Қардың мол болуына байланысты елорданың коммуналдық қызметкерлері тәулік бойы ауысымдық режимде жұмыс істеп, қала көшелерін қардан тазартады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
1300-ден астам арнайы техника мен 2400-ден астам жол жұмысшы күндізгі ауысымда көшелерді қардан тазартуға шықты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ең алдымен, ереже бойынша, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы қарқынды тұстар тазартылады. Сондай-ақ, орташа қарқындылығы бар учаскелер – алаңдар, вокзал маңы, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. қардан тазартылады.
Астанада бір апта ішінде 57 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 4595 жүк рейсін құрайды.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша Астанада 11 қарашада көшпелі бұлт, кейде қар, боран болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы – 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде және күндіз 2-4 аяз, күндіз одан әрі төмендейді.