Қазақстан шетелдік банктер үшін жағдайды жеңілдетеді

15917
Фотосурет: Gov

Шетелдік банктерге Қазақстанның қаржы нарығына кіруі үшін жағдайлар жеңілдетіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанда шетелдік банктерді ашу жөніндегі талаптарды ырықтандыруға бағытталған түзетулер қабылдау жоспарлануда. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында баяндама жасау барысында мәлімдеді.

Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы міндет қойғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама шеңберінде шетелдік инвестордың Қазақстанның банк нарығына кіруі көзделген және Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі шеңберінде 2020 жылы шетелдік банктің филиалын ашу бойынша талаптар белгіленген.

 «Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның  рейтингіне байланысты болады. Мысалы, шетелдік банктің рейтингі «BB-»-тен «А-»-ке дейін болса, еншілес банкті ашуға арналған құжаттар саны 24-тен 17-ге дейін, ал филиал ашу үшін – 20 құжаттан 10 құжатқа дейін қысқартылады. Рейтингі «А-»-тен бастап және одан жоғары рейтингі бар банктер үшін құжаттар саны тиісінше 10 құжаттан 8  құжатқа дейін қысқартылады. Сонымен бірге шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін Заң жобасында филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына дейін төмендетіледі» Мәдина Әбілқасымова

Сонымен бірге Агенттік Төрағасы шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтілетінін атап өтті. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады.

«Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылатын болады»  Мәдина Әбілқасымова

Заң жобасы шеңберінде Агенттік банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талапты алып тастауды, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеруді ұсынады.

Заң жобасы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы», «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтарын іске асыру үшін әзірленді. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -