ҚазҰУ-дағы жаңа зертхана: қаржы саласындағы теория және практика

4147
Фотосурет: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультетінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қолдауымен «Halyk Academy» атты зертхананың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жаңа буын мамандарын даярлауға арналған зертхана студенттерге қаржы саласында практикалық білім мен тәжірибе алуға бірегей мүмкіндік беру мақсатында құрылды. Бұл өз кезегінде банк және қаржы секторына жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.

Салтанатты шараға Қазақстан Халық банкінің ресми өкілдері мен ҚазҰУ ғалымдары және студенттер қатысты.

«Біздің бірлескен әріптестігіміздің негізінде бүгінгі зертхана ашылып отыр. Бұл өз кезегінде студент жастардың университет қабырғасында алып жатқан теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға берілген бірегей мүмкіндік. Зертханада студент жастар қаржы саласында білім мен әртүрлі дағдыларды меңгеріп, болашақта табысты жұмыс істей алады. Сондықтан біздің Қазақстан Халық банкімен әріптестігіміз ары қарай нығая беретініне сенімім мол» Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары м.а. – бірінші проректор Еркін Дүйсенов
«Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттерге арналған зертханамыздың ашылуы біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінде ақпараттық технологиялар факультетінің түлектері әртүрлі салада қызмет етіп, өз біліктіліктерін көрсетуде. Оған дәлел – біздің Халық банктің HR директоры Индира Аширова осы факультеттің түлегі, өз саласының кәсіби маманы. Сондықтан да факультет математика, қаржы, IT саласының мықты іргетасы қаланған үлкен мектеп болып қала береді» Халық банкі басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев

Бүгінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың негізгі серіктесі ғана емес, сонымен қатар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде «Деректер туралы ғылым/Data Science» білім беру бағдарламасының бірлескен құрастырушысы және жұмыс берушісі болып табылады. Бұл тәсіл оқу бағдарламасы мен кәсіби стандарттардың үйлесімділігін қамтамасыз етіп, түлектерге кеңінен мансаптық жол ашып, динамикалық дамып келе жатқан деректер саласында жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Ашылған зертхана бағдарламасы аясында студенттерге банк сарапшыларының дәрістері, ашық есік күндері, сондай-ақ индустрияның заманауи талаптарын ескере отырып әзірленген банктік мамандықтар бойынша курстар өтетін болады. Сонымен қатар академия аясында ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелерді (R&D) дамыту жоспарлануда. Бұл студенттер мен оқытушыларға қаржы саласындағы инновациялардың дамуына ықпал ететін өзекті жобалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -