Жеке ротаның жауапты міндеті

7040
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әскер қатарында қызмет атқарып, Отан алдындағы парызын өтеу- бұл әрбір ер азамат үшін қасиетті парыз.

Себебі туған жерді, елді, қорғау бұл біздің байырғы заманнан бері келе жатқан борышымыз. Біздің ата-бабаларымыз өз туған жерлері үшін қасық қандары қалғанша соғысқан. Сондықтан біздің елдің әрбір ер азаматы әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезініп, қызмет атқаруға дайын болуы керек. Сөзбен патриот болу әрбір ер азаматтың қолынан келетін зат, алайда іс жүзінде айтылған сөздерді дәлелдеу оңайлыққа соқпайтыны да рас. Себебі еліміздегі әскери органдардың мүддесі берік, абыройы биік, тәртібі қатал. Біздің қазақ халқы үшін Отанды қорғау - бұл ұрпақтан-ұрпаққа таралып келе жатқан дүние. Әлем елдері арасында жер көлемі бойынша тоғызыншы орында тұрған мемлекетіміздің алар асулары да көп. Сәйкесінше, қазіргі уақытта еліміздің кең байтақ даласын бірнеше әскер түрлері күзетуде. Әрине, әр қайсысының атқаратын қызметі әртүрлі, барлығы да жауапты. Алайда ел ішіндегі тыныштықты қамтамасыз ететін, күні-түні, қысы-жазы, ауа-райына қарамастан өз қызметтерін адал атқаратын Ұлттық ұлан сарбаздарының қызметі өзгелерге қарағанда бір төбе.

Бүгінгі біздің мақаламыз қарауыл  қызметті қырағылықпен атқаратын «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510  әскери бөлімінің Атбасар қаласында орналасқан 4 жеке атқыштар ротасы туралы болады. Бұл рота қаладағы түзету мекемесінде қарауылдық қызметті қамтамасыз етеді.

- 1972 жылы негізі қаланған бұл атқыштар ротасы негізі үш қызмет атқарады. Оның біріншісі қылмыстық атқару мекемесін күзету, екінші қызметі бойынша қылмыстық атқару мекемесінің бақылау мен қадағалау, ал үшіншісі сотталғандарды айдауылдау қызметін атқарады. Аталмыш ротамызда 300 - ге жуық әскери қызметкерлер қызмет атқарады. Біздің ротамыз жыл сайын еліміздің 7 облысынан 140 қа жуық сарбазды қабылдайды, - деп атап өтті рота командирі майор Райымбек Жамал.

Жалпы қарауыл қызметіне келер болсақ, Қарауылдық қызмет деп түзету мекемелерін қорғау бойынша жауынгерлік міндет атқаратын арнайы жасақталған роталар мен батальондарды айтады. Арнайы жасақталған құрам рота командирі мен қарауыл бастығына бағынады. Ал қарауыл бастығы болса, қарауылға тапсырылған түзету мекемелерін күзетуге  және қорғауға және жеке құрамның жауынгерлік әзірлігіне жауап береді. Түзету мекемесін күзету қызметі ешқашан оңай қызмет қатарларына кірмеген, себебі  Ұлттық ұланның басқа қызметтеріне қарағанда қызығы мен қиындығы бірге жүретін бұл қызмет түрі әрқашан да ерекше болып келеді. Себебі қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдау барлық әскери қызметкерлердің қолынан келе бермейді. Қызмет уақыты кезінде сотталушы азаматтардың көзқарасы әскери қызметкерлерге де өз септігін тигізеді. Біз Атбасар қаласына келгенде ауа-райы -25 градусты көрсетіп тұрды. Былай қарасақ, адам денесіне бірден сезілетін бұл ауа-райында да қарауыл қызметі өз міндетіне кірісуге дайындық жүргізіп отырды. Дәл сол сәтте қарауыл басшысы рота командирінен қызметке кірісу жайлы бұйрығын алып, таралымнан соң, қызметке түсуге жол тартты. Барлық қызметтегідей қарауыл қызметінде де қызметті ұйымдастыру белгілі бір ережеге сәйкес жүргізетіні бәрімізге мәлім. Жаңа ауысымда қарауыл қалашығына келіп, сап түзеп өздерінің қызметке кірісуге сақадай сай екендерін танытты. Қызметке дайындық барысында қарауылшылар бірден өздерінің қару оқтау орнына барып, барлық әрекеттерін қатесіз орындап иықтарына бекітілген қаруларын алып, бекетке қарай бет алды.

- Қарауыл қызметі өте қатты табандылық пен шапшаңдылықты және де қайтпас қайсар мінезді қажет етеді. Бізде әскер қатарына ең алғаш келген, оқу пунктінен бастап қарауылдық қызметке түсу үшін арнайы дайындықтардан өтеміз,-деді қатардағы сарбаз.

Бекетке қарай бет алған сарбаздар жарғыға сәйкес, бір-бірінің артынан жүріп, бесінші бекетке қарай аппақ қардың үстінен басып келе жатты. Бекет маңына жақындаған сәтте қарауыл бастығы жарғыға сәйкес пәрмендерін беріп, бесінші бекетке көтеріліп, жарғыға сай қорғаныс, байланыс, дабыл құралдарының жұмыс күйін тексеруге кірісіп те кетті. Кешкі уақытта сарбаздарға қар басқан айналадан бөлек, көз алдарында тұрған жан-жағы темір сыммен оралған ғимарат қана түсуде. Қыс мезгілі болғандықтан айналадағы көрініс тіпті бір қорқынышты фильмдердегідей әсер қалдырады. Күнделікті атқаратын қызмет болғаннан шығар 18-19 жасар жас балалардың көздері бұл көрініске үйреніп те қалған. Бесінші бекеттегі тексерісті аяқтап, алтыншы бекетке бет алған қарауылшылар өз бекеттеріне сеніммен аяқ басып келуде. Міне, алтыншы бекет маңына да аяқ бастық, қарауылшылар қайтадан өздеріне тән бекеттердің аймағын пәрменнен соң күзетке алып тұрды. Ал біз болсақ, қарауыл басшысы мен бірге алтыншы бекетке көтерілді. Жерден біршама биіктікте тұрған бұл бекеттен көрінетін көріністе басқаларда өзгеше емес, сол баяғы темір сымдар, сол баяғы ғимарат. Бекетке көтерілген сәтімізде, бекетте тұрған сақшы темір торап есігін бізге айқара ашты. Ішіне кірген соң, бекеттің ішінен қарауылшы мен қаруды көрдік. Сондай-ақ қыстың суығына арналған арнайы күртешесіне де көзіміз түсті. Иә, әрине, қыстың қаһарлы аязында бұл күртешелердің тигізетін көмегі көп. Бекет үстінде тұрған шағымызда қарауыл бастығы қарауылшының жағдайын сұрап, жарғыға сәйкес дыбыс құралдарын тексерді. Бекеттерге сақшыларды қойып болған соң, ескі ауысыммен бірге қарауыл бастығы қарауыл үй-жайына қарай бет алды.  Қарауыл аймағын аралау барысында көзімізге барлық әскери қызметкердің жарғыға сәйкес өз қызметтерін ешқандай қатесіз орындап жатқандарын байқадық. Бұның барлығы әскери тәртіптің жақсы сақталғандығының белгісі. Әрбір әскерге келген жас сарбаз қызметке түспес бұрын өзінің аға шақырылымымен бірге бекетке түсіп, бекет аймағын жаттайды.

Әрине, қазіргі таңда қарауыл үй-жайында жеке құрамның қызметті сапалы атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Таңғы, түскі және кешкі ас күнделікті кестеге сәйкес уақытылы беріледі. Үй-жайының ішінде киім кептіретін бөлме, жаңа газет журналдар мен шахмат, шашки секілді үстел ойындары да бар. Жеке құрамның жауынгерлік қызметке деген дайындығы да жоғары деңгейде. Себебі рота командирі мен қарауыл бастығы әрбір қызметке түсетін сарбаздарға ең алдымен қызмет жайлы сұрақтар қойып, білімдерін тексереді. Әрбір үш сағат сайын ауысатын бұл қарауылда барлық сарбаздар өз қызметтеріне түсуге кез-келген уақытта дайын. Сонымен қатар қарауыл құрамындағы кинолог мамандарда өздерінің қызметтік иттерімен бірге айналы тексеріп те өтеді. Себебі адам мұрны сезбейтін және адам көзі көрмейтін жерлерде сезу қабілеттері жақсы дамыған қызметтік иттер түзету мекемесіне әкелініп жатқан заңсыз заттарды бірден тауып алады. Осылайша бұл қызмет бір сағатқа да тоқтамай жылына 12 ай 365 күн қатарынан орын ала береді. Сол себептен  қарауылдық қызмет Ұлттық ұланның атқаратын қызметі ішіндегі ең жауаптыларының  бірі. Өздерінің анттарына берік болған ұландықтар қазақ елі мен жерін қорғауда өздерін тек биік шыңдардан көрсетіп келеді. Бізде өз кезегімізде бекет басында тұрып, бір сәтке де көз ілмей, өздеріне берілген қызметті адал атқаратын ұландықтардың қызметіне сәттілік тілеп, Отан алдындағы борыштарын атқарып, аман есен үйлеріне оралуын тілейміз.

Лейтенант Бақдәулет Манарбек, Қарағанды - Атбасар

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -