Ахиллестің өкшесіндей мінім жоқ

6776
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Есхат Бауыржан Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын атқаруда. Ел алдында абыройлы қызмет етуде семсер сүйіп серт берген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Алматы облысынан шақыртылған. Осы орайда Өскемен қаласының тыныштығын күзетуде қайтпас та қайсар жауынгерлік рухтың айнымас үлгісін көрсетіп жүрген мерзімді әскери қызметші Есхат Бауыржанмен аз-кем сұхбат құрыстық. 

Үлбі мен Ертісті тел емген Өскемен жұрты жаймашуақ жаз уақытында серуеншіл, саяхатшыл келеді. Бұның себебі де түсінікті. Айналаң қоршаған тау болса, адыр-жотасынан бастап, құзар шыңына дейін самсаған шынар-қарағай бой көтерсе, олардың арасынан асау толқынды сарқыраған өзен-бұлағы арқырап ағып тұрса, қалай ғана төрт қабырға құрсауында тыпыршымай жата аласың? Балконнан алысқа көз тастап қараған сайын, менмұндалаған тұмса табиғат өзіңе қол бұлғап, шақырып тұрғандай болады. Тіпті, қалтаңда көк тиын болмаған шақтың өзінде қала шетіне баратын автобустың соңғы аялдамасынан түсіп қалып, Алтайдың саф ауасын жұтып қайтсаң да бір масайрап қаласың. Жалпы, өскемендіктер жазғы демалыс тұрмақ, апта демалысының өзінде тау шатқалдарын аралап, саят құрып, аздаған уақытты ұтымды пайдаланып үлгереді. Тіпті, еліміздің өзге шаһарларында  демалыс күндерінде сауда базарларының тынысы қыз-қыз қайнаса, бұл жақта құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды. Өйткені, жексенбі күні жергілікті жұрттың тайлы-тұяғымен қала сыртына шығуы бұрнағыдан дәстүрге айналған. Жексенбі күнін  құдды қала иесіз қалғандай сезінесің. Күнделікті уақытта көшенің кейбір қиылысындағы кептелістер жоғалып, қаланың о жағынан бұл жағына мүдірместен зу етіп жетіп барасың. Осы бір демалыс күндері бос қалған үйлерге көз тастап, тонауға әуес ұры-қарының бас көтерер нағыз «қызыған маусымына» айналады. Содан ба екен, қала сыртындағы демалыс орындарына шығатындар  көршілеріне баспанама көз қырын сала жүріңіздер деп міндетті түрде ескертіп, одан қалса қоңырау шалып үй-жайдың тыныштығын қаперден шығармай сұрап жатады. Бұндай алаңдаушылық та бекерден емес. Өйткені, әлгі қарақшылар  жабық тұрған үйге барып, түбіртек қағаздарын іліп, есікке бір белгі қойып, алғашында пәтерде ешкімнің тұрмайтындығына толықтай көз жеткізбек болып, барлау  жасайды екен. Ұры-қарының тонау алдындағы түрлі әрекеттері туралы қауесеттер қаладағы әлеуметтік парақшаларда желдей есіп жатады. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбаздарынан құралған жауынгерлік жасақ бұл уақытта қырандай қырағы. Кез келген дабылға жедел қимылдайды. Жауынгерлік жасақ  құрамында көзге түскен сарбаздардың бірі Есхат Бауыржан – Алматы облысынан шақыртылған азамат құқықтық тәртіп әскеріне қызмет етуді балаң шағынан армандаған. Өйткені, қоғам тыныштығының сақталуына титтей болсын үлесіңді қосу – Отан алдындағы борышыңды абыройлы атқарудың алғышартындай көрінеді дейді ол. Ағымдағы жылдың мамыр айында әскери бөлім жауынгерлерімен және полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзғаны үшін тоқсанға  жуық адам  жеткізілген. Қатардағы жауынгер Есхаттың да бұл бағытта атқарған жұмысы жетерлік. Кезекшілік барысында  әскери  жасақ рациясына  шаһардағы Орталық ықшамауданында орналасқан тұрғын үйдегі пәтердің тоналғаны туралы жедел хабар түседі. Күдікті плазмалық теледидарды ұрлап әкетіпті. Оқиға болған  аумақты жіті бақылауға алған  әскери жасақ үштігінің ішінде  техника құрылғысын  ұрлаған күдікті Есхаттың назарына бірінші  ілігеді. 

 -  Плазмалалық  теледидар   ұрланған мекен-жайға  дереу жеттік. Алайда, үй төңірегінде  күдікке  ілінер ешкімді байқамадық. Бұдан кейін бесқабатты тұрғын  үйдің қарсы бетіндегі  шұбырған адам легі мол даңғылға қарай беттедік. Біздің кісі қарасы көп жаққа қарай бағыт алуымыз бұрыс болмапты. Адамдар легіндегі бір азамат маған да жауынгерлік жасақ тобындағы өзге де қаруластарға да күдікті көрінді. Өйткені, ол  қолтығына төрт бұрышты пішіндегі қорапты қапсыра құшақтап алыпты. Онымен қоймай, бізді байқасымен  жылдам жүрісіне  күш қосып, аяқ алысын одан сайын үдете түсті.  Дегенмен, күдікті   әскери бөлімде қоян-қолтық ұрыс тәсілдерді жетік үйреніп, ұдайы физикалық қабілеттіктерін арттырып  жүретін сарбаздардан алысқа ұзап кете алмады, - дейді  қатардағы  жауынгер Есхат Бауыржан.

Осылайша, құқықтық тәртіп әскерінің тікелей ат салысуымен қылмыстың ізі суымай ашылып, құрықталған азамат Үлбі аудандық полициясына жеткізілді. Теледидар ұрлап, қашқан күдікті өз кінәсін толықтай мойындаса, ал бағалы заттың иесі болса жауынгерлік жасаққа шексіз алғысын жолдапты.

Есхат үшін теледидар алып қашқан күдіктіні ұстау аса қиынға соқпады. Шапшаң да ширақ қозғалыс  өз нәтижесін  берді.  Жемтігін тарпа бас салған құмай тазыдай көз ілеспес жылдамдықта күдіктіні тұсаулау нағыз қоғам тәртібін күзетушілерге тән қасиет. Жалпы, жаяу жасақ құрамындағы сарбаздардың жекпе-жек ұрыс тәсілдерді жетік меңгеру  деңгейлері  әрдайым сынаққа алынады. Сынақта қарсыласын шалқасынан сұлата түсіріп немесе айқын есеппен ұтатындар, яғни бұл спортқа бейімі бар жауынгерлер аталмыш спорт түрінен өтетін сайыстарда бақтарын сынайды. Өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер арасындағы дүбірлі додаларда қарсылас шақ келтірмесе келесі кезеңге жолдама алады. Қатардағы жауынгер Есхат та таяуда қоян қолтық ұрыстан әскери бөлім ішінде  өткен сайыста екінші орынға ие болды. Жалпы, қоян қолтық ұрыстың жауынгерлік қызмет барысында тәртіп бұзушы қарсылық білдіріп, қол көтерген жағдайда тойтарыс беру қажеттілігінде қолданады. Осы орайда мерзімді әскери қызметші Ұлттық ұлан қатарында қоғам қауіпсіздігін қорғауда білек күшінен бөлек, қалың қаймананың ішінен күдіктіні анықтап, сезетұғын түйсіктің де болуын алға тартады. 

- Бірде бізге тиісті аймақтағы Космическая көшесі бойындағы «Горизонт» сауда үйінен  құлаққап ұрланды деген жедел хабар түседі. Аталған аумаққа  жедел жеткен  біз  үшін күдіктіні  іздеп табу қиынға соқты. Өйткені, манарақта айтқан теледидар сияқты құлаққап көзге баданадай болып көрінбейді. Бөдененің жұмыртқасындай кішкентай затты кімнің  қалтаға салып  алғанын,  ал тауып көр. Бұл шақта,  түйсігіңді іске қосасың. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дейді.  Сондықтан, бұл жерде айыптыны табу қиынның қиыны. Қылмысқа кінәсі жоқ қала тұрғынына шүйліге кету бұл құқықтық тәртіп әскеріне абырой әпермейді. Менің ойымша, біздің қызметте жаңылуға болмайды. Сондықтан, алғашында әліптің артын бағамыз. Жауынгерлік жасақ үш бағытқа зер тастап, әрбір тұрғынның бізді байқаған тұстағы назарын үнсіз аулайды. Қолының сұғы бар жан бәрібір де секем алады екен. Жауынгерлік жасақты көре сала бағытын ауыстырады немесе ұялы телефон шұқылаған болып қаз қалпында тұрып қалады. Немесе біреумен сөйлескен тәрізді түр жасайды. Жалпы, бұл менің мерзімді әскери қызметтегі жауынгерлік жасақ қатарынан алған тәжірибелерімнің бірі. Әрине, бетін тілсең бес елі қан шықпайтын безбүйректер де болуы мүмкін. Алайда, олардың өзі де бір сәтке болсын  бізді көргенде сескенеді. Қаймығып қалады. Алайда, сол секемін лезде қоршаған ортаға байқатпауға тырысады. Тіпті, біреу-міреу байқап қойды ма дегендей айналасын қарашығымен шолып шығады. Сол сәтте күдікті атаулыны аңдып тұрған сен де әу басында оның эмоциясына мән бермеген адамша беймарал  жүрген  жандай  кейіп танытасың. Ал, дәл жаныңа келгенде  бірден тап бересің. Ол да байбалам шығармай, қалтасына жасырған затын шығарған уақытта үнсіз ғана өз кінәсін мойындайды,- дейді қатардағы жауынгер.

Жалпы, бүгінгі таңда көше бағаналарында самсап тұрған бейнебақылау камералары да тәртіп сақшылары үшін қылмысты ашуға үлкен көмек әкеледі. Дегенмен, бақылау құрылғылары арқылы қылмыскердің фотороботы болмаса, қалың  кісі  нөпіріндегі күдіктіні  тану  қиын. Сондықтан,  бұл  жағдайда асқан түйсік  қажет.  Жалпы, Есхаттың ойынша, Ұлттық ұлан сарбазының бойында ешқандай мін болмауы тиіс. Өйткені, бейбіт тұрғынның әрбір сәттегі тыныштығын кірпік қақпай күзететін жауынгерлік жасақтың мойынына жүктелген жауапкершілік жоғары.             

- Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде мені грек мифологиясы қызықтыратын. Көне грек аңызында теңіз құдайы Фетид баласы Ахиллесті қауіп-кетерден зиян көрмесін, өне бойында осал тұсы болмасын деп қасиетті Стикс өзеніне малып алады. Осылайша, жас балғын ер жеткенде атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін нағыз батырға айналады. Алайда, анасы Ахиллесті өзенге түсіргенде алақанымен өкшесінен ұстап тұрғандықтан, киелі су табанына жұқпайды. Ахиллес бойындағы мінін білетін троялық жауынгер шайқастардың  бірінде батырды өкшесінен атып өлтіреді. Әрине, бұл аңыздан алар тұжырым мінсіз тіршілік иесі болмайды дегенге саяды. Ал, менің ойымша, Ұлттық ұлан сарбазының бойында ешқандай мін болмауы қажет. Өйткені, олар  физикалық тұрғыда жоғары деңгейде дайындалады. Сондай-ақ, әртүрлі психологиялық сынақтардан сүрінбей өтеді. Яғни, айғай-шу, текетірес уақытында арандатушылыққа  жол бермейді. Біреудің айтқанына еріп кетпей, пайымдылық танытып, әрбір іске тиянақтылықпен қарайды. Өйткені, үлгілі офицерлер мен сержанттардан тағылым алған мерзімді әскери қызметшілер отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын, тас шайнап, құм түкіретін жауынгерге айналады. Міне, сондықтан мен Ұлттық ұлан қатарында ысылып, шыныққан сарбаз ретінде Ахиллестің өкшесіндей мініміз жоқ деп ауыз  толтырып айта аламын. 

Тұмса табиғат аясында саяхат құруға құмар  өскемендіктер  Ұлттық ұлан жауынгерлерін  қоғамдық  тәртіпті  күзететін елдің берік қорғаны ғана емес, қамқоршысына да балайды.  Өйткені, шаһар ішіндегі  қылмыстардың  ізі суымай ашылуда жауынгерлік жасақтың еселі еңбектері жатқандығын біледі олар. Асылы, ақсақалдар қауымы сарбаздармен жүздесіп қалса,  қызметтеріне сәт-сапар тілеуден еш жалыққан емес. Бұл да жергілікті жұрттың  ақадал ниетінен  туған әрекет болса керек-ті. Бұл суретте де қала тұрғыны жауынгерлік жасаққа ақжарма тілегін ақтарып, ақ батасын жаудыруда .

 Сержант Рүстем МҰХАМЕТ-РАҚЫМ,

Өскемен қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -