Қарауыл бастығының көмекшісі

6886
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Алматы облысының Заречный кентінде үш бірдей түзеу мекемесін күзетіп тұрған Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімі орналасқан. Әскери бөлім түзеу мекемелерін күзетіп қана қоймай, сотталғандарды қадағалып, бақылауда ұстау, қашуына жол бермеу сияқты бірқатар міндет атқарады.  Ал бұл міндеттерді жүзеге асыратын, әрине, қарауыл қызметі.

Қарауыл қызметі – жауынгерлік тапсырмаға жататын, мейлінше қырағылықты, батыл шешім мен бастама қабылдай білуді талап ететін әскери қызмет. Қарауыл қызметін атқару үшін қарауылдар тағайындалады. Бүгін біз осы қызметті он төрт жылға жуық абыроймен атқарып келе жатқан 3660 әскери бөлімінің 1 атқыштар ротасының аға маманы-қарауыл бастығының көмекшісі кіші сержант Аслан Сәрсенбай туралы әңгімелемекпіз.

Аслан Серікбайұлы 1990 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Кейін отбасы Жетісу облысы Сарқан қаласына қоныс аударып, балалық шағы сонда өткен. Бала кезінде үйлері мектептің жанында болғандықтан, мектеп стадионына жиі барып, үнемі спортпен айналысып жүрген. Каникулдарда атасы мен әжесінің ауылына барып, бұзау бағып, балық аулап, суға түсіп қызықты өткізетін.

2008 жылы Сарқан қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы әскери борышын өтеуге Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне шақырылған. Әскерден келген соң, жездесі Қайрат Қанатұлының кеңесімен әскери қызметші болуға шешім қабылдайды. Өзінің көздегені де сол еді, қарауыл бастығы болып қызмет атқартын әскери жездесінің кеңесі бірден көңіліне қона кетті. Міне, 2011 жылдан бері бір орында тапжылмай қызмет атқарып келе жатыр. 2012-2014 жылдары Қонаев қаласындағы Бәйтерек колледжін қатар оқып жүріп, заң саласының маманы бойынша диплом алып шыққан.

- Біздің әскери бөлім үш қылмыстық атқару жүйесін күзетеді. Жақында жедел мақсаттағы батальон қосылып, өңірдегі ең үлкен әскери бөлімдердің бірі болдық. Біздің міндетіміз – қылмыстық атқару жүйесі мекемесіндегі сотталғандардың қашуына жол бермеу, бақылау-өткізу пункттерінде мекемеге кіріп-шығатын адамдардың құжатының дұрыстығын тексеру, автокөліктерді тінтіп, тыйым салынған заттардың кіруіне жол бермеу. Әрдайым жауынгерлік әзірлікті жоғары ұстау. Сақшылардың қызметін қырағылықпен атқаруын қадағалау міндеттелген. Қарауыл қызметіне қарумен қызмет атқару үшін арнайы психологиялық-моральдық төзімді сарбаздар іріктеледі.

Қызмет барысында сақшылар қырағылық арқылы көптеген құқық бұзушылыққа жол бермеуде. Мысалға айта кетсем, 3-бекет сақшысы ефрейтор Дулат Айтмұхаметов автокөлікті тексеру барысында карабин оғын тапты. Осы әскери қызметші жақында тағы да қырағылық танытып, бір мезетте есірткіге ұқсас 29 дана түйіншек, 2 дана қуаттау құрылғысын, 3 дана телефон, 2 дана сим карта, 1 литр белгісіз сұйық зат тапқан. Қатардағы Рамазан Тұңғатар автокөлік тінту барысында 500 гр жасыл түсті тыйым салынған затты тапты. Қатардағы Мәулен Маратов бекетте қырағылық танытып, түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттың лақтырылуына жол бермеді. Айта берсем, бұндай мысалдар көп, - дейді Аслан Серікбайұлы.

Кейіпкеріміз өзінің отбасы жайлы да айтып берді.

- 2015 жылы жұбайым Махаббат екеуіміз отбасын құрып, шаңырақ көтердік. Қазір төрт бала тәрбиелеп отырмыз: үлкен қызым Кәусар 8 жаста, ұлым Амир 7 жаста, кіші ұлым Алихан 3 жаста, кішкентайымыз Көркем 1 жаста. Әкем Серікбай Нұрбопаев 2022 жылы өмірден өтті. Анам Күлайым – зейнеткер, өзімнің қолымда.

Әскери бөлімде аға буынның кейінгі буынға тәлімгерлік жасауы, қызметтің қыр-сырына үйретіп баулуы жақсы жолға қойылған. Кіші сержант Аслан Сәрсенбай да алғаш өзіне бағыт-бағдар берген, бүгінгі зейнеткер прапорщиктер Батыр Тауасаров, Ербол Акемеев, аға сержант Ердәулет Ақтаев сынды тәлімгерлерін ризашылықпен еске алды. Өзінің де осы қызметке жаңадан келіп жатқан жастарға бар білгенін үйрететінін, Ұлттық ұланға келгеніне, оның ішінде осы қызметті таңдағанына еш өкінбейтіндігін атап өтті.

Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова, Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -