ХХ ғасырдың басынан бастап көптеген елдердің билік өкілдері табиғат заңдылықтары мен адам физиологиясын ескермей тәуліктің жарық уақытын «тиімді» пайдалану мақсатында жазғы озық уақытты (өз орналасқан уақыт белдеуінен шығысырақ орналасқан белдеуді пайдалану) қолдана бастады. Белдеулік уақыт Жердің өз осінен айналып оның беткі қабатымен Күннен түскен жарықтың қозғалуымен байланысты және талтүс уақыт белдеуінің әрбір орта меридианы бойынша 12:00-ге сәйкес келуі керек.
Жер ғаламшары әрқайсысы 15 градустан тұратын 24 уақыт белдеуіне бөлінген, барлық белдеудің қосындысы 360 градусқа (әр градус 4 минутқа тең), яғни Жердің өз осінен 24 сағатта толық айналып шығуына сәйкес келеді. Жердің 15 градусқа айналуы 1 сағатта іске асады. Әр уақыт белдеуінің орта меридианында сағат тілінің 12:00 көрсетуі Күннің осы меридиандағы кульминациясына сәйкес астрономиялық талтүс болып есептеледі. Белдеулік бөлу үшін Гринвич меридианы (GMT0) бастау нүктесі, ал оның екі жағынан әрқайсысы 7,5 градус UTC0 уақыт белдеуі болып табылады.
Қазақстанның шығыс облыстары жағдайында UTC+5, GMT-мен 5 сағат айырмашылықпен орта меридиан шығыс бойлықпен 75 градус (75:15=5) Балқаш және Екібастұз қалалары арқылы өтеді, енді осы бойлықтың екі жағынан әрқайсысы 7,5 градус (30 минуттан) шығыс бойлықпен 67,5 және 82,5 меридиандар арқылы +5 уақыт белдеуінің шекаралары өтеді. Осы бойлықтарда жатқан барлық аумақ UTC+5 уақыт белдеуі болып табылады. Ендік уақыт есептеуде қолданылмайды.
Жердің өз осі бойынша тәуліктік айналуы жарық пен қараңғылықтың қайталанатын циклдері бар өзіне тән динамикалық экожүйені туғызады. Бұл геофизикалық құрылымда тіршілік Күннен бөлінбей пайда болды, ол 24 сағат аралықпен Жер бетіне жарық жеткізеді.
Энергия мен геноуытты стресс көзі ретінде жарық барлық жарық сезгіш тіршілік формаларына күшті эволюциялық әсер етеді. Жарық фотосинтезге қажетті фотоэнергиямен қамтамасыз еткенімен, ол өзінің жарық-қараңғы циклдары арқылы күшті радиация мен температураның тез ауытқуы түрінде де экологиялық әсерлер тудырады. Оның нәтижесінде циркадты ырғақпен (латынша circa – шамамен, die күндіз) өмір сүрудің көптеген түрлері мен олардың биологиялық үрдістері пайда болып, дамыды. Циркадты ырғақтарды белгілі бір астрономиялық күнде дәл 24 сағат болмағандықтан күндізгі шама деп атайды, сондықтан тірі ағзалардың денесіне ішкі эндогендік ырғақтарды сыртқы табиғи ырғақпен күнделікті синхрондауы қажет.
Осының әсерінен миллиардтаған жылдар эволюция барысында жер бетінде өзіндік хронометраждың эндогендік механизмдері, қоршаған орта сигналдарымен әрекеттік, биологиялық және зат алмасу ырғақтары үшін ішкі молекулалық механизмі бар тіршілік формалары пайда болды. Олар фенотипті вариация, жасушаішілік, жасушалық, мүшелік, жүйелі деңгейде табиғаттың периодты түрде өзгеретін ырғақтарына ағзаның адаптациялануын шегіне жеткізу мақсатында қоршаған ортаның күнделікті цикліне бейімделу үшін циркадты ұйымдастырылуды мүмкін етті.
Эволюциялық тұрғыдан алғанда циркадты ырғақтар өмір сүру үшін белгілі бір артықшылықтар береді. Циркадты ырғақтар өсімдіктер мен бір жасушалы ағзаларда да кездеседі. Дәл осы эволюциялық негізде барлық дерлік іргелі биологиялық үрдістер күннің шығуы және батуымен байланысты болады әрі биологиялық ырғақтарға бағынады.
Ішкі сағаттың жұмысына жауапты гендер period және timeless деп аталады. Олардың белсенділігі күні бойы ауытқиды және ілмекті кері байланыс механизмімен реттеледі. Осы гендер кодтаған ақуыздардың мөлшері белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін осы ақуыздардың синтезі тоқтайды, деңгей төмендегенде синтез қайта басталады.
Ұйқы мен оянудың, тыныштықтың пен белсенділіктің, аш жүру мен тамақтанудың, катаболитті және анаболитті циклдердің үйлесімді циркадты реттелуі адамның оңтайлы денсаулығы үшін өте маңызды. Ген экспрессиясындағы циркадты ырғақ биохимиялық үрдістер мен зат алмасу ағындарын сыртқы ортамен синхронизациялап, ағзаның физиологиялық сын-тегеуріндерге жауап ретінде тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Бұл ырғақтардың негізгі таймгеберлері (уақыт беруші, уақыт белгілеуші, синхронизатор) жарық пен қараңғы болып табылады. Көз арқылы жарық пен қараңғының әсерінен ағзада күнделікті өзгерістер болып тұрады. Осылайша күнделікті, циркадты ырғақтар қайталанып тұрады. Циркадты ырғақтардың болуы ғылымға бұрыннан белгілі болғанымен, осы уақытқа дейін бұл гендердің жасуша ішінде қалай басқарыланатыны белгісіз.
2017 жылы циркадты ырғақтардың жасушаішілік механизмін ашқаны үшін АҚШ-тың үш ғалымы Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығымен марапатталды, бұл хронобиология саласындағы зерттеулерге одан әрі қызығушылық тудырды, өйткені бұл физиология мен генетикадағы көптеген үрдістерді, адам ағзасы мен оның әрекетін түсіндірді, бұл медицинада қолдану үшін маңызды жаңалық болып табылады.
Жер бетіндегі барлық тіршілік иелері сыртқы ортадағы ырғақты өзгерістерге тәуелді және Күннің шығуы мен батуы, сондай-ақ Күннің көкжиектен ең жоғары нүктеге көтерілу сәті, яғни нағыз (астрономиялық) талтүске (12:00) бағытталып биологиялық ырғақтарға ұшырайды. Хронодислокация немесе ішкі десинхронизация басталуымен ағза ырғағының толық жоғалуы немесе ырғақ фазасының құбылуы ырғақтың физиологиялық жиынтығын өзгертуі мүмкін, бұл зат алмасудың бұзылуына және ауруға, яғни хронопатологияға әкеледі.
Биологиялық ырғақтардың пайда болу жағдайларын, табиғатын, тұрақтылығы мен маңызын, сондай-ақ сыртқы биоритмдер мен адам денсаулығының өзара байланысын хронобиология ғылымы зерттейді. Хронобиология (көне грекше хронос – уақыт) – белгілі бір уақыт аралығында биологиялық жүйелерде болатын ырғақты өзгерістерді зерттейтін биология саласы. Биоырғақтар тіршіліктің негізі болып табылады, тірі және тірі емес табиғаттың бірлігін қамтамасыз етеді және ағзалардың бейімделуіне негіз болады және әрқайсымыздың өмір сүруімізге мүмкіндік тудырады.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін дұрыс қолдану үшін ең алдымен уақытты есептеу шарттарын білу қажет, олар: жергілікті уақыт (LT), белдеулік немесе қысқы уақыт (ST), жазғы уақыт (DST), тұрақты жазғы немесе декреттік уақыт (PDST) және Гринвич уақыты (GMT, UTC).
«Ескі уақыт белдеуін қайтару» петициясына қол қоюшылардың талабы іс жүзінде осы мақаланың басында жазылған тұрақты дектерттік жазғы уақытын (PDST) қолдануға шақыру болып табылады.
Қорытындылай келе ғылыми әдебиеттерде ғалымдар DST мен ST арасында уақыт алмастыруға (жазғы уақыт пен қысқы уақытқа көшуге) және PDST толық көшуге түпкілікті қарсы. PDST күндізгі жарықты «тиімді» пайдалану мақсатында жазғы уақытты шамамен 8 айға дейін созу арқылы жоғарыда келтірілген барлық әсерлерден асып кетеді (қолданып отырған елге байланысты), ал биологиялық сағат әдетте жазғы ұзақ жарық күндерге қарағанда қыстыгүні кештеу болады (күндізгі уақыттың қысқаруына байланысты). Ал уақытпен ойнау, оны дұрыс есеп жүргізбеу ең басты құндылық адам, оның денсаулығы мен өміріне кері әсер етуі мүмкін. Әр елдің әртүрлі, тіпті қате атауларды қолдануына байланысты неше түрлі жаңсақ түсініктер орын алуда. Мысалы, декреттік уақытты «жергілікті» уақыт деп атай отырып, халықты жаңылыстырып жатады. Сондықтан алдымен терминдерді әртүрлі түсіну проблемасын шешіп алу керек және халықаралық практикада қолданылатын терминдерге сүйену қажет деп есептеймін.
Аппазов Нұрбол Орынбасарұлы – химия ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші профессоры