Ұлттық төлем корпорациясы заңды тұлғалар үшін онлайн-қол қою сервисін іске қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» акционерлік қоғамы заңды тұлғалар арасында бұлтты электрондық цифрлық қолтаңбаны (БЭЦҚ) пайдалана отырып, құжаттарға онлайн-қол қою сервисінің іске қосылғанын хабарлады.
Жаңа сервис Ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылым жобасы аясында жүзеге асырылып, басты назар ашықтыққа, тиімділікке және заңдық сенімділікке аударылған. Бұл бастама бизнес-қоғамдастыққа цифрлық құжат айналымының ыңғайлы әрі қауіпсіз механизмін ұсынады.
БЭЦҚ шығару процесі «ҰТК» АҚ-ның аккредиттелген куәландыру орталығы арқылы жүргізіледі. Ондағы криптографиялық кілттер Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарына және RFC халықаралық стандартына толық сәйкес келеді.
Енді заңды тұлғаларға физикалық тасығыштар, арнайы бағдарламалар немесе күрделі баптаулар қажет емес. Бар болғаны смартфон мен интернетке қолжетімділік жеткілікті. Қол қою процесі бірнеше минутта жүзеге асырылады және көп факторлы аутентификация (биометрия мен SMS тексеру немесе пароль) арқылы қорғалған.
Сервис тәулік бойы, 24/7 режимінде жұмыс істейді, сондықтан пайдаланушылар әлемнің кез келген нүктесінен құжаттарға онлайн-қол қоя алады. Сервис арқылы қол қойылған барлық құжаттар заңды күшке ие және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сай келеді.
«Аталған сервисті енгізу цифрлық ортада сенімді нығайтуға, құжат айналымының тиімділігін арттыруға және инновациялық дамуды ынталандыруға ықпал етеді», – деді «Ұлттық төлем корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Жанар Самаева. «Біз мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сценарийлерін енгізу тәсілдерін жалғастырып, операциялар мен төлемдердің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуді жалғастырамыз».
Бұл бастама Қазақстанның қаржылық экожүйесін цифрландыру жолындағы маңызды қадам болып табылады және бизнес-процестерді жеделдетуге, шығындарды азайтуға, сондай-ақ цифрлық сенімді арттыруға бағытталған.