Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері 800 метр биіктіктен парашютпен секіруді орындады, передает DKnews.kz.
Бөлім командирінің әуе-десанттық дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Данияр Сыдықов атап өткендей, парашютпен секіру десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасына кіреді.
– Секіруге жіберілген барлық әскери қызметшілер алдын ала дайындықтан өтті. Парашютті ретке келтіру, әуедегі және қону кезіндегі іс-қимылдарды егжей-тегжейлі зерделеді, – деді подполковник Д. Сыдықов.
Арнайы әуе-десанттық кешенінде жаттыққан десантшылардың моральдық-психологиялық жағдайын психологтар бағалады.
– Ми-17 тікұшағының бортында бірлесе толқып, біресе бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Парашютпен секіргенде өзімді нағыз десантшы сезіндім. Бұл биіктіктен төменге құлдилау сәтін ешқашан ұмытпайтын шығармын, – деді кіші сержант Ержан Лұқпан.
Парашютпен секіру – әуе-десанттық дайындығының ең күрделі әрі жауапты кезеңі. Оның сәтті орындалуы жоғары шеберлікті, нұсқаулық ережелерін бұлжытпай сақтауды, батылдықты қажет етеді.