5192
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Қазақстанның солтүстігінде, ел айбындарын тәрбиелейтін қасиетті ұғыммен біте қайнасып жатқан Ұлттық ұлан академиясы тек әскери тәртіп пен сапа ғана емес, ерлік пен патриотизмнің алаңы болып табылады. Бұл жерде болашақта еліміздің қорғанысында тұратын, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтар тәрбиеленеді. Міне, осындай білім ордасының ішінде үлкен үміт пен сенім арқалаған жас сержант Айдарханов Нұрали Нұрланұлы өз кәсіби жолында абыройлы із қалдыруда.

2005 жылдың 17 қарашасында Көкшетау қаласында дүниеге келген Нұрали әскери салада қызмет еткен әкесі Нұрлан Айдарханұлының ықпалымен жасынан тәртіпті, ер мінезді, іскер болып өсті. Әкесі мен анасы Гүлмираның тәрбие берген ұрпағы 9-сыныпты тәмамдаған соң әскери мектепке оқуға түсіп, Ұлттық ұлан Академиясына дейінгі жолды асқан жауапкершілікпен жүріп өтті.

Әкесі секілді офицер болу, халыққа қызмет ету – Нұралидің балалық арманы. Әкесі Нұрланның әскери қызметтегі өнегелі жолы, өз-өзін ұстауы мен ел алдындағы адалдығы жас Нұралидің болашағына нақты бағыт берді. Қарағандыдағы Республикалық «Жас ұлан» мектебінде оқу кезінде ол өзінің әскери салаға деген шынайы қызығушылығын танытып, әртүрлі іс-шараларға белсенді қатысып, ұстаздық, жетекшілік қабілеттерін де шыңдады. Мұндай көшбасшылық қасиеттері Ұлттық ұлан Академиясында да айқын көрініс тапты.

Академияға түсісімен, оның бойындағы қайсарлық пен ермінезділік бірден байқалды. 2 оқу батальонының курсанттар қатарында өз рота командирі майор Жасұлан Алибекұлының сенімін арқалап, бөлемше командирі ретінде тағайындалды. Бүгінде Нұралидің әскери тәртібі мен тұлғалық қасиеттері қатарластарына үлгі боларлықтай дәрежеде. Академияның тәрбиеленушілері оның белсенділігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне қарай бой түзеп, өз жолдарын дұрыс таңдайды.

Нұрали тек оқу үлгерімімен ғана емес, спорттағы жетістіктерімен де көзге түсті. «Жайдарман» сайыстарына қатысып, команданың жетекшісі ретінде екінші орынды жеңіп алды. Әрдайым қайсар әрі еңбекқор Нұрали оқу орнында тек теориямен ғана емес, тәжірибемен де үлкен нәтижелер көрсетіп келеді. Оған қоса, 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде ерлік танытып, әскери қызметшілермен бірге адамдарды эвакуациялап, су тасқынының алдын алу жұмыстарын атқарды. Осы бір күндердің бірінде, Петропавл қаласындағы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының алғыс хатымен марапатталды. Бұл да жас жігіттің бойындағы патриотизм мен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Ұлттық ұлан Академиясында алдағы уақытта да өз ата-анасының үмітін ақтай отырып, үлкен істерге ұмтылып жүрген Нұралидің арман-мақсаттары асқақ. Қазақ халқында «Үлкен істер жасау үшін ғаламда - үлкен арман керек екен адамға» деген сөз бар. Нұрали осындай арманның иесі екендігін дәлелдеуде. Ол ел қорғау жолындағы үлкен іс-шараларға атсалысуды, халықтың сенімін ақтауды, өз еліне қызмет ету жолында әрдайым алға қадам басуды көздеп келеді.

Кез келген істі адал, шын жүректен атқаратын Нұрали секілді азаматтар еліміздің болашағы үшін маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта оның есімі тек әскери салада ғана емес, еліміздің өркендеуіне қосқан үлесімен де тарихта қалады деп сенеміз.

Қатардағы Маржан Талапкер

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -