Көлік-логистика саласын дамыту

7128
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралды. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров инфрақұрылым жағдайы жөнінде және келешегі бар жобалар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.

 Бүгінде Қазақстан тиімді транзиттік трансконтиненталді бағыттар желісін қалыптастырған. Ел аумағы арқылы 5 теміржол және 8 автокөлік, жалпы халықаралық 13 көлік дәлізі өтеді.

Мемлекет басшысы қойған Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық хабын құру міндетіне жету үшін үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2027 жылға дейін 1,3 мың шақырым жаңа теміржол желілерінің құрылысы жоспарланған. «Достық – Мойынты» т/ж екінші жолын, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты-Аягөз» жаңа т/ж желілерін төсеу жұмыстары басталып кетті.  Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде  Достық станциясының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін арттырады. Алматы станциясы арқылы жүк тасымалының уақыты қысқарады. Сарыағаш станциясын жеңілдетіп, Қытай бағытына өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға дейін арттырады. Сонымен қатар үздіксіз тасымал мен магистралды теміржол қуатын арттыру мақсатында 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде оның 2,8 мың шақырымнан астам жолы жөнделді.

Бүгінде автомобиль жолдарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Рекордтық қамтуы 12 мың шақырымды құрайтын жолдар салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, оның 7 мыңы биыл аяқталады. Автокөлік тасымалдарының тиімділігін арттыру үшін 2029 жылға дейін ЕАЭО ішкі шекарасындағы 36 өткізу бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Бірінші кезеңге 6 тармақ кіреді, оның құрылысы 2025 жылы басталады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде темір жол тасымалы бойынша экспорт 130 млн тоннаға дейін жеткізіледі, импорт пен транзит көлемі тиісінше 60% және 65%-ға артады.  Автокөлік тасымалдары бойынша экспорт пен импорт 2 есеге, транзит 6 есеге артады деп күтілуде.

Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне жоспарланған барлық жобаның уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -