Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жыл қорытындысын шығаруда. Айта кету керек, мәдениет пен өнер саласындағы кадрларды дамытуға бағытталған жүйелі іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024-2025 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 1637 орын бөлінді.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына студенттерді сапалы қабылдау мақсатында, кейбір қолданыстағы білім беру бағдарламалары топтары бөлініп, нәтижесінде 12 жаңа топ құрылды (аспаптық орындаушылық, вокалдық өнер, дәстүрлі музыкалық өнер, эстрадалық өнер, кино және теледидар режиссурасы, сахналық өнер мен цирк режиссурасы, анимация режиссурасы, операторлық және фотоөнер, медиаөнер және цифрлық технологиялар, сценография, сәндік өнер, сондай-ақ сән дизайны).
Биыл білім беру саласында ауқымды іс-шаралар мен маңызды оқиғалар өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітова есімі берілді. Бұл шешім қазақ мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан ерекше тұлғаны мойындау ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысты нығайтудағы маңызды қадам болды.
Еліміздің музыкалық өнері үшін ерекше маңызды оқиға – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы өзінің 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Сексен жыл ішінде консерватория мәдени орталыққа айналып, Қазақстанды әлемдік аренада танытқан көптеген өнер қайраткерлерін тәрбиеледі. Оның түлектері арасында Қазақстанның халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер және көрнекті музыканттар бар.
Сонымен қатар, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты да мерейтойын тойлады. Мерейтойлық іс-шара мерекелік концертпен атап өтілді.
Жыл бойы білім беру процесінің маңызды бөлігі түрлі байқаулар мен фестивальдер болды. Олар жас таланттарға платформа ұсынып, жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал етті.
Айтулы іс-шаралардың бірі — Күләш Байсейітова атындағы музыка мектеп-интернатында өткен Қазақстан жас орындаушыларының XII Республикалық конкурсы. Оған 187 жас талант қатысып, олардың 162-сі лауреат атанды.
Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореография училищесінің 90 жылдығына арналған «ӨРЛЕУ» VI Халықаралық фестивалінің өткізілуі хореография өнеріне көпшілік назарын аударды. Фестивальге тоғыз елден өнерпаздар қатысты.
Жас таланттарды қолдауға және дамытуға бағытталған байқаулар да үлкен маңызға ие болды. Атап айтқанда, колледждер арасындағы Республикалық байқау, жас шығармашыл жастарға арналған «Шабыт» Халықаралық байқауы, Ахмет Жұбанов атындағы орындаушылардың Халықаралық байқауы және «Astana Merey» ХХ Халықаралық байқауы өткізілді.
Айрықша атап өтуге лайық іс-шаралардың бірі — жас пианистерге арналған II Республикалық «Astana Piano Passion» байқауы. Бұл шара жас дарындарға өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік беріп, Қазақстанның мәдени кеңістігін жаңа есімдермен байытты.
Жыл бойы мәдениет саласындағы білім беру мекемелерінің оқушылары шетелде өткен халықаралық байқауларда, соның ішінде Австрия, Қытай, Италия, АҚШ, Чехия және Ресейде бірнеше рет жеңіске жетіп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды.