Мүмкіндіктерге толы қазіргі заман қазақстандық студенттерге тек университетте оқумен ғана шектелмей, түрлі елдердегі халықаралық компанияларда тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті Дінмұхамед Тұрсынбайдың Қытайдағы Huawei кеңсесінде тағылымдамадан өтіп жатқандығы бұған жарқын мысал. DKnews.kz тілшісі болашақ IT-маманына хабарласып, ірі компанияда тағылымдамадан өту мүмкіндігін қалай алғанын сұраған еді.
«Мен есептер шығаруды жақсы көретінмін»
Мен 22 жастамын. Достарым мен әріптестерім мені Димаш немесе Дими деп атайды. Мектеп кезінен есептерге жақын болып, оларды шығарғанды ұнататынмын. Сондықтан студент бола тұра, түрлі олимпиадаларға қатыстым. Мектепті бітіргеннен кейін IT саласын таңдап, Барселона мен Гонконг университеттерінде оқыдым. Алайда пандемия кезінде шетелде оқудың қиындығы артты. Сондықтан Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне ауыстым. Қазір мұнда компьютерлік технологиялар және бағдарламалық қамтамасыз ету факультетінің 3-курс студентімін. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қытайдың Сиань қаласындағы Huawei штаб-пәтерінде тағылымдамадан өтіп жатырмын.
«Олимпиада маған Huawei-де жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік берді»
Мен университеттегі түрлі конкурстар мен олимпиадаларға қатыстым. Бір кездері Жәутіков атындағы студенттер олимпиадасының жүлдегері болдым, қазір сол байқауға арналған есептер құрастырып, қазылар алқасына мүшемін. Сонымен бірге, Қазақстан-Британ техникалық университетінде өтетін олимпиадаға есептер құрастырамын.
Мен өткен жылдан бері ICPC World Finals халықаралық олимпиадасына қатысып келемін. Бұл 1970 жылдан бері өткізілетін халықаралық бағдарламалау олимпиадасы, оған бүкіл әлем студенттері қатысады. Жыл сайын олимпиадада 6 құрлық пен 161 елден 70 000 студент түрлі алгоритмдік есептер шығарады. Конкурста есептеу, логика және алгоритмге қатысты 13 есеп беріледі. Біздің команда іріктеуден өткен жылы да, биыл да өтті. Өткен жылы 140 команданың ішінен 36-орын алдық. Биыл 51-орын алдық. Дегенмен, биылғы жылы бір жарыста мен бірінші болып есеп шығардым. Сол үшін арнайы статуэткамен марапатталдық. Осылайша, әлемде сол есепті бірінші шешкен алғашқы команда болдық.
Жартылай финалда мен ICPC World Finals спонсорларының бірі — Huawei компаниясының өкілдерін көрдім. Ірі компания өкілдері байқауды қолдап, ондағы мүмкіндіктері туралы ақпарат береді. Сонымен қатар, олар білімді, ақылды студенттерді байқап, көзінде оты бар, қызығушылығы жоғары студенттерді тағылымдамаға немесе жұмысқа шақырады. Компанияның болашақта тәжірибелі IT маманы болуға мүмкіндік беретінін естіген соң, мен де қызығушылық таныттым. Сөйтіп, мен Huawei өкілдерімен жартылай финалда және финалда жақынырақ таныстым. Олар да мені байқады. Нәтижесінде, мені компанияның шетелдік кеңсесіне тағылымдамадан өтуге жіберді.
«Мен Huawei-дің жүрегіне келдім»
Huawei сияқты ірі компанияның әлемнің әртүрлі елдерінде – Еуропада, Ресейде, Беларусь Республикасында және басқа да елдерде кеңселері бар. Бұған дейін мен Ресей мен Беларусь Республикасында болдым. Сондықтан мен Қытайдағы кеңседе тағылымдамадан өтуді қаладым және осы елді таңдадым. Қытайдағы кеңсеге келіп, Huawei-дің жүрегіне келдім.
Huawei-дің Қытайдағы кеңсесінде тағылымдамадан өтудің бірқатар артықшылықтары бар. Біріншіден, университетте зерттеу әдістері бойынша сабақтар басталды. Солардың теориясын интернеттен оқып, Қытайда іс жүзінде қолдана алдым. Екіншіден, Huawei — әлемдегі ең ірі халықаралық компаниялардың бірі. Мұнда мықты, білікті мамандар жұмыс істейді. Мен олардан көп нәрсе үйреніп жатырмын. Үшіншіден, студент болып жүріп, табыс табуға мүмкіндік алдым. Huawei менің ұшақ билеттерім мен қонақүйге кеткен шығындарымды төледі. Ал Қытайдағы кеңсе қызметкерлері маған елді тануға, банк картасы, SIM карта және басқа құжаттарды рәсімдеуге көмектесті. Сонымен қатар, олар пәтер табуға көмектесті. Жақында тағылымдама үшін төлем де төленеді. Төртіншіден, елдің мәдениетімен танысу мүмкіндігі туды. Huawei кеңсесі Қытайдың ең ірі ішкі қалаларының бірі — Сианьда орналасқан. Бұл қалаға туристер көп келе бермейді. Көпшілік жергілікті тұрғындар ағылшын тілінде сөйлемейді, барлығы өз тілінде сөйлейді. Әрине, бір жағынан бұл қиын. Бірақ екінші жағынан, бұл елдің тілін үйренуге, мәдениетімен, дәстүрімен және халқымен танысуға мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша мен мұнда қысқа дейін боламын, ал емтихан кезінде Қазақстанға ораламын. Егер менің жұмысым Huawei өкілдеріне ұнап, ал маған олардың компаниясы ұнаса, мен басқа қалада немесе елде тағылымдамадан өтуге немесе жұмыс істеуге мүмкіндік аламын деп айтты. Қазіргі кезде 10 000-нан астам адам жұмыс істеп жатқан үлкен кеңседе жұмыс істеуіме өте қуаныштымын. Болашақта қай салада жұмыс істейтінімді және магистратурада оқитын-оқымайтынымды әлі шешкен жоқпын. Huawei маған өз жолымды табуға үлкен көмек болатыны анық.
Басқа студенттер мен жастарға өз қызығушылықтарына байланысты әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға қатысуға кеңес беремін. Себебі, осындай байқауларды Huawei сияқты түрлі халықаралық компаниялар қолдайды. Оларға қатысу тек марапат алуға ғана емес, сонымен қатар күшті IT-маманы ретінде мансапты бастауға мүмкіндік береді.