Қазақстанның Қостанай, Көкшетау, Талдықорған, Орал, Тараз, Өскемен, Шымкент, Қызылорда, Семей және Петропавл қалаларында облыстық IT-форумдар өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
3 мыңнан астам қатысушы жинаған бұл іс-шаралар өңірлерде цифрлық трансформацияны қолдаудың және тәжірибе алмасудың негізгі алаңына айналды.
Форум қатысушылары цифрландыру, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, үлкен деректер және мемлекеттік құрылымдарда технологияларды қолдану сияқты маңызды тақырыптарды белсенді талқылады. Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған Стартаптар аллеясында жас компаниялар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынып, инвесторлармен танысып, менторлардан құнды кеңестер алды. Шара барысында бизнес-процестерді автоматтандыру және агротехнологияларға жасанды интеллектіні енгізу саласында маманданған қостанайлық Aitomaton стартабы, сондай-ақ жастарға арналған тағылымдамалық бағдарламалар ұсынатын шымкенттік Amanbay Tech стартабы таныстырылды.
«Өңірлердегі цифрландыру форумдары Қазақстан өңірлеріндегі IT-саланың қарқынды дамуын және елдің цифрлық трансформациясында шешуші рөл атқарып отырғанын айқын көрсетті. Бұл іс-шаралар аймақтық стартаптардың өсуіне ықпал етіп, IT-нарықтағы негізгі ойыншылармен байланыс орнату алаңына айналды. Өңірлерден бастау алған бастамалар қазірдің өзінде елдің экожүйесіне оң ықпалын тигізіп, цифрлық Қазақстанның дамуына үлес қосуда. Біз жас таланттардың табыстарын мақтан тұтамыз және оларды жаңа жетістіктерге жету жолында қолдауды тоқтатпаймыз» Astana Hub басқарушы директоры Дания Ахметова
Форумдар аясында IT-мектептердің көрмелері, ойын әзірлеу, жасанды интеллект және мобилография бойынша воркшоптар ұйымдастырылды. Қатысушылар меморандумдарға қол қою рәсімдеріне, хакатон мен стартап-батл финалдарына қатысып, жеңімпаздарды марапаттау салтанатына куә болды. Сонымен қатар инновацияларға белсенді қолдау көрсетіп жүрген IT-саланың белсенді өкілдері мен серіктестеріне алғыс айтылды.
Форумның жарқын сәттерінің бірі – Grand Mobile мобильді ойынының авторы Роман Линейцевтің туған қаласы Өскеменде сөз сөйлеуі болды. Туған жері мен форумның ерекше атмосферасынан шабыт алған Роман Oskemen Hub-та өткен хакатонның жүлде қорын екі есе арттырып, өңірдің экожүйесіне маңызды үлес қосты. «Туған жерімізді ұмытпай, өз жолын бастап жатқан жастарға қолдау көрсету маңызды. Бұл жерде үлкен әлеует бар екенін байқадым Роман Линейцев
Облыстық форумдар жергілікті әзірлеушілермен қатар ірі технологиялық компаниялар мен IT саласының жетекші мамандарының қызығушылығын тудырды. Жаһандық компаниялардың өкілдері облыс орталықтарында тәжірибе алмасып, воркшоптар мен тренингтер ұйымдастырып, гранттық қолдау бағдарламаларын ұсынды.
Digital Aqmola, Jaiq Digital Day, IT Innovation Fest Oskemen Hub, Digital Abai IT Forum, FinAI Forum Zhambyl Hub, Shymkent IT Hub – Platform of Opportunities, Qostanai Digital Day, DevFest Taldykorgan, Digital Kyzylorda Forum, SKO Hub өңірлік IT-форумдары Astana Hub бастамасымен және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, жергілікті әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен өткізілді.