Іс-шаралар атқарушы билік өкілдері, Қарулы күштер мен Ауған соғысы ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен жақындарының қатысуымен салтанатты жағдайда өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қарағанды гарнизонында «Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімінің 200-ден астам сарбаз әскери ант берді. Бұл бөлімге жас сарбаздар Астана қаласы, Ақмола, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан келді.
– Анттың әр сөзі үлкен мағынаға ие. Ант берген соң әрқайсыңыз толыққанды әскери қызметші атанып, Отанды қорғау жөніндегі қасиетті міндетті мойынға аласыздар, – деп атап өтті «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Шәкен Жарылқасынов.
Қатардағы жауынгер Мейірлан Хамзе атап өткендей, жас жауынгер курсы әскерге шақырылушыларға көп нәрсе береді. Олар қаруды қолдануды үйреніп қана қоймай, тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын түсінді.
– «Спасск» оқу орталығының полигонына алғаш барған кезімізде біз автоматтан алғаш рет аттық. Алдымызда әлі де көп сынақтар бар, – деп қосты ол.
Аягөз гарнизонындағы 10810 және 10181 әскери бөлімдерінде қызмет ететін 350-ден астам сарбаз әскери ант берді.
– Әскер – батылдық пен патриотизм мектебі. Мұнда сіздер әскери-есептік мамандықты игеріп, жауынгерлік серіктестіктің бағасын түсінесіңдер – деді Аягөз гарнизонының бастығы подполковник Дастан Мұхаметжанов.
Жас жауынгер курсынан өткен қатардағы жауынгер Алтынбек Ырғызбаев қызметтің алғашқы айы туралы өз әсерімен бөлісті.
– Командирлер айтқандай, біздің жетістіктеріміз ең алдымен жинақылық пен тәртіпке байланысты. Бір айда біз оны дөп игеріп, көп нәрсені білдік, – деді сарбаз.
Іс-шара соңында жас жауынгерлер қонақтарға қоян-қолтық ұрыс элементтерін, қару-жарақпен және қарусыз саптық әдіс-тәсілдерді көрсетті. Ата-аналар үшін әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырылып, олар ұлдарының қандай жағдайда қызмет ететінін өз көздерімен көре алды.