Металлургтер экспортты 20%-ға арттырды, бірақ бұл көрсеткіш тек түсті металлургияға тән. ҚР тау-кен металлургия кешенінде қандай мәселелер туындауы мүмкін?
Қазақстандағы тау-кен металлургия кешенінің (ТМК) өндіріс көлемі ағымдағы жылдың он бір айында құндық мәнде 12,5 трлн теңгені құрады, бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 10,8 трлн теңгеге тең болды. Бұл — Қазақстанның барлық өнеркәсіптік өндірісінің 27,9%-ы.
Мұның ішінде металл кендерін өндіруге 4 трлн теңге (немесе ҚР барлық өндіру өнеркәсібінің жиынтық өндірісінің 19,9%-ы), металлургияға 8,5 трлн теңге (өңдеу өнеркәсібі өндірісінің барлық көлемінің 39,4%-ы) тиесілі.
ТМК өндіру сегментінде 3,5 трлн теңгеге түсті металдар кендері, 0,6 трлн теңгеге темір кені өндірілді. Металдарды өңдеу саласында 5,9 трлн теңге түсті металлургия мен асыл металдарға, 2,6 трлн теңге қара металлургияға, тағы 31,1 млрд теңге металл құюға жұмсалды.
ҚР ТМК ірі компанияларының қатарына Eurasian Resources Group, ERG («Қазхром», «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан Алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», «Жәйрем Марганец»), KAZ Minerals тобы (KAZ Minerals Bozshakol, KAZ Minerals Aktogay, «Шығыстүстімет»), «Қазмырыш», «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазатомөнеркәсіп» тобы, «Өскемен титан-магний комбинаты», Қазақстанға қайтарылған Qarmet және басқалары кіреді.
Темір кендері мен темір кені түйіршіктерін, құрамында алтын бар концентраттарды, қорғасын концентраттарын, қорғасын-мырыш және хром кендерін өндіру бойынша оң көрсеткіш байқалды. Ал марганец кендері мен концентраттар сегментінде өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады.
Металлургиялық өндірісте шойын, мыс, ферроқорытпалар (ферросиликомарганецтен басқа), сондай-ақ легирленбеген болаттан жасалған тегіс пішімдер, шыбықтар, ұзын шыбықтар мен табақтар өндірісі өсті. Легирленген болат және одан жасалған бұйымдар, сондай-ақ күміс санаттарында өндіріс көлемінің қысқаруы байқалды. Толық сандар мен деректер кестелерде берілген.
Жалпы, тау-кен металлургия кешенінің Қазақстан экономикасына әсері орасан зор. Qazindustry сарапшылары атап өткендей, отандық ТМК еліміздің экспортқа бағдарланған өнеркәсіп секторларының бірі болып табылады және айтарлықтай дәрежеде жаһандық процестерге интеграцияланған. Алайда, бұл интеграцияның кері тұсы да бар: сектордағы жағдай халықаралық жағдайға және соңғы жылдардағы геосаяси дағдарысқа байланысты.
Мұндай проблема ретінде ERG құрамына кіретін «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің» жағдайын мысалға келтіруге болады. Бүгінде бұл кәсіпорынның жағдайы ҚР ТМК-ның басқа компанияларымен салыстырғанда әлдеқайда қиын. Геосаяси жағдайға және салынған санкцияларға байланысты кәсіпорын бірнеше негізгі тұтынушыларынан айырылды. Проблемалар 2022 жылдан бастап әлі күнге дейін жалғасып келеді, бұл кезде қайталама санкциялар қаупіне байланысты компания өзінің негізгі көпжылдық серіктесі — ресейдегі Магнитогорск металлургиялық комбинатына өнім жеткізуден бас тартуға тура келді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы тасымалдау проблемаларына байланысты шикізатты жөнелту жағдайы тұрақсыз болды.
Өнімдердің бір бөлігі Қытайға жеткізілді. Сондай-ақ, ССТБӨБ қайта өңдеуге көшуді және қосылған құны жоғары және нарықтық бәсекеге қабілеттілігі бар дайын тауар өнімін алуды жоспарлап отыр. Металдандыру дәрежесі 93%-дан төмен емес ыстық брикеттелген темір өндіретін жаңа зауыт салу көзделіп отыр. Компания бұл өнімдермен жаңа нарыққа, соның ішінде еуропалық нарыққа шыға алады, бірақ үш жылға жуық уақыт ішінде жинақталған теріс көрсеткішті ескерсек, ол үшін әлі біраз уақыт қажет.
Сандармен көрсетейік. Qazindustry деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы қаңтар–қыркүйекте металлургия өнімдерінің экспорты 2023 жылдың дәл осындай кезеңіне қарағанда, 20,2%-ға артып, 11,8 млрд АҚШ долларын құрады. Алайда, егер түсті металлургия бойынша жеткізілім бірден 30,6%-ға, 8,6 млрд АҚШ долларына дейін артса, ал қара металлургия бойынша көрсеткіш 0,8%-ға, 3,2 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді.
Жалпы алғанда, 2023 жылғы қаңтар–желтоқсанда қара металлургия саласындағы өнім экспорты бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, бірден 21,4%-ға, 4,3 млрд АҚШ долларына дейін кеміді. Шын мәнінде, 2023 жылмен салыстырғанда, 2024 жылы өсім бар, бірақ 2021 жылғы сату деңгейі, яғни геосаяси күйреуге дейінгі сату деңгейіне қол жеткізілген жоқ.
Ағымдағы жылдың үш тоқсанында металлургиялық өнім экспортының құн құрылымында негізгі көлемді мыс (25,9%), ферроқорытпалар (14,5%), тегіс пішім (9,2%), мырыш (4,1%), күміс (3,6%) және алюминий (3,1%) құрады. Металлургия өнеркәсібінің экспорты мыс, алюминий, қорғасын, мырыш және глинозём экспортының құн көлемінің өсуі есебінен ұлғайтылды. Яғни, сектордағы көптеген кәсіпорындардың өндірістік және экспорттық көрсеткіштері оң, бірақ геосаяси күйзелістерден қатты зардап шеккен компаниялар, тіпті тұтас өндірістік желілер де бар.
ТМК алпауыттарының өндірушілер және экспорттаушылар ретінде экономика үшін, сондай-ақ елдегі ірі жұмыс берушілер ретінде әлеуметтік әл-ауқат үшін орасан зор салмағы, маңызы бар екенін ескерсек, мұндай компаниялардың тұрақтылығы Қазақстан үшін ауадай қажет.