиядан мұндай қарқын күтпегендігін мойындайды. Бұны білгенде қосалқы құрамды емес, жасыл алаңға бірден негізгі құрамдағы ойыншыларды шығарар едім деп ағынан жарылады. Дәл сол сияқты, қарсыластар да Ұлттық ұландағы әйелдер арасындағы қоян-қолтық ұрыс сайысына су жаңадан келген медбикені бұйым құрлы көрмей, дайындықсыз-ақ жеңіп кетеміз деп ойласа болуы керек.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы өткен жылы Ұлттық ұлан арасында өткен қоян-қолтық ұрыста төртінші орынға табан тірепті. 5518 әскери бөлімінің дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы капитан Ерхат Қарақұловтың айтуынша, биылғы жылы өңірлік қолбасшылық үздік үштіктің қатарына енуді мақсат тұтуда. Бұл мақсаттың жүзеге асуына қатардағы Меруерт Жұманқызының қосатын үлесі зор.
- Жеті команда кім мықтыны анықтайтын тартысқа толы бәсекеде биыл өңірлік қолбасшылық үшінші рын алуға үмітті. Петропавлға алып баратын спортшылардың ішінде әсіресе Меруертке артар сенім мол. Шыны керек, екі аптаға жуық дайындық әскери қызметшіні толықтай қоян-қолтық ұрыстың қыр-сырын үйретуге жеткілікті емес. Сайысқа қатысушы кем дегенде жатпай-тұрмай бір ай дайындалу керек. Дегенмен Меруертте ең алдымен қайтпайтын қайсар баһадүрге тән мінез бар. Ол сондай-ақ ұрымтал тұста солақай соққысымен қарсыласын талдыруға қауқарлы. Сондықтан дүбірлі додада өңірлік қолбасшылықтың намысын қорғайтын Меруертке артар сенім мол. Мейлі, ол күні кеше татамиге алғаш қадам басқанымен, мен оның келесі кезеңде суырылып шығып, жеңімпаз атанатына сенімдімін дейді, - 5518 әскери бөлімінің дене даярлығы және спорт бастығы капитан Ерхат Қарақұлов.
Медбике Ұлттық ұлан арасынан суырылып шығып, топ жарса Қорғаныс министрінің кубогін сарапқа салатын желтоқсан айында өтетін Қарулы күштер арасындағы бәсекеде бақ сынамақ.
- Қоян-қолтық ұрыс әскери қызметші арасында кеңінен танымал спорт түрі. Ұлттық ұланнан бөлек Қорғаныс министрлігі де спорттың бұл түріне ерекше ден қояды. Аталмыш министрлік ерлерден бөлек, әйелдер арасында жарыстар ұйымдастырып тұрады. Сондықтан құқықтық-тәртіп әскері де Ұлттық ұлан ішінде өтетін спорттың бұл түріне қыздар қауымын қосты. Петропавлда болатын сайыста ерлер тоғыз, әйелдер үш салмақ дәрежесінде күш сынайды, - дейді Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы полковник Сәтжан Әбішев.
Қоян-қолтық ұрыстың әлеміне тыңнан түрен салған медбике қызу дайындық үсітнде қазір. Кем-кетігін түгендеп, күн сайын шыныға түсуде. Шыныққан сайын шымырланып, бапкерлер көрсеткен әдіс-тәсілдерді айна-қатесіз айнытпай орындауда. Бабы келісті әскери қызметшінің бағының жанғаны әскери бөлім үшін емес, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үшін таптырмыс қуаныш болмақ. Олай болса, біз де ақ халатын киманоға алмастырған медбикенің алдағы сын-сайысына сәттілік тілейміз.
Сержант Рүстем Мұхаметрақым,
Өскемен қаласы