2024 жылдың қорытындысы: ҚР Білім Министрлігінің жетістіктері

2673
Фотосурет: Gov

2024 жыл - Қазақстанның білім беру жүйесінің дамуында маңызды кезең болды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Оқу-ағарту министрлігі уәкілетті орган ретінде мектепке дейінгі білім беруден бастап техникалық және кәсіптік білім беруге дейінгі барлық деңгейдегі білім берудің сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырып келеді.

Мектепке дейінгі білім беру

Бүгінгі таңда елімізде 11,6 мың мектепке дейінгі білім беру ұйымында шамамен 1 миллион бала тәрбиеленуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел өңірлерінде 75,5 мың орынға арналған 627 мектепке дейінгі ұйым ашылып, кезекте тұрған 2-6 жас аралығындағы балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамтылды.

Мектепке дейінгі ұйымдарда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында пилоттық режимде ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта бұл жүйені бүкіл ел аумағы бойынша тарату жоспарлануда.

Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар жанынан балалары балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін 4,2 мыңнан астам кеңес беру пункті жұмыс істейді. Бұл пункттер балаларды тәрбиелеу мен дамытуда ата-аналар үшін үлкен көмек, сондай-ақ ол балалардың мектепке дейінгі білім алуына тең мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Биылғы жылы 328 мыңнан астам ата-ана мен балаға әдістемелік және педагогикалық қолдау көрсетілді. Балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарын қолдау мақсатында «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы әзірленіп, іске қосылды. Ол Абай, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында пилоттық режимде сынақтан өтіп, ата-аналар тарапынан оң бағаланды.

Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің арасында синхрондау жұмыстары жүргізілуде. Оның шеңберінде баланың жеке даму картасы цифрландырылғанын да атап өту керек.

Ұлттық құндылықтар негізінде «Тәрбие бесігі» бағдарламасы әзірленді. Балаларды ерте жастан тілдік ортаға бойлату мақсатында биылғы жылдың қыркүйек айында білім беру ұйымдарында әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған «Тілге бойлау» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба халықаралық инновациялық тәжірибелерге негізделген, ол баланың шығармашылық дамуын ынталандырып, оқу процесінде қолдау көрсетеді. Әдістің ерекшеліктерінің бірі – балалардың шығармашылығын шектемей, керісінше оны дамыту, бұл олардың байланыстырып сөйлеу қабілеті мен сөздік-логикалық ойлау деңгейіне оң әсер етеді. Қазіргі уақытта жоба елдің бес өңірінде жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар болашақ бірінші сынып оқушыларына арналған «Балақайлар мектебі» мектепалды даярлық бағдарламасы әзірленді. Ол бағдарлама мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, педагогтер мен ата-аналарға балаларды мектептегі оқу процесіне стандартты оқу бағдарламасының барлық бағыттары бойынша даярлауға мүмкіндік береді. Бағдарлама Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі білім беру және оқыту стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленген. Биыл бұл бағдарламадан 115 мың бала өтті.

Орта білім беру

Бүгінде орта білім беру жүйесінде 7964 мектеп бар, онда 3,9 миллионнан астам бала білім алып, 408 мың педагог қызмет етеді.

2024 жылы қол жеткізген ірі жетістіктердің бірі – халықаралық олимпиадаларға қатысқан қазақстандық оқушылардың әрбір екіншісі жүлделі орындарға ие болды. Химия пәні бойынша ең беделді Халықаралық олимпиадада (IChO) және робототехникадан «First Global Challenge» әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 190 елдің арасынан оза шауып, екі олимпиадада да үш мәрте әлем чемпионы атанды. Қазақстан құрамасының қоржыны жалпы 563 медальмен толықты, оның ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола медаль бар. Ең беделді 7 олимпиадада жүлделі орындарға ие болған 26 қазақстандық оқушыға ақшалай сыйақылар тағайындалды: алтын медаль үшін – 1500 АЕК, күміс үшін – 1000 АЕК, қола үшін – 500 АЕК.

Тағы бір жарқын оқиға ретінде - шілде айында Қазақстанда IBO-2024 ең беделді биология пәні бойынша Халықаралық олимпиаданың өткізілуін атауға болады. Оған 81 елден 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысты. Қазақстан құрамасы 100% медальдық нәтиже көрсетіп, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатты.

Екінші жыл қатарынан Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада өткізіліп келеді. Нәтижесінде ауылдық оқушылардың жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 10 есеге жуық артып, мыңдаған ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Еліміздің тарихында алғаш рет екі бірдей педагог «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Оларға сондай-ақ, «Алтын жұлдыз» ерекше белгісі мен «Отан» ордені табысталды. Педагогтердің мұндай атаққа ие болуы Президенттің олардың еңбегін жоғары бағалауы және ұстаздар қауымына көрсеткен құрметі. Марапат иегерлері: Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының 40 жылдық еңбек өтілі бар математика пәні мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова және Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Траисова.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының қолынан 23 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алды. Республикалық байқау қорытындысы бойынша тағы 64 педагог «Үздік педагог» атанды. Барлық 89 педагогке 1000 АЕК (3,9 миллион теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы тағайындалды.

Педагог мамандығына түсуге ниет білдіруші жастар саны айтарлықтай артты. Егер өткен жылы 1500 «Алтын белгі» иегері мұғалім болуды таңдаса, 2024 жылы олардың саны 1800-ге жетті. Биылғы жылы еліміздің мектептеріне 8 мыңнан астам жас мұғалім жұмысқа қабылданды.

Сапалы білім беру мен елдік мақсатқа бағдарланған тәрбие жұмыстарының дұрыс жүргізілуі әрине, білім беру ұйымдарының басшыларының кәсіби әлеуетіне байланысты. 2023 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Президенттік жастар кадрлық резерві» үлгісімен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске қосылды. Нәтижесінде шығармашылық, көшбасшылық және жасампаздық қасиеттерге ие жаңа басшылар құрамы құрылды. Жоба аясында өткен жылы 207 педагог, биыл – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 376 педагогі іріктеу мен дайындықтан өтті.

Сонымен қатар, орта білім беру ұйымдарынан 80 мыңнан астам педагог «Өрлеу» БАҰО ұйымдастырған тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті, олардың 57,8%-ы ауыл мектептерінің мұғалімдері.

Еліміздегі мектептердің 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту және ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында өңірлерде де кіші жобалар іске қосылды. Атап айтар болсақ, мәселен, Ақтөбе облысында «Шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды пайдалана отырып дамыту», Алматы облысында «Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім сапасын арттыру», Маңғыстау облысында ««Отпан» тірек мектептер желісін дамыту» Ұлытау облысында «Ustaz Ulytau» жобалары өз нәтижелерін берді. Жалпы, жоба нәтижелерінен биылғы жылы  2023 жылмен салыстырғанда, шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасының орта есеппен 7-9%-ға артқанын аңғаруға болады.

Әлеуметтік жағынан осал отбасы балаларына қорытынды емтихандарға дайындалуда қолдау көрсету мақсатында 2024 жылдың қыркүйегінде 2576 мектепте «Цифрлық ұстаз» жаңа жобасы іске қосылды. Оның аясында оқушыларға электронды платформалар мен цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділік берілді. Сондай-ақ базалық пәндер бойынша қосымша сабақтармен 27 114 оқушы қамтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР оқу-ағарту  министрлігі ЦДАӨМ-мен, Astana hub халықаралық технопаркімен және «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесе отырып, оқушылар мен педагогтерді  бағдарламалау негіздеріне оқытуға арналған онлайн білім беру платформасының пилоттық жобасын іске қосты. Оның аясында 300-ден астам мұғалім мен дәріс берушілер екі бағыт бойынша біліктіліктерін арттырады: «Жасанды интеллект» және Game Development. Сонымен қатар, 27 мыңнан астам мектеп оқушысы бағдарламалау дағдыларын меңгереді.

Техникалық және кәсіптік білім

Бүгінде елімізде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар, онда 565 мың студент білім алуда, оның ішінде 177 мың студент оқуға биылғы жылы қабылданды.

Дуальды оқытумен 91 мың студент қамтылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемі 143 мың орынға өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артқанын көрсетеді. Ал студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90 пайызды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік тапсырыстардың 65 пайызы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс салаларына бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстандағы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 79 пайызды құрайды.

Колледж студенттерін қолдау мақсатында шәкіртақы төлемдері екі есеге ұлғайтылды: 2023 жылы – 50%, 2024 жылы 300 мыңнан астам студентті қамти отырып тағы 50%-ға артты. Мұқтаж студенттердің 87 пайыздан астамы жатақханаларда орынмен қамтамасыз етілді. 2019-2023 жылдар аралығында 14,8 мың орындық 76 жатақхана, биыл 1,2 мың орындық тағы 4 жатақхана пайдалануға берілді. Бұдан басқа мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі: олар үшін тамақтану ұйымдастырылады және жолақы төленеді. Әрине, бұл техникалық мамандықтарға түсуге ниет білдірушілердің санының артуына өз септігін тигізді.

Ұлттық құрама ел тарихында тұңғыш рет Францияның Лион қаласында өткен 47-ші Халықаралық WorldSkills чемпионатында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетіп, 6 үздік медальон мен «Ұлт үздігі» номинациясын жеңіп алды.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың жаңа тәсілдері әзірленді. Колледждерде кадрларды даярлау өңірлердің экономикасын ескере отырып, 4 макроөңірдің ерекшеліктері негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 195 колледжді бейіндеу және ірілендіру жұмыстары басталды.

Колледждерде 160 стартап жоба іске қосылып, 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Кәсіби стандарттардың, МЖМБС және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Оқытудың тиімді озық әдістері мен тәсілдерін тарату мақсатында локомотив колледждер анықталды, заманауи колледждер базасында 3 IT орталық құрылды.

Инклюзивті орта

Білім беруде инклюзивті және кедергісіз орта құру барлық оқушылар үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. Бүгінде еліміздегі мектептердің 90%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалған, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80%-ға жетті.

Биыл алғаш рет психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау көрсету бөлмелері мен жеке бағдарламалар үшін жаңа талаптар әзірленді.

Мектептерде «педагог-ассистент» лауазымы енгізілді, бұл осы саладағы мамандардың санын бір жылда 1 мыңнан 2,5 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. I және II топтағы мүгедектігі бар жандар, бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау квотасы 10%-ға ұлғайтылды.

ПМПК ашудың нормативі 60 мың баладан 50 мың балаға дейін төмендетілді. Арнайы ұйымдар желісі көбейіп келеді. Олардың саны 496-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 21 бірлікке артты. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға арналған 96 қолдау бөлмесі ашылды. 600-ден астам арнайы оқыту бағдарламасы әзірленді.

Балалардың құқықтарын қорғау

 Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау еліміздің әлеуметтік саясаты мен құқықтық жүйесінің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.

Балалардың құқықтарын бұзу жағдайларына жедел ден қою үшін биылығы жылдан бастап бақылау субъектілеріне ескертусіз жоспардан тыс тексерулер енгізілді, объектілердің тізбесін ұлғайту бөлігінде Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылау функциялары кеңейтілді, оның ішінде әкімшілік жауапкершілікке тарту өкілеттігі берілді. Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен өкілеттігі заңмен белгіленді.

Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңының аясында биылығы жылдың маусым айында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті күшейтетін нормалар енгізілді. «111» байланыс орталығының қызметі заңды түрде бекітілді.

Елімізде 330-дан астам адам жетім балаларға тәлімгерлік етуде.  Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандардың штаттық саны 692 бірлікке дейін ұлғайтылды. Жетім балаларға арналған 36 ұйым Балаларды қолдау орталықтарына трансформацияланды.

Мемлекет әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам балаға Жалпыға міндетті білім беру қорынан киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алуға 22,5 миллиард теңгеден астам қолдау көрсетті. Ол атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасылардағы оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардағы оқушыларға көрсетілді.

Биыл алғаш рет еліміздің 20 өңірінде Психологиялық қолдау көрсету орталықтары ашылды. Бірнеше айдың ішінде бұл орталықтарда 240 мыңға жуық азаматқа (оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер) көмек көрсетілді.

Білім беру ұйымдарында Жеке қауіпсіздік сабақтары жүргізіле бастады. Сабақтарда жеке бас қауіпсіздігінің негіздері, қоғамдық орындарда, көшеде, үйде және интернетте өзін-өзі ұстаудың қауіпсіз ережелері туралы дәрістер беріледі.

 «Қазақстанның медиация мектептері» жобасы жүзеге асырылуда. Ол қауіпсіз және қолдаушы білім беру ортасын құруға бағытталған. Бастама аясында еліміздің барлық мектептерінде мектеп медиация қызметтері жұмыс істей бастайды. Медиация қызметіне жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, ата-аналар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, қамқоршылық кеңестер мен аға буын өкілдері тартылды.

Тәрбие жұмысы. Қосымша білім беру

Мектеп балалардың бойында азаматтық-патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда басты рөлдердің бірін атқарады.

Өткен жылдың қыркүйек айында министрлік алғаш рет «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірлеп, қабылдаған болатын. Биылғы жылы бағдарлама Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында жария еткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатындағы алты құндылық тобына және 77 қадамдық іс-шараға сәйкес қайта жаңартылды.

Бағдарлама аясында еліміздің барлық мектептерінде Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеуде. Олардың басты бағыты балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын арттыру, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Бағдарламаның жүзеге асырылуының арқасында ата-аналардың балаларының мектептегі өміріне қатысуы 40%-дан 60%-ға дейін өсті. Мұғалімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 82%-ы бағдарламаның сынып жетекшілерінің кәсіби дамуына оң әсерін, 84%-ы «Біртұтас тәрбиенің» оқушы белсенділігінің өсуіне оң әсерін, ал 71%-ы мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығының артқанын атап өтті.

«Оқуға құштар ұлт» жобасына қосылған оқушылар саны 30 пайыздан асты, мектеп кітапханаларының қоры биылғы жылы 1,3 миллион кітапқа артып, жалпы саны 4,8 миллион дананы құрады. 1717 коворкинг-орталықтарын құру арқылы білім беру ұйымдары кітапханаларының материалдық-техникалық базасы жақсартылды.

Ел Президенті балалардың шығармашылық пен қолөнердің қыр-сырын меңгеруі үшін балалар үйірмелерінің жұмысын қалпына келтіру міндетін қойды. Биылғы жылы балаларды қосымша біліммен қамту 86,3%-ға дейін өсті – бұл 3,3 млн бала, ал қосымша білім беру ұйымдарының желісі 1625-тен 1713-ке дейін артты. Жалпы, қосымша білім беру үш бағытта жүзеге асырылады: мектептен тыс ұйымдар, мектеп үйірмелері мен спорт секциялары. Елімізде барлығы 1625 мектептен тыс ұйым бар және әртүрлі бағыттағы 380 үйірме түрі ұсынылады.

Сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдарының құрылысы да қарқынды жүруде. Биылдың өзінде 8 қосымша білім беру орталығы, 3 балалар сауықтыру орталығы (лагерьлер), ауылдық мектептерде 779 комъюнити-орталықтар ашылды, 190 қосымша білім беру ұйымы жаңартылды.

Балалардың сауықтыру демалысын, жұмыспен қамтылуын және бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру 2024 жылдың жазында басты мәселелердің біріне айналды. Биыл алғаш рет лагерьлер үшін бірыңғай талаптар әзірленіп, оның жұмысына волонтерлер мен қосымша білім беру мұғалімдері тартылды. Сондай-ақ, лагерьге қабылдау мен нұсқаулық өткізудің республикалық мониторингі құрылды. Уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен балаларды сауықтыру орталықтарының тізілімі жасалды. Балалар мен олардың ата-аналарына ыңғайлы болу үшін «Балаларға базарлық» және «Қауіпсіз жаз» ақпараттық пакеті әзірленді. Балалардың жазғы демалыс мәдениетін дамыту және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі «Сенің қуанышқа толы демалысың» Guidebook-ін әзірледі. 120 мың педагог-ұйымдастырушы арнайы оқудан өтті. Өңірлерде «Ұлы дала кереметі», «Жас Ғалым», «Гастро туризм», «Бір күн қалада», «Қонақжай отбасы» атты жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша бірегей жобалар жүзеге асырылды. 2024 жылдың жазының қорытындысы бойынша 11287 балалар сауықтыру орталықтарында 3,1 млн оқушы немесе балалардың 93,4%-ы демалыспен және сауықтырумен қамтылды, оның ішінде 600 мыңнан астам бала әлеуметтік жағынан осал отбасылардан және 5 мыңнан астамы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден.

Инфрақұрылым, қауіпсіздік, цифрландыру

Білім беру инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде 200 мыңнан астам оқушы орны құрылды.

Оның ішінде 19 нысан Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылды. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ инвестиция тарту есебінен – 56 мектеп ашылды.

Ел тарихындағы ең жарқын оқиғаның бірі - «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының басталуы болды, оның аясында бүгінге дейін 41 мектеп ашылды. Қуанарлығы сол, жайлы мектептердің 44 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан.

Мектеп құрылысының бұрын-соңды болмаған қарқынмен салынуы -   білім беру ұйымдарында орын тапшылығы мен үш ауысымда оқу мәселесін едәуір азайтуға мүмкіндік берді.  Осылайша, бүгінде елімізде бір ауысымда жұмыс істейтін мектептер саны 3 мыңға жуықтады. Сонымен қатар, 280 мектеп күрделі жөндеуден өтті, 842 мектепке 1395 заманауи пән кабинеттері (робототехника, химия, биология, физика, STEM) сатып алынды. 1000 ауыл мектебін жаңғырту 7 бағыт бойынша жүргізілді: ағымдағы жөндеу, жиһаздарды, кітапханаларды, асханаларды жаңарту, қауіпсіздік жағдайын жақсарту. Су тасқынынан зардап шеккен 25 нысан қалпына келтірілді.

10 мыңнан астам білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелерінің техникалық жарақтандырылуы арттырылды.

Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 1,7 миллион мектеп оқушысы мен 97 мың балабақша тәрбиеленушісі тегін ыстық тамақпен қамтылды. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану стандарттары қайта қаралып, білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты әзірленді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беруді цифрландыру үдерісін жеделдету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мектептерде интернет жылдамдығы 19%-дан 90%-ға дейін ұлғайтылды. Қазақстандық мектептердегі жоғары сапалы интернет көрсеткіші 3 есеге өсті. Сондай-ақ мектеп оқулықтары 100 пайыз цифрлық форматқа көшіріліп, 11 платформада қолжетімді болды.

Еgov Mobile мобильді қосымшасында жаңа Bilim қызметі іске қосылды. Онда негізгі және жалпы орта білім туралы цифрлық аттестат қолжетімді. Электронды үкіметтің egov.kz веб-порталында мектептердің бірінші сынып оқушыларын және колледж студенттерін қабылдау жүйесі автоматтандырылды.

«Педагогтерді жұмысқа қабылдау» модулі әзірленді, онда бос оқытушы лауазымына орналасу үшін ашық конкурс өткізіледі. Цифрлық шешімдердің арқасында мұғалімдер үшін республикалық байқаулар өткізу кезінде өтінімді онлайн беру, оның қай кезеңде екенін, сарапшылардың қандай балл қойғанын бақылау және т.б. қызметтер қолжетімді болды.

Астана қаласында және Маңғыстау, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында 215 мектепте тиісті санаттағы балаларды тегін тамақтандыру бойынша «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -