2024 жылғы 22 қарашада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді және жалпыұлттық болып табылады. Еліміздің барлық өңірлерінде лауреаттарды анықтау мақсатында шығармашылық байқаулар өткізілді.
Жоба өскелең ұрпақты - мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын, сондай-ақ түрлі этнос жастарын Қазақстан халқының ұлттық және рухани құндылықтарына баулуға, сондай-ақ мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҚХА этномәдени бірлестіктерінің және қоғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар Ассамблеяның «Мың бала» жобасының мемлекеттік тілді этносаралық тілі ретінде насихаттау арқылы этносаралық келісімді нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік тілді үйрену арқылы жас ұрпақ Қазақстан халқының мәдени, рухани және ұлттық құндылықтарын сіңіреді.
Іс-шара аясында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының әр жылдардағы жеңімпаздары бірлесіп өнер көрсетті.
«Өнерлі өрге жүзер» номинациясы бойынша жеңімпаздар: Югай Нелли (Ақтөбе қ.), Курбанов Санжарбек (Шымкент қ.), Ибадуллаева Лобар (Түркістан облысы), Ильясов Роман (Алматы облысы), Повчун Андрей (Ұлытау облысы), Боровикова Диана (Маңғыстау облысы), Таиржан Дамир (Алматы қ.), Курбанов Даниял (Жамбыл облысы), Бливернец Ясмина (Қарағанды облысы), Ахмадуллина Диана (Батыс Қазақстан облысы), Николаева Дарья (Қостанай облысы), Титова Эвелина (Ақмола облысы), Чистова Алиса (Павлодар облысы), Аль-деек Набиль (Атырау облысы), Сироткина Ника (Солтүстік Қазақстан облысы), Федорович Ульяна (Жетісу облысы), Пятикова Ульяна (Қызылорда облысы), Карпичко Тимур (Абай облысы).
«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ҚХА бастамасымен 2015 жылдан бастап жүзеге асырылуда. 2015-2024 жылдар аралығында жобаны іске асыру аясында барлығы 125 мың іс-шара ұйымдастырылып, оған түрлі этностар жастарының 3 млн. жуық өкілі қатысты. Жоба бағдарламасы халықаралық тәжірибені ескере отырып іске асырылады және қатысушыларға мәдени-тілдік ортаға толықтай дерлік қосылуға мүмкіндік береді.