Қазақстан мен Чехияны Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына деген ортақ тағзым біріктіреді

1760
Фотосурет: Gov

Прагада Ұлы Отан соғысының қазақ қаһармандарына тағзым етілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне орай Қазақстанның Чехиядағы Елшілігіннің қызметкерлері Прагада орналасқан Ольшан зиратында гүл шоқтарын қойды. Мұнда Қызыл әскердің өзге жауынгерлерімен бірге қазақ сарбаздары да жерленген.

Еске алу шарасы барысында дипломаттар Праганы азат ету кезінде қаза тапқан қазақ батырларының рухына тағзым етті. Ольшан зиратында Кеңес Одағының Батыры старшина Мәжіт Жүнісов, кіші сержант Талғат Зайнуллин, сондай-ақ қатардағы жауынгерлер Мұстафа Сапарбаев, Жолдас Әжімов, Байжан Нұржанов, Қайырғалиев Сайнулла және Зийнил Козин жерленген.

Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның орасан зор үлесін атап өтіп, аға буын ерліктерінің мәңгілік жадымызда қалуы тиіс екенін атап өтті. «Ұлы Жеңіске қол жеткізуге себепкер болған қаһармандарды есте сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – біздің қасиетті парызымыз», – деп мәлімдеді дипломат.

Шараның ерекше сәті – Мәжіт Жүнісовтің қабірінің басында қазақ сарбаздарына арналып оқылған дұға болды.

Іс-шараға сондай-ақ Чехия Қорғаныс министрлігі жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Мартин Жоур мен Миловице – A.R.Mi қауымдастығының президенті, отставкадағы полковник Светозар Плесник қатысты.

Елшілік қазақ халқының Жеңіске қосқан үлесі туралы тарихи жадыны сақтау маңыздылығын ерекше атап өтіп, отандастарымыздың ерліктеріне шынайы алғысы мен құрметін білдіреді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -