Ақкөл балаларына нағыз жаңа жылдық ертегі сыйға тартылды

26389
Фотосурет: Gov

Әскери қызметшілер Ақкөл қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жылдық ертегімен қуантты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының, Қарулы күштер ардагерлері мен әскери қызметшілердің отбасы өкілдері Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы балалар үйіне барды. 

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мерекелік залда мультфильм кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған бағдарлама қойылды.     

Әскери қызметшілердің бастамасымен әлеуметтік мекеменің жүзден астам тәрбиеленушісі Аяз Ата, Ақшақар және басқа да сүйікті кейіпкерлерімен бірге қысқы ертегіні тамашалады. Балалар жасыл шыршаны айнала ән айтып, би биледі. 

Аяз Ата мен Ақшақардан тәтті сыйлықтар алған балалардың қуанышты жүздерін көрудің өзі бір бақыт. Басты ертегі кейіпкері немересімен бірге бүлдіршіндерге зор денсаулық, керемет көңіл-күй және жаңа жылда сәттілік тіледі.  Мерекелік көңіл-күйде тамаша өткен шара соңы жаңа жылдық ғажайыптан естелік ретінде бірлескен фотоға түсумен аяқталды.

Қарулы күштер үшін дәстүрге айналған осындай қайырымдылық акциялар қазір еліміздің бүкіл өңірінде өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Мұндай шаралар мемлекет пен қоғамның ерекше назарын қажет ететін балдырғандарға көмек пен қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -