Алматыда киберқауіпсіздік мамандарымен әскери жиын өтуде

7337
Фотосурет: Gov

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында әскери міндеттілердің әскери жиыны басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бір айдың ішінде отыз азамат киберқауіпсіздік саласындағы әскери-есептік мамандық бойынша қарқынды дайындықтан өтеді. Қатысушылар институт казармасына орналастырылып, тамақпен және заттай мүлікпен қоса жатын орынмен қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Мемлекеттік құпияларды қорғау департаменті басқармасының бастығы полковник Тұмар Бақмолдаев атап өткендей оқу-жаттығу жиынының мақсаты, жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, сондай-ақ әскери-оқытылған резервті дайындау, қайта пысықтау және қалыптастыру.

– Оқыту мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік бөлімшелері үшін әскери міндеттілерді даярлаудың арнайы бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Курс аясында жиынға қатысушылар «Ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі офицер» мамандығы бойынша білім алуда, – деп атап өтті ол.

Оқыту теориялық біліммен қоса практикалық дайындықты да қамтиды. Киберқауіпсіздік мамандары ақпарат пен мемлекеттік құпияларды қорғауға, одан бөлек Қарулы күштердің бөлімшелерінде ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті дағдыларды дамытады.

Жиын барысында әскери міндеттілердің жұмыс орындары, лауазымдары және республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін орташа айлық жалақысы сақталатынын айта кеткен жөн.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -