2024 жылғы 28 қарашада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында әйел тергеушілердің әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеуге мамандануы және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі ішкі істер органдары бөлімшелерінің қызметі қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Президент ана мен бала мүддесін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл – мемлекеттің стратегиялық міндеті. Биыл Ұлттық комиссия «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтауды қамтамасыз ету бағытына басымдық береді. Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарды тергеу жүйесін жетілдіру мәселесі Ұлттық комиссияның тұрақты бақылауында. Біздің міндетіміз – тергеуші әйелдердің әлеуетін пайдалана отырып, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңның орындалуын бақылау және оны толық қамтамасыз ету», – деді отырыста Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов пен Ұлттық комиссия мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омарова сөз сөйледі.
ІІМ құрылымындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшенің штат саны 256 бірлікке дейін ұлғайтылды. Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеумен 261 әйел-тергеуші айналысады.
Құрылған топтардың тиімді жұмыс істеуі үшін қызметтің ұйымдастырушылық негіздері, оның ішінде әйел тергеушілердің осы қылмыстық істерді айрықша тергеуі туралы талаптары айқындалған қағидалар әзірленіп, бекітілді.
ІІМ-нің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелері ағымдағы жылы 16 мың бұзушылықтың жолын кесті, 91 мың дебошир әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 24 мыңы қамауға алынды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Мобильді топтар мекен-жайы бойынша 33 мыңнан астам отбасын қарап, көмекке мұқтаж 1 мыңнан астам отбасын анықтады.
Ұлттық комиссия «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп «Бір қадам» «One-Stop-Service» пилоттық жобасына бастамашылық жасады, жобаны Айман Омарова басқарады. Жоба ағымдағы жылы 46-дан астам қылмыстық істі қарады, олардың көпшілігі балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Өтініш білдірген 669 әйелдер мен балалар шұғыл құқықтық, психологиялық және сараптамалық көмек алды.
Жоба өзінің сұранысы мен тиімділігін көрсетті. Ағымдағы кезеңде жоба шеңберінде талап-арыздар берілді, соның негізінде кәмелетке толмағандарды бүлдіру, зорлау, қудалау, қорқыту, түрмедегі зорлық-зомбылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық нәтижесінде кісі өлтіру бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Ұлттық комиссия әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы құқық қолдану практикасын қадағалауды жалғастырады. Бұл жұмыстың тиімділігі құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың және бей-жай қарамайтын азаматтардың келісілген жұмысы қаншалықты сәтті құрылатынына тікелей байланысты болады.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.