Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың төрағалығымен Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) кезекті отырысы өтті, оның барысында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы жобасының негізгі тәсілдері таныстырылып, талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, өңір әкімдерінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшілері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының қорғалуын арттыруға бағытталған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) жобасының негізгі тәсілдерін таныстырды.
Ол мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу бойынша жағдай жасау басты тұжырымдамалық жаңалық болып табылатынын атап өтті.
«Инклюзивті саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға, мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді», – деп атап өтті вице-министр.
Асқарбек Ертаев Тұжырымдаманың негізгі бағыттарына: теңдік пен кемсітпеушілік, құқықтық қорғалу және сот төрелігіне қол жеткізу, жеткілікті өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік қорғау, инклюзивті еңбек нарығы мен өндірістік орта, инклюзивті білім беру, кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі туралы егжей-тегжейлі тоқталды.
Осыдан кейін Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев туризм және спорт саласында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруды, Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамытуды талқылауға бастамашылық жасады.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиакпаров мүгедектігі бар адамдарды теміржол, автомобиль және әуе көлігімен тасымалдау жөніндегі жағдайды жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Ақтөбелік «Пандус-Ок» ҚБ басшысы Шахан Жұлдызбаев өз баяндамасында мүгедектігі бар адамдарға көлік қызметтері мен жеңілдіктер мәселелерін көтерді.
Баяндамашылардың сөздері аяқталғаннан кейін Үйлестіру кеңесінің қатысушылары талқылау өткізді, оның барысында Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасында көзделген одан әрі жұмыс бағыттары оң бағаланды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Тұжырымдама жобасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшелері қолдаған болатын.