"SARAP" сарапшылар клубы энергия тапшылығы және атом саласын дамыту мәселелерін талқылады

8591
Фотосурет: ҚҚДИ

2024 жылғы 16 қыркүйекте Қонаев қаласында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «SARAP» эксперттік клубының «Орнықты даму мен энергия тапшылығын азайтудың өзекті проблемасы» тақырыбындағы аймақтық жиынын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Аталған аймақтық жиын 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналды. Күн тәртібіне сәйкес Жолдауда қарастырылған мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы азаматтардың қатысуы, экология мәселелері және АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдум сияқты маңызды сұрақтар қарастырылып, таза және тұрақты энергияға қол жеткізу аясындағы орнықты даму мақсаттары мен Алматы облысындағы энергетика саласының ахуалы талқыланды. Іс-шараға Алматы облысының облыстық және қалалық мәслихат депуттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, атом энергиясы саласының кәсіби мамандары, жастар және азаматтық қоғам, партия және ҚҚДИ өкілдері қатысты.

Жиын «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаевтың модераторлығымен өтті.

«Дүниежүзіндегі дағдарыс энергетикалық жүйеде қиыншылық тудыруда. Бұл жағдай энергетикалық қауіпсіздікке, оның қолжетімділігіне және экологиялық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Халықаралық зерттеулерде оны Энергетикалық трилемма дейді. Энергетика саласының өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылыммен тығыз байланысын ескерсек, проблема энергетикалық сектор шеңберінен асып түседі. Дамыған деген Германияның өзінің импорттық газға тәуелділігі энергетикалық қауіпсіздігіне әсер етті. Қазір Орнықты даму мақсаттары рейтінгісінде Дүниежүзілік энергетикалық трилемма индексіндегі көрсеткіштері жоғары Солтүстік Америка, Еуропа, Таяу Шығыс және Парсы шығанағының елдері (25%) жетекші орын алады».

Қазақстандық қоғамдық даму институты сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев орнықты даму мақсаттары туралы жаһандық есептерге шолу жасап, Жолдау аясында көтерілген мәселелерге қатысты ой білдірді.

«Дүниежүзіндегі 10 баланың 7-і әлі де әлеуметтік қорғансыз күйде қалып тұр. 2023 жылы әлемде 15 жасқа дейінгі балалардың 28,2%-ы ғана тиісті жәрдемақы алды. Бұл 2015 жылғы 22,1%-дан өскендігін көрсетеді. Демек, 1,4 млрд. бала әлеуметтік қамсыздандырусыз қалған. Осы орайда, Қазақстанның әлеуметтік саясатында бірқатар бастамалар қолдау тапты, әсіресе «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Мемлекет басшысы 2023 жылы БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаты жөніндегі саммитте мемлекет бюджетінің 80%-ы соған сай келетінін айтты. Жолдаудағы бағыттар 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсатына сай келеді».

ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институты Бас директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Данияр Жансейтов Қазақстанда атом саласының дамуы туралы жан-жақты айтып, нақты кейстерге тоқталды.

«Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін соңғы жетістіктер мен әзірлемелерді пайдалана отырып, жаңа буын III немесе III + атом электр станциясының құрылысы қарастырылуда, бұл апат қаупін азайтады. Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі-станцияны сыртқы және ішкі әсерлерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі».

Қазақстандық қоғамдық даму институты сарапшысы Дамир Белгібаев Қазақстанда орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) имплементациялаудың, әсіресе әлеуметтік әл-ауқатқа қол жеткізу мен таза және тұрақты энергияға қолжетімділікті қамтамасыз ету контексінде маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, осы мақсаттарды сәтті іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға және тұрақты экономикалық өсуге жағдай жасауға ықпал етеді.

«Орнықты даму мақсаттары тұрақты экономикалық өсім, әлеуметтік әл-ауқаттылық пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанда АЭС салу аясында бұл мақсаттар ерекше маңызға ие, өйткені атом энергетикасы таза және тұрақты энергияға қол жеткізу (ОДМ 7), климаттың өзгеруіне қарсы күрес (ОДМ 13) және инфрақұрылымды дамыту (ОДМ 9) сияқты мақсаттың бірнешеуіне қол жеткізуге ықпал ете алады. АЭС салу Қазақстанға көміртегі шығарындыларын азайтуға, қазбалы отынға тәуелділікті азайтуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі, ол орнықты дамудың халықаралық экологиялық және экономикалық стандарттарына сәйкес келеді».

Алматы облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ілияс Сүгіров  атом энергия тапшылығы, атом саласын дамытуда кадр мәселесі жайлы ой бөлісті.

«Қазақстанда АЭС салу компанияларды дамыту, біліктілігін арттыру және жұмыс орындарын құру есебінен жергілікті өнеркәсіпке пайда әкеледі. Жоғары технологиялық жобаларға қатысу жергілікті мамандарға тәжірибе жинақтауға және кәсіби өсуге мүмкіндік береді».

«Заря Капшагай» Жай бағбандық серіктестігінің төрағасы, атом энергиясы саласының маманы Григорий Мерисов энергетика саласындағы өз тәжірибесімен бөлісе отырып, атом электр станцияларын (АЭС) салудың елеулі мультипликативтік әсеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тұрақты және таза энергия түріндегі айқын артықшылықтардан бөлек, атом энергетикасын дамыту көптеген іргелес салаларға, соның ішінде құрылыс материалдарын өндіруге, жаңа жұмыс орындарын құруға және ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға оң ықпал етеді.

«10 жылдан астам уақыт бойы елімізде электр қуатының жетіспеушілігі орын алуда. Бұл әсіресе энергия тұтынатын ірі кәсіпорындары бар өңірлерде байқалады. Бүгіннің өзінде біз көршілерден шамамен 2,5-3,0 ГигаВатт/сағ. электр энергиясын сатып аламыз, ал қажеттіліктер тұрақты өсу үстінде. Қазір дұрыс шешім қабылдау, энергетикалық секторымыздың векторын таңдау өте маңызды. Қазақстан уран өндіру бойынша көшбасшы елдің бірі ретінде АЭС салу арқылы (менің ойымша, 2050 жылға қарай олардың саны бестен кем болмауы керек) энергия жүйесіндегі тәуелсіздігін қамтамасыз ете алады, жаңа зауыттар сала алады, жұмыссыздық көлемін едәуір қысқарта алады, Қазақстан өңірлері дамуының мультипликативтік әсерін және тұрақты экономиканы қамтамасыз ете алады».

Қонаев қаласының көпсалалы колледжінің директоры Нұрсұлтан Баймуканбетов азаматтық жауапкершіліктің рөлін атап өтіп алдағы референдумның маңыздылығына назар аударды.

«Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша алдағы референдум елдің болашақ энергетикалық секторын дамытуға ғана емес, азаматтық белсенділікті арттыруда да шешуші рөл атқарады. Бұл процесс азаматтарға экология, экономика және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты маңызды шешімдерге тікелей әсер етуге мүмкіндік беріп отыр. Референдумға белсенді қатысу қоғамның хабардарлық деңгейін және оның орнықты болашақты қалыптастыруға қатысуға дайындығын көрсетеді. Ашық талқылау және халықты осындай маңызды мәселелерге тарту демократиялық процестерді нығайтуға және мемлекеттік шешімдерге деген сенімді арттыруға ықпал жасайды».

Отырыс қорытындысы бойынша басқа да  сарапшылар нақты  мәселелерге тоқталып, бірқатар ұсыныстар жасады. Сондай-ақ олар талқылау барысында туындаған сұрақтар өз жауаптарын алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -