Астана қаласында орналасқан 5573 әскери бөлімінде генерал-майор Шөкішев Габдулһақ Ысқақұлы мен генерал-майор Комаров Иван Петровичті еске алуға араналған ПМ-1 тапаншасынан ардагерлер арасында оқ ату сайысы өтті. Жарысқа қатысу үшін елордалық бригадаға құқықтық тәртіп әскерінің 14 ардагері арнайы келді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сайыс қатысушыларын әскери бөлімнің командирі генерал-майор Аян Есжанов құрметпен қарсы алды. Сондай-ақ ол ардагерлерге Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың жарыс қатысушыларына жолдаған лебізін жеткізді. Содан кейін қонақтар әскери бөлімді аралап, музей жәдігерлерін тамашалады.
Жарыстың ашылу салтанатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полковник Мұрат Қарағұйшиев оқ атудан жарыс өткізуге жағдай жасағаны үшін Бас қолбасшыға алғысын білдірді. Көпшілік алдында Габдулһақ Ысқақұлы мен Иван Петровичтің атқарған қызметі мен олар жайлы есте қалған оқиғаларды айтып берді.
Төрт лекке бөлінген ардагерлер қолдарына қару алып «Тир» залында мергендіктерін сынап көрді. Олардың арасында әйел әскери қызметші де болды. Ал жарыстың төрешісі болып запастағы полковник Жанболат Ахметов тағайындалды.
Мергендік пен төзімді қатар сынаған қатысушылар арасында отставкадағы полковник Александр Дучко үшінші орын иеленді. Ал жеңіс тұғырының екінші сатысына запастағы полковник Талғат Нұрбаев көтерілді. Ал нысанадан мүлт кетпеген запастағы полковник Жанболат Ахметов бірінші орынды жеңіп алды.
Жүлдегерлерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан Ішкі әскердің бұрынғы Бас қолбасшысы, әскер ардагері отставкадағы генерал-лейтенант Болат Жанасаев пен елордалық бригаданың командирі генерал-майор Аян Есжанов марапаттады.
- Бүгін біз құқықтық тәртіп әскерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос қайраткерді еске алып отырмыз. Олардың ұлағатты жолы бүгінгі сарбаздар мен өскелең ұрпаққа үлгі. Ұлттық ұланның ардақты азаматтарын осындай іс-шара өткізу арқылы еске алу – өнегелі іс. Осындай бастаманы қолдап, белсенділік танытып жүрген ардагерлеріміз аман болсын, - деді әскер ардагері Болат Жанасаев.