Бүгін Алматы қаласында маңызды мемлекеттік нысандарды күзету мен қорғау бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындайтын арнайы 3650 әскери бөлімі 25 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық өкілдері келіп, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және өңірлік қолбасшылықтың құттықтауын жеткізді. Бөлімнің құрылып, дамуына көп еңбек сіңірген алғашқы командирлері мен ардагерлері де ұмыт қалған жоқ. Үздік әскери қызметшілер, бөлімнің ардагерлері және өзара бірлесіп қызмет атқаратын орган өкілдеріне мерекеге орай құрмет көрсетіліп, басшылық тарапынан марапатталды.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан бөлім командирі полковник Айдос Шаяхметов қонақтар мен жеке құрамды мерекемен құттықтап, әскери бөлімнің ширек ғасырлық жауынгерлік жолына тоқталып өтті. Әскери қызметшілердің Отан қорғау жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
"Әскери бөлім жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Жеке құрам арасында үздік қызметімен көзге түсіп жүрген әскери қызметшілер аз емес. Барша әріптестерімді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, қызметтеріне қажыр-қайрат тілеймін" Полковник Айдос Шаяхметов
1999 жылдың желтоқсан айында 3650 әскери бөлімі ресми түрде құрылды. Дегенмен, әскери бөлімнің тарихы әріден келе жатыр. 1991 жылы тәуелсіздігін алған Қазақстан алтын қорын бір жерге жинақтап, Алматы облысы Жамбыл ауданының жинақ кассасына әкелді, яғни елдің құнды заттарын талан-таражға түсірмей, күзетке алу керек болды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің құндылықтарын сақтау ғимаратын күзету бойынша арнайы комендатураның жеке құрамы жинақталды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің құндылықтарды сақтау ғимараттарының және жеке арнайы комендатуралардағы күзет жүйесінің өзгеруіне байланысты 1999 жылғы 20 желтоқсанда 3650 әскери бөлімінің құрылған күні ресми бекітілді. Әскери бөлім 25 жыл уақыт бойы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы, Банкнот фабрикасы және Ядролық физика институты сияқты маңызды мемлекеттік нысандарды күзету мен қорғауға өзінің қомақты үлесін қосып келе жатыр.
Қазіргі уақытта 3650 әскери бөліміне полковник Айдос Шаяхметов басшылық жасап отыр. Бөлімнің қолбасшылығы мемлекеттік маңызды нысандар күзетін қамтамасыз ететін жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі мен моральдық-психологиялық ахуалын жоғары деңгейде ұстап тұру үшін нәтижелі қызмет атқарып отыр. Оның дәлелі – мемлекеттік маңызды нысандардың күзетіне осы күнге дейін ешқандай ескерту мен айтарлықтай шағым түскен емес.
Мереке көрермендерге ұмытылмас сәттер сыйлаған және барлық қатысушылардың рухын көтерген шығармашылық ұжымдардың жарқын қойылымымен аяқталды.