Өтіп бара жатқан жылы сыртқы саяси ведомствосы Қазақстанның мүдделерін әлемдік аренада ілгерілету және қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқарды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар өткізілді, Қазақстанның жаһандық сын-қатерлерді шешудегі сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайта отырып, орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосылды.
Қазақстанға сапармен және халықаралық форумдар шеңберінде 41 мемлекет және үкімет басшылары, 4 жетекші халықаралық ұйым басшылары мен жоғары өкілдері, 7 парламент басшылары келді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 24 шетелдік сапары, оның ішінде мемлекеттік және ресми сапарлары, сондай-ақ оның халықаралық форумдарға қатысуы ұйымдастырылып өткізілді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей, Қытай, АҚШ, Аустрия, Италия, Люксембург, Хорватия, Швейцария, Мальта және т.б. негізгі елдер мен өңірлерді қамтыған 35 шетелдік сапар жасады, 205 кездесу өткізді (оның ішінде 48 іскер топтармен және 16 телефон арқылы сөйлесуі). Елімізге шет мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының және халықаралық ұйымдардың 30 басшысы келді.
Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне (ОАМБКК) және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХҚЕС) табысты төрағалық етуі еліміздің халықаралық ықпалын одан әрі нығайту үшін маңызды қадамдар болды.
Шет мемлекеттермен нормативтік-құқықтық базаны кеңейту жөніндегі жұмыстың маңызды нәтижесі 67 халықаралық шартқа қол қою болды.
Қазақ дипломатиясының басты басымдықтарының бірі шетелде ҚР азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала береді. 2024 жылы апаттар мен қақтығыстар аймақтарынан 300-ден астам азаматымыз жедел түрде эвакуацияланды.
Қазақстандық паспорттың мәртебесін арттыру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Биылғы жылы 15 келісімге қол қойылды, олар қазақстандық паспорттардың әртүрлі түрлерінің иелерін бірқатар елдердегі визалық талаптардан босатады. Бұл Қазақстанды әлем паспорттары рейтингінде көтеруге мүмкіндік берді және қазіргі уақытта біздің паспортымыз Жаһандық паспорттар индексінде 53-ші орында.
Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық және консулдық қатысудың географиясын кеңейту де маңызды бағыт. Қазіргі уақытта әлемнің 80 елінде 121 ҚР мекемесі жұмыс істейді.
Өткен жыл Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық үшін серпінді жыл болды. Бұл бағыттағы маңызды жетістік әртүрлі салалардағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болған бірқатар стратегиялық маңызды келісімдерге қол қою болды. Қырғызстанмен және Тәжікстанмен одақтастық қатынастар туралы шарттар жасалды. Өзбекстанмен алғаш рет Жоғары мемлекетаралық кеңестің 1-ші отырысы өткізіліп, Стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 10 жылдық бағдарламасына қол қойылды. Түрікменстанмен Достықты нығайту және 2025-2027 жылдарға арналған көпжоспарлы стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларация мен кешенді бағдарламаға қол қойылды.
Ресеймен сенімді саяси диалог жүргізілді. 2024 жылы жоғары деңгейдегі байланыстардың жоғары динамикасы, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің парламенттері, үкіметтері мен сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл байқалды, бұл екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын көрсетеді.
РФ Президенті В.Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары, сондай-ақ Өңіраралық ынтымақтастықтың XX форумын өткізу маңызды оқиға болды. Сапар нәтижесінде экономикалық және саяси мәселелердің кең ауқымын қамтитын 20-дан астам келісімге қол қойылды. Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасында сомасы 33 млрд долларды құрайтын 143 бірлескен жоба іске асырылуда, бұл екі ел арасындағы өзара инвестициялар мен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетеді.
Беларусьпен аса жоғары және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Алматыда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөздер өткізілді. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық қақтығыстарды шешудегі белсенді рөлін көрсете отырып, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға қосылған елеулі үлес болды.
Мемлекет басшысының Қытайға сапары, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қарымта мемлекеттік сапары Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды кезеңдеріне айналды. Барлық деңгейдегі қарқынды байланыстар 40 екіжақты келісімге қол қоюға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта екі ел арасында жалпы сомасы 38 млрд долларды құрайтын 145 бірлескен жоба іске асырылуда. Бұл жобалар энергетика, инфрақұрылым, сауда және инновацияны қоса алғанда, әртүрлі салаларды қамтиды.
Америка Құрама Штаттарының басшылығымен белсенді саяси диалог жалғасты. Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің Вашингтонға сапары маңызды кезең болды, оның барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкенмен келіссөздер жүргізілді. Өзара түсіністіктің жоғары деңгейінің арқасында жоғары дәрежеде Кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөніндегі комиссияның 6-шы отырысы өткізілді, сондай-ақ Алматыда «В5+1» бірінші бизнес-форумы өтті. Сонымен қатар елімізде Орталық Азия мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестиция бойынша негіздемелік келісімінің (TIFA) 15-ші кеңесі өтті.
Президентіміздің Еуропаның жетекші елдерінің басшыларымен және Еуропалық одақтың жоғары лауазымды тұлғаларымен тұрақты байланыстары екіжақты ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етті. Мемлекет басшысының Мажарстан, Италия, Франция және Сербияға сапарлары ұйымдастырылды, сондай-ақ Астанада Германия және Нидерланд басшыларымен кездесулер өткізілді.
Парижге мемлекеттік сапар барысында сомасы 2,2 млрд долларды құрайтын 36 келісімшартқа қол қойылды. Парижде және Риядта Президент Э.Макронмен келіссөздер Астана мен Париж арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге ықпал етті.
Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жалпы, Еуропа елдерімен 10 млрд доллардан астам сомаға іскерлік келісімдер жасалды.
Жаһандық Оңтүстік мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамыту айтарлықтай ілгеріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур мен Моңғолияға сапарлары ұйымдастырылып, Гвинея-Биссау, Иран, Корея Республикасы, Конго, Малайзия және Пәкістан басшыларымен келіссөздер жүргізілді.
Қазақстан Республикасының Таяу және Орта Шығыстағы мүдделерін ілгерілетуге Қазақстан Президентінің Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт және БАӘ елдеріне сапарлары және осы мемлекеттердің көшбасшыларымен, сондай-ақ өңірдің ірі бизнес өкілдерімен келіссөздері ықпал етті. Қатарға мемлекеттік сапардың қорытындысы бойынша 20 млрд доллардан астам сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Дохамен үкіметаралық ынтымақтастық ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі дәстүрлі түрде экономикалық дипломатияға және шетелдік инвестицияларды тартуға, сондай-ақ шетелдік нарықтарда отандық өнімді ілгерілетуге және жаңа серіктестермен сенімді іскерлік байланыстар орнатуға ерекше назар аударады.
Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы, сондай-ақ «Kazakhstan Global Investment Roundtable» дөңгелек үстелі өткізілді, оның аясында 7 млрд доллар сомасына 31 келісімшартқа қол қойылды.
БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының бағалауы бойынша 2024 жылы Қазақстан 15,7 млрд доллар көлемінде инвестиция тартты (өсім 88% құрады). Еліміздің үлесіне Солтүстік және Орталық Азиядағы барлық тартылған инвестициялардың 63% жатады. Инвесторлар үшін 2024 жылы «Moody's» агенттігінің ҚР кредиттік рейтингін «Ваа1» («тұрақты») деңгейіне көтеруі маңызды болды.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы – азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, барлық географиялық бағыттар бойынша достық, серіктестік және өзара тиімді қатынастарды сақтауға және нығайтуға бағытталған Қазақстан дипломатиясының қызметкерлері атқаратын үлкен және қажырлы жұмыстың бір ғана бөлігі.
Жыл қорытындысын шығара отырып, Қазақстан бұдан былай да БҰҰ Жарғысының, халықаралық құқықтың, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократияның қағидаттарын үнемі қолдайтынын атап өткен жөн.