Әскери қаржыгерлер ұлттық валюта күнін атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан қаржыгерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында салтанатты іс-шара өтті.
Оған Қорғаныс министрлігінің, Экономика және қаржы департаментінің, Бас қаржы инспекциясының, Мемлекеттік сатып алу орталығының басшылығы, Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының мамандары, Ақмола гарнизонының қаржыгерлері, Қарулы күштер қаржы қызметінің ардагерлері қатысты.
Іс-шараның басында қаржы қызметінің қалыптасу кезеңдері, даму перспективалары және ведомство мамандары туралы баяндайтын фильм көрсетілді.
Жиынға қатысушыларды Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов мерекемен құттықтады. Ол қызмет ардагерлеріне Қазақстан армиясын қаржылық қамтамасыз етудің дербес жүйесін қалыптастыру ісіне қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Бүгінде ол әскерлерді материалдық-техникалық жарақтандыруды, инфрақұрылымды дамыту мен күтіп ұстауды, әскери қызметшілерді лайықты әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді, кәсіптік әскери білім алуды, сапалы медициналық қызмет көрсетуді және басқа да қызмет салаларын қамтиды.
Қаржылық қамтамасыз етудің көп деңгейлі жүйесі әскерлердің қажеттіліктерін уақтылы қанағаттандыруға және бюджетті жоспарлау мен орындаудың әр кезеңінде қаражаттың жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Оны жетілдіру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде.
Кәсіби мереке құрметіне мінсіз қызметі және қойылған міндеттерді шешуге жауапкершілікпен қарағаны үшін ерекше көзге түскен мамандар «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен және Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірқатар қаржыгерлерге алғыс жарияланып, бағалы сыйлықтар табыс етілді және мерзімінен бұрын әскери атақтар берілді.
Салтанатты жиын Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.