Senat open-2024 үлкен кубогы Астанадан келген командаға бұйырды

6930
Фотосурет: kazchess.kz

Бүгін Астанада Senat Open турнирінің – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Шахматтан ашық кубогының финалы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен және Freedom Broker компаниясының серіктістігімен алғаш рет ұйымдастырған осы турнирге облыс және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары, облыс және қалалық қоғамдық кеңестердің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Турнирдің негізгі мақсаты – халық арасында шахматты кеңінен тарату, сондай-ақ KazChess филиалдарының және аймақтардағы жергілікті өкілді билік органдарының арасындағы байланысты нығайту. Турнирге бүкіл республика бойынша барлығы 2000-нан астам шахмат сүйер қауым қатысты.

Финалдық кезеңінің ашылу рәсіміне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Палата Спикері өз сөзінде мұндай турнирлер елімізде, оның ішінде өңірлерде шахматты дәріптеп, дамытуға айтарлықтай ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ ол бұл бағытқа Мемлекет басшысы баса мән беріп отырғанын тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде шахматты дамытуға және дәріптеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соның аясында зияткерлік ойынды дәріптеу мақсатымен «Senat Open» турнирін өткізуді қолға алдық. Сайысқа Парламент пен мәслихат депутаттары, әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестердің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Бүгін – 5 айға жалғасқан турнирдің шешуші кезеңі. Финалдық кезеңге облыстық, сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент мәслихаттарының төрағалары бастаған барлық өңірдің делегациялары қатысып жатыр» Мәулен Әшімбаев

KazChess президенті Тимур Турлов өз сөзінде Парламент Сенатына және өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне турнирге жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

«Senat Open» турнирі мәслихат депутаттарын, қоғам қайраткерлерін және БАҚ өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырған шахмат марафонына айналды. Сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясы мен жергілікті атқарушы органдар арасында өзара іс-қимылды нығайтуға септігін тигізді. Осындай ынтымақтастық шахматты халық арасында кеңінен дәріптеуді, мектеп бағдарламаларына шахматты енгізуді және зияткер ұлт қалыптастыруды көздейтін жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл біздің ұлттық мүдде жолындағы басым бағыттарымыздың бірі. Биыл алғаш рет өткізілген Сенат кубогы дәстүрлі жарысқа айналады деп сенемін» KazChess президенті Тимур Турлов

Үлкен шахмат марафонының финалына 130 адам – жаз бойы Шымкент, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды ​​және Алматы қалаларында өткен жартылай финалдардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Аймақтық қағида бойынша солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс және орталық деп құрылған жартылай финалдарда 21 сәуірден бастап 15 облыста және республикалық маңызы бар үш қалада өткен іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары бақ сынасты.

9 турдан тұратын рапид қорытындысы бойынша турнирдің жеңімпаз командалары мен жүлдегерлері анықталды. Сенаттың Үлкен кубогын  Астана қаласының командасы жеңіп алды, екінші орынға Шымкент қаласының командасы ие болды, ал қола медальдер Павлодар облысының командасына бұйырды. Сонымен қатар «Депутаттар арасындағы үздік нәтиже», «БАҚ өкілдерінің арасындағы үздік нәтиже», «Қоғамдық ұйым өкілдерінің арасындағы үздік нәтиже», «Әйелдердің арасындағы үздік нәтиже», «60 жастан асқан қатысушылардың арасындағы үздік нәтиже» номинацияларының жүлдегерлері алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері мен қоғам қайраткерлері шахмат тақтасында басын қосқан Senat Open турнирі алдағы уақытта осындай форматтағы жарыстардың негізін қалап, шахматта гендеріне, жасына байланысты және басқа да шектеудің жоқ екенін растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -